ОРАЙЛЫ ОЙҒА ҮН ҚОСУ
«Жаңақорған тынысы» газетінің 9-қаңтар №3 нөмірінде «Ұлттық сана билігі» атты мақаланы оқыдым. Оқып
отырып азаматтардың «Құрметті азамат» мәртебесін алу үшін аудандық әкімдіктің есігін тоздырып, жанұшыра «жүгіріп» жүретіндігін таныдық. Осылайша, зерделі санаға тұщымды ой салған мақалаға (денсаулығымды ұмытып) ой қосуды ойладым.
Расында, мақала жазу оңай емес. Әсіресе, қоғамда ушығып тұрған мәселені жазуда біліктілік пен ептілік қажет. Осы ретте,
редактор науқаншылдықтан сақтандырып, атақ қуалау жарға жығатынын айтып, ұлттық сана биігінде пайымдай алмай рухани жаңғыру іске аспайтынын меңзеді. Әрі жастарға жақсы үлгі көрсетудің жолын көрсеткендей болды.
Ауданның үнжариясында 2012 жылдың 4-сәуірінде «Оқырман ой бөліссем деп едім», 2014 жылы 5-шілдесінде «Атамның аты ауылға, көкемнің аты көшеге, апамның аты ше» деген мақалам жарияланған еді.
«Бірінші, сонымен ауданымыздың қоғамдық дамуына едәуір еңбек сіңірген азаматтарға «Құрметті азамат» деген атақ беру керек пе, әлде жоқ па? Әлбетте беру керек. Бірақ, кімдерге, қалай, қашан беру керек? Алдымен осыны белгілеп алу жөніндегі ойыммен бөліскен едім.
Неден бастау керек? Менің ойымша ең алдымен «Құметті азамат» деген атақтың мәртебесін (ережесін) белгілеу, бекіту қажет сияқтанады. Бәлкім ереже бар да шығар. Онда кім, қашан және қалай құрметтеледі, қандай жеңілдіктермен пайдалану мүмкіндігі бары көрсетілген болар. Олай болса, атақ беру неге науқаншылдыққа ұласты?
Менің білуімше, бүгінде «құрметті атақпен» марапатталушының мәртебесі толық анықталмаған. Екіншіден, «Құрметті азамат» деген атақ мемлекеттік марапат емес. Ол өңірлік марапатқа жатады. Ендеше, аудан әкімдігі жанынан атаққа лайықты тұлғаларды іріктейтін тәуелсіз комиссия құрып, оған ұлттық сана биігінен қарайтын, қоғамда беделді азаматар енгізілсе. Әрі шешім қабылдарда комиссия мүшелерінің пікірлері мен ұсыныстары ескерілсе.
Ал, қазіргі тәжірибе қандай? Қазір ықпалдылар таныстарын тықпалайтыны жасырын емес. «Құрметті азамат болуым керек» деп өзін-өзі ұсынып жүргендер де аз емес. Халық оларды «құрметті» деп қабылдай ала ма? Мәселе осында...
Екіншіден, қазіргі кезде «Құрметті азамат» атанғандардың саны өсіп, бір-екі жылда жүзден асып жығылды. Сөзсіз, оншақты жылдан кейін «Құрметтілердің» саны еселеп артып, ұзыннан ұзақ тізімге айналуы мүмкін. Әрине, «атақтылар» көп болса, зияны жоқ. Бірақ, «той той болмады, бала-шаға жеп кеттінің» кері келіп, елге күлкі болмайық, ағайын!
Менің пайымдауымша, «құрметтілікке» лайықтыларды іріктеудің қазіргі формасы ақылға қонымсыз. Соның салдарынан кейбіреулер өзін-өзі ұсынып жең ұшынан жалғасып жатса, енді біреулердің қолдауымен тізімге еніп жатыр. Өз кезегінде, халық мұндайға сенімсіздікпен қарай бастады. Демек, «Құрметті азамат» мәртебесін алу өзекті мәселеге айналды...
Әбекеңнің түйесі көпірден өтіп кеткеннен кейін жазып отыр дерсіздер. Мүлде олай емес. Кезінде аудан әкімдігінің аппарат жетекшісіне арнайы телефон шалып, мені «Құрметті азаматқа» қоспауын өтінгенмін. Ол мақұлданған еді. Сөйте тұра, неге марапаттағанын сол кісіден сұрап білуге болады. Шын мәнінде, халық құрметтегісі келсе, куәлік пен белгіге қарамайды. Мен сондай шынайы құреттеуді қалаймын.
Менің «Оқырманмен ой бөліссем деп едім» мақалама байланысты Зинабдин Шермағамбетов, Ермахан Дүйсенбаев, Мұзарап Махмұтұлы, Жасұзақ Аманбаев, Жүніс Үпенов, Есдәулет Сейілов, Мавжуда Бегалиева және т.б өздерінің мақұлдаған ойларын газет бетінде жариялап, аудандық газеттің редакторы Алмас Бекжігітов (сол кездегі) қорытынды пікірін жазған еді. Бірақ, енді ойлап отырсам, ұсыныстарды аудандық әкімдіктегі атқамінерлер мен халық қалаулылары ескерусіз, ұмыт қалдырған екен. Әрине бұл бізді қынжылтады, бір-бірімізге сенімсіздік туғызады. Олай дейтінім, «Құрметті азаматы» деген мәртебені дұрыс ұйымдастырғанда төл газетке «Ұлттық сана биігі» деген мақала жазылмас еді-ау!
Бас редактор көшелерге атау беруде жаңақорғандықтардың өзімшілдігінен секемденіп, тек ата-бабаларының есімін есте қалдыруға ұмтылатынын қынжыла жазыпты. Әрі тарихи жер-су атауларының ұрпақтарды тәрбиелеуде, тарихи санасын оятудағы септігін ескертіпті. Мен осы ұсыныс алдағы уақытта еске алынып, көшелерге адам аттарын беруді уақытша тоқтатқаны дұрыс дер едім.
Әбдіхалық ӘЙТІЛЕУҰЛЫ,
зейнеткер.
Пікір 59