БІЛІІКТІ БАСШЫ САЛАҒА СЕРПІН БЕРЕДІ
Қазір кез келген салада тәжірибелі мамандарға, әсіресе жастарға деген сұраныс жоғары. Өндіріс орындары мен зауыт, фабрикаларға жаңа технологияны меңгерген мамандар қажет. Яғни, қандай сала болмасын бәсекеге қабылетті жастарға мүмкіндік көп. Ең бастысы ізденіс пен біліктілікті арттырып, табанды еңбек ете білу керек. 2009 жылы «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқыл зауытының іргетасы қаланған уақытта жас маман ретінде келген Сағыныш Алмасбекұлы осындай қажырлы қызметінің арқасында бүгінде өндіріс орнының директоры қызметінде. Білікті басшымен тілдесу үшін зауытқа арнайы бардық.
– Ең алғаш зауытта техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер қызметінен бастаған едім. Техника мен жұмыс күші аз, білікті мамандар да жетіспейтін уақыт болатын. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде зауыттың өрісі кеңейді, қызметкерлер саны 274-ке жетті. Олардың басым көбі жергілікті жерден, – деп сөзін бастады Сағыныш аға.
Ол 2006 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің химия-технологиялық факультетін бітіріп, қызмет жолын Атырау өңіріндегі «Тенгиз» мекемесінде бастаған. Кейіннен 2009 жылы жылдық қуаты 500 мың тонна, күніне 1500 тонна шикізат өндіретін күкірт қышқылы зауытына орналасады.
Тілдесу барысында белгілі болғаны мұндағы 274 қызметкердің 174-і жаңақорғандық. Өнім өндіру мен жұмыстың сапалы әрі нәтижелі болуы кәсіби кадрларға байланысты екені айтпасада түсінікті. Бұл бағытта инновациялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға мән берген «СКЗ-U» ЖШС жоспарлы өнімді межеден артығымен орындап жүргені мәлім. Мұндай жетістікте зауыттың мамандары шешуші рөл атқаратыны айқын. Сағыныш Алмасбекұлы жайлы әріптестерінің де пікірі оң.
– Сағыныш өз ісінің маманы. Он жылдан астам уақыт зауыттың алға жылжуына, өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді. Қай салада темірдей тәртіп пен сапалы жұмыс бар, сол өндірісте алға жылжу, даму жолы бар. Қызметте осындай талабы мен талпынысы бар директордың зауытты бұдан да биікке көтеретініне сеніммен қараймыз, – деді кадр бөлімінің бастығы Гүлнара Рүстемова.
Зауытқа сіңірген еңбегінің арқасында бірнеше рет құрметке бөленіп, марапат биігінен көрінген. Мәселен, 2016 жылы «Атом саласының үздік қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тақты. Сол секілді осы онжылдықта қаншама рет республикалық марапатқа ие болған.
– Адамда бала кезінде арман көп болады ғой. Менің таңдауым техника саласы болды. Мектеп бітіргесін жоғарғы оқу орнына түсіп, қазір өзім қалаған қызметтемін. Әрбір адам өзінің сүйікті ісіне шынайы көзбен, ықылас, зейінімен, махаббат қараса жұмысы өнімді болады. Қазір техникалық мамандардың жетіспейтіні жасырын емес. Жастар осы саланы тереңірек меңгеруі тиіс, – дейді Сағыныш Алмасбекұлы.
Расында, қазір техникалық мамандарға сұраныс артты. Ал зауытқа келген жас мамандарға Сағыныш ағамыз өз тәжірибесімен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуде. Одан бөлек зауыт есебінен мектеп түлектері арнайы мамандық бойынша білім алуда. Бұл өндіріс ошағының келешегі үшін жасалынып жатқан инвестиция деуге болады.
Қазір өндіріс орнына жоспарлы жылдық жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмысына италиялық «DesmetBallestraS.P.А.» компаниясы жетекшілік етеді. Компанияның білікті маманы Федрика Салгаро жылдық жөндеу жұмысына жоғары бағасын берді. Әрі зауыт келешегінің кемелденуіне сеніммен қарады.
Қорыта айтқанда, Шиелінің тумасы, бүгінде үш баланың әкесі, еңбек адамы Сағыныш Орынбасардың өндіріс орнының өркендеуіне атқарып жатқан жұмысына серіктестік сеніммен қарайды.
Әлібек ТЕМІРБЕК