№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАЗАЛЫҚШЫЛАР

ТАЗАЛЫҚШЫЛАР

   Индустриялық-инновациялық бағыт­­тың қарқынды дамуы аудан эконо­микасының өркендеуіне өзіндік септігін тигізуде. Әсіресе, әлеуметтік әлеуеттің артуына, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне өндіріс ошақтарының игілігі мол. Міне, сондай мекеменің бірі – «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқыл зауыты. Бүгінде зауыттың 60 пайыздан астам қызметкері жергілікті жердің тұрғындары. Өндіріс орнының өрлеуінде сол қызметкерлердің еселі еңбегі жатыр. Бүгін біз мекеме тазалығына мән беруді көздедік. Тазалық табалдырықтан басталады десек, онда мекеме тазалығы әрбір қызметкердің бейнесі.


Тазалық – саулық негізі. Саулық – байлық негізі. Әсілі, бабалардан қалған бұл ұлағатты сөз текке айтылмаған. Яғни, тазалық пен саулық ұғымы қай кезде де бір-бірімен біте қайнасып жатады. Қысқасы, тәннің саулығына айналаның таза болуы да маңызды. Ал, өндіріс ошағының таза болуы бұл қызметкерлер үшін аса маңызды. Осындайда, бізбен тығыз байланыста жұмыс жасайтын «СКЗ-U» ЖШС-ін үлгі етуге болады.
Қарапайым қызмет болғанымен, бұл жауапты жұмыс. Сондықтан, біз жиі баратын мекеменің тазалығы, еденінің айнадай болуы көзге бірден басылды.
– «СКЗ-U» ЖШС-нің тазалығына Әлия Мантаева мен Бану Ерубаева жауапты. Олардың жұмысына басшылық оң бағасын береді. Сондықтан, қағазбастылық қызметтен гөрі, қарапайым шаруа ісіне де көңіл бөліп, олардың мекеме үшін еткен еңбегін де бағалай білгеніміз жөн, – деді мекеме бас директорының әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Сәулебек Дүйсебеков.
Иә, біз білетін «СКЗ-U» ЖШС-нің мекемесі әрбір қызметкерінің еңбегін жоғары бағалайды.
– Мекемеде аудан тұрғындарынан бөлек, көршілес өңірлерден қызметкерлер жұмыс жасайды. Оның үстіне, тәжірибесі озық өндіріс ошағына қонақтар, аудан тұрғындары жиі жиналыстарға келіп тұрады. Осындайда мекеме тазалығы біздің мойнымызда. Сондықтан, әрқашан қызметімізге ұқыптылықпен қарауға тырысамыз, – деді Әлия Тайбекқызы.
Иә, «сырт көз сыншы» демекші, өндіріс орнына кірген әрбір қонақ тазалыққа бірінші мән береді.
Енді тазалықшылардың қызмет жолына тоқталсақ. Өндіріс ошағының іргетасы қаланған уақыттан бері жұмыс жасап келе жатқан қос қызметкердің бір күндік жұмысы тынымсыз тірлікті талап етеді. Таңғы сағат 8-ден кешке дейін еденнің мұнтаздай таза болуы олардың құзырында.
Шалқия кентінде тұратын Әлия Мантаева қос қыздың анасы. Екі қызы да медицина саласында. Қарапайым мінезді, кең пейілді жанның бар тілегі қыздарының дана келін, білікті маман болса дейді. Ал, Бану Айдарбекқызы Кейден ауылының тумасы. Ол да төрт қыз өсіріп, өрісін кеңейтіп отырған бақытты ана. Қыздарын қияға қондырып, немере сүйіп отырған ақ жаулықты ана да жұмысына өте ұқыпты. Еңбегі адал қызметкерлердің айтар алғысы да бар.
– Жалпы, мекеме басшылығына айтар алғысымыз зор. Осылай елеп-ескеріп, еңбегімізді бағалап жатқанына қуаныштымыз. Бізге бұл мекеме ыстық қашанда, іргесі қаланғаннан бері Әлия екеуміз осында еңбек етіп келеміз. Сондықтан, мекеме қызметкерлерінің ауызбіршілігі ажырамай, еңбек еселене берсін деген тілегіміз бар, – деді Бану Ерубаева.
Бір мысал болсын, институттың екінші курсында оқып жүрген студенттерге бір профессор жазбаша тест жазғызады. Озат студенттер барлық сұраққа жауап беріп, соңғы сауал «Институттағы біздің корпусты жуатын әйелдің аты кім?» деген сауалына тосырқап қалады. Олар апайдың еден жуып жүргенін бірнеше рет көргені болмаса оның есімін білмеді. Бір студент соңғы сұраққа жауап берудің баға қоюға әсері бола ма деп сұрады. «Әрине» деген профессор:
– Сендер қандай қызметке тұр­саңдар да, көп адаммен араласуға тиістісіңдер. Олардың арасында маңызды емесі болмайды. Әрбіріне назар салып, қамқорлық танытып, күнделікті амандасып отыру міндеттерің, – дейді. Иә, ұстаздың айтқаны шәкірттеріне өмірлік өнеге болып, кейіннен сол студенттердің барлығы кішіпейіл жандар болып есейді. Сондықтан, қандай қызмет болмасын оны жоғары бағалай білу адамзаттың асыл парызы.

P.S.: «Дені сау адам табиғаттың ең қымбат жемісі». Сондықтан, адам денсаулығын жақсарту – қоғам болып күресер игі іс. Ал, өз мекемесіне, оның тазалығына қалтқысыз қызмет ететін бүгінгі кейіпкерлеріміздің ісіне береке тілейміз.

Әли ТЕМІРБЕК.
04 мамыр 2019 ж. 1 185 0