"ОВ-ТАН" ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ?
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы жайлы роман, повес, әңгімелер және шығармашылығына арналған зерттеулер жазылды. Деректі және көркем фильмдер түсіріліп, спектакльдер қойылды. Одан бөлек ел арасында шындыққа бергісіз аңыз көп. Сондай әңгіменің бірі – оны «Момышев» деп атап шақырғанда, «Момышев дегенді танымаймын. Мен Момышұлымын» деп жоғары атақ, орден-медаль, сый-сияпаттардан бас тартыпты.
Жазушы Александр Бек Мәскеуді қорғаған батырлардың ерлігі жайлы жазу үшін соғыс кезінде Бауыржан батырға айлап-жылдап еріп жүріп, «Волоколомское шоссе» кітабын жарыққа шығарады.
Автор кітапта батырмен қалай танысқанын баяндайды: «Ол аты-жөнін айтты. Жөнді есіте алмай, қайта сұрадым.
– Бауыржан Момышұлы – деді. Тілшінің әдеті бойынша дәптерді қолыма алып:
– Ғафу етіңіз, фамилияңыз қалай жазылады? – деп сұрадым.
– Менің фамилиям жоқ – деді ол. Мен бетіне таңдана қарап едім, ол:
– Атым Бауыржан. Әкем Момыш, мен соның ұлымын, баласымын, түсіндің бе? – дейді.
Оның үнінде астарлы бір зіл бардай сезілді. Кейін, әбден танысып, сыр алысқан кезде ғана, оның не себепті өзін фамилиясыз адам деп есептейтінін ұқтым», депті.
Жазушының соңғы екі сөйлемге екпін, леп беруінен батырдың өзінің ата-тегін «ов-пен» былғағысы келмей, өлшемді қалыпқа сыймай, құлдық санаға мойынсұнған айналасындағыларға зілді кейістікпен биіктен қараған өр мінезін дәл жазған.
Жазушы, сатирик Шона Смаханұлы орталық паркте Бауыржан Момышұлына кездейсоқ жолығып қалыпты:
– Ассалаумағалейкум, Бауке!
– Уағалейкум ассалам! О, қазақтың Ұлы адамы екенсің ғой. Кел бері!
Баукең «ҰЛЫ» деген сөзге салмақ сала айтыпты. Шона түсінбей сасқалақтап қалады. Баукең оған: – Иә, бүгін Қазақстанда екеуіміз ғана ҰЛЫ адамдармыз. Мен Момышұлы, сен Смаханұлы. Басқалардың бәрі «ов-тар» мен «ев-тер» – деген екен.
Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде қаһарманның жасаған бұл әрекетін өрлік, ірілік, ерлік, рухтылық десек, Тәуелсіздік туы желбіреген бейбіт те берекелі заманда «ҰЛЫ» атануға ниет танытпауды қалай түсіндіреміз?
Журналист Жолымбет Мәкіш фейсбуктағы парақшасында «Баяғыда Римде құлдарға таңба басқан. Бiздiң фамилиядағы «ов», «ова», «ев», «ева» деген тiркестер де тура сондай құлдық таңба...», депті.
Расында, жеке куәлігінде аты-жөні қате немесе «вич-і» мен «ов-ынан», арыла алмай жүрген қазақ аз емес. Жұман – Джуман, Ерік – Эрик, Нұрлан – Нурлан болып өзгеріп кеткен. Тіптен, бір ғана Мөлдірдің – Молдр, Молдир, Мулдир, Мольдр, Мулдр, Малдир деген нұсқада жазылғаны бар.
Осы орайда, ғалым Бекжан Досжанұлы: «Есімдердің құрлымында қазақ тілінде жоқ кірме дыбыстың орнына екіншісінің қолданылуы туралы қалыптасқан лингвистикалық ереже – Кеңестік идеология тұсында ойлап табылған қазақ есімдерін өзінің шығу тегінен адастырып, ұлтты жоюдың сырт көзге байқала бермейтін, өте нәзік саяси құралы», деп жазады.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай олқылықтың орнын толтыру үшін 1996 жылы «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу туралы» Жарлығына қол қойды.
Онда ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атының жазылуында қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда, тегі мен әкесінің атына түбірлік негізі сақталуға тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады, деп көрсетілген.
Бүгінде Жолтай Әлмашұлы, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұртөре Жүсіп, Берік Уәли, Айдос Сарым, Ержан Байтілес және т.б азаматтар үлгі көрсетіп, қазақы аты-жөнін, тегін алды. Мұндай елшіл азаматтар Жаңақорғанда да бар. Мәселен, Айдархан Бибасарұлы, Шайдарбек Әшімұлы, Бақытжан Айтбембет, Жеңіс Талас, Ерубай Қалдыбек деп тізбектеп кете беруге болады.
...Жуырда Бауыржан Момышұлын көрдім. Түсімде. Отты көзімен сұқтана қарап тұрды, қарап тұрды. Тіл қатпады. Оянған бойда ойды сан салаға жіберіп, абыржығаным рас. Бәлкім тегін орыстың жұрнағымен былғап жүрген мені не қылсын, деген тоқтамға келдім. Сосын өз-өзімді жеңіп, халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұғып, аудандық көші-қон полициясының аға инспекторы Ғани Төлешовке аты-жөнім мен тегімді қазақшалағым келетінімді айттым. Алдымен Қазпоштаның бөлімшесіне барып 453 теңге төлеп келіңіз, одан кейін тегіңізді қазақша жаздыруға өтініш жазасыз деп мән-жайды түсіндірді.
Арада 15 күн өткенде аға инспектор телефон шалды. Қуанышты үнмен жеке куәліктің келгенін сүйіншілеп: – Енді «Нурлат» емес «Нұрлат» болдыңыз. Байгенжеевтің «ев» жұрнағынан құтылдыңыз. Ең бастысы, «Айтжанович» емес «ҰЛЫ» болдыңыз, – деді. Бұл өз-өзімді, өзімнің азан шақырып қойған атымды тапқан күн болғандай әсер етті.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.