№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СЫБАҒА МЕН САРҚЫТТЫҢ АРА ЖІГІ

СЫБАҒА МЕН САРҚЫТТЫҢ АРА ЖІГІ

Қазақта «сыбағасын берді», «тойдан сарқыт салып жіберіпті» деп айтып жатады. Ондайда сыбаға көбіне, біраздан бері біреуге есесін жіберіп жүрген жанның ақысын қайтарғаны турасында жағымсыз жағынан айтылады. Мұның аржағында сыбаға және сарқыт беру дәстүріне кеңінен тоқталалық. Себебі «Рухани жаңғырудың» мәнісі салт-дәстүрдегі жоралғылардың ара-жігін ажыратып, өмірде дұрыс қолдана білуге үндейді.

Сыйластықтың көрінісі болып табылатын сыбаға беру – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Әсіресе соғым кезінде сыбаға беру дәстүрі жиі орындалады. Соғым иесі ауыл-аймаққа, жақын-жұрағатына соғымнан тиесілі сыбаға береді. Сыбаға беру дәстүрі қазан асылып, тамақ берумен орындалады. Үйге келген елдің қарияларына, алыстан келген құдаларға, жасы мен жолы үлкен кісілерге бас, жамбас, жая сынды мүшелер тартылса, ал құдағиларға жамбас, күйеулерге төс салынады.
Ал асқа келе алмағандарға арнайы сыбағасын беріп жібереді. Әркім өзіне тиесілі сыбағасын алған соң алғысын білдіріп, қажетінше сый-сияпат көрсетеді. Бүгінгі заманда сыбаға беру дәстүрі өзгерген. Тіпті кей жерлерде ұмыт бола бастаған. Сыбаға беру көрегенділіктің белгісі. Өнеге боларлық іс. Энциклопедияны қарап шықсаңыз, сыбағаның бірнеше түрін тізіп, әрқайсысына анықтама берілген. Мәселен, сыбағаның болжаусыз түрі тосыннан келген, яғни бүгінгі тілмен айтқанда ескертусіз келген қонақтарға арналған. Ол кезде үй иесі еттің жақсы жерін қазанға салып асады. Сөйтіп қадірлі қонағы несібесіне қарай өз сыбағасын алады.
Ал арнайы дайындалған сыбағаны алыстан келетін құдаларға сақтайды. Қаладан ауылға аунап-қунап қайтуға барғандардың да өзіне тиесілі сыбағалары болады. Сонымен қатар күйеулерге, төркіндеп келген қыздарға, кішкентай бүлдіршіндерге де арнайы сыбаға үлестіріледі. Сыбаға беру дәстүрі сөз болғанда ойымызға ең алдымен ет оралатыны анық. Ал бүгінгі таңда сыбағаға еттен бөлек, құрт, май, жеміс-жидектер мен көкөністер, тәттілер мен бағалы заттар берілуде.
Кей жастар сыбаға мен сарқыттың ара жігін айыра алмағандықтан «біз сарқыт жейтін ешкімнен кем емеспіз» деп үлкен кісілердің қолдарын қайтарып жатады. Бұл шындығында тойдан қалған тамақтың қалдығы сарқытқа қатысты айтылса, құба-құп.
Сарқыт – ол да дәстүрлі қазақ қоға­мындағы ежелден келе жатқан салттың бірі. Бала кезімізде әжеміз асқа, тойға барғанда алдынан жүгіріп шығатынбыз. Той-томалаққа барған үлкен кісілер үйге сарқытсыз келмейді. Бұл «жұғысты болсын» деген жақсы ырымнан туған дәстүр. Алайда, ол кездегі ел қанағатшыл. Қамзолдың қалтасына салып бір-екі кәмпит, бірер тоқаш әкелетін.
Ал, қазір бәрі басқаша. Себебі, соңғы жылдары үлкен астар мен аста-төк той дастархандарынан палетилинді қалтаға нығыздап тамақтан салып жатқан қонақтар туралы түрлі бейнетаспалардан да жиі көрсетуде.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстанның бас санитарлық дəрігері Жандарбек Бекшин сарқыт салуға да салмақты қарауға шақырып, уланудың алдын алу туралы мəселе көтерген еді. Əсіресе, Ораза, Құрбан айт мерекесі кезінде дастарқанды тез бұзылатын тағамдардан сақтау қажеттігін де көтеріп, əсіресе қаймақ пен майонез қосылатын салаттардан шектеу туралы ескерту жасаған. Себебі соңғы жылдары қоғамдық асханалар ғана емес, ораза кезіндегі ауызашар дастархандарынан да улану оқиғалары кездесті.
Осыған орай Бас санитар Жандарбек Бекшин: «Қазақта дəстүрлі «сарқыт» деген бар, бұл сарқытқа ет те салынады, жеміс-жидек те салынады, салаттар да салынады. Біздің ұсынысымыз, сарқытқа кəмпит, печенье, жеміс-жидектер, шығыс тəттілері секілді тағы да басқа құрғақ əрі жеңіл тамақтар салынуы керек. Мұндай қарапайым қағидаларды сақтасақ қана біз денсаулықты сақтаймыз, мерекелік көңілді де бұзып алмаймыз», – дейді.
Шындығында, айтса айтқандай тез бұзылатын сүт, ет, балық, салат өнімдерін үйге әкелудің соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Өйткені, ол тойға дейін де алдын-ала сатып алынады. Ұзақ сақтауға келмейді.
Бүгінде той-томалақта, құдайыда қалта таратып, «сарқыт алып кетіңіздер» дейтіндер көбейді. Жалпы сарқыт пен сыбағаның айырмасы – сыбаға арнайы дайындалған сыйлық. Ол мейлі ет болсын, басқа да тағам болсын, оны әркімнің жолына, құрметіне, орнына қарай беріледі.
Ал сарқыт жайылған дастарқаннан берілетін тағамдар мен тәттілер. Кейбіреулер қазандағы тамақтан да үйіндегі жүкті немесе емізулі келіндеріне, асқа келе алмаған отағасына арнайы сарқыт алады. Ал кішкентай балалары мен немерелеріне тәттілерден сарқыт ретінде қалтасына салады.
– Қалай болғанда да, бұл екі сыбаға мен сарқыттың төркіні – той дастарханынан туысы «дәм татсын оған да жұғысты болсын» деген жақсы ниеттен туған дәстүрдің жалғасы. Сыбағаның да сарқыттың да атқаратын міндеті ол біреу – көптен бері көріспеген ағайынның арасын жақындастыру. Одан ілік іздеп, бірінен- бірін кем көріп, «сарқыт жіберіп қорлау» деп ұғатындар өмірде жолы болмағандардың, дәстүрді жете түсінбегендердің шығарып жүргендері болса керек. Қайта, біз дәстүрдің ескісін жаңартып, жаңғыртып, заман талабына сай етіп, қолданысқа енгізуіміз керек,–дейді Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов.
Иә «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек, сыбаға мен сарқыттың ағайын арасын одан сайын жақындата түсетін қасиетін ұға отырып, той үстіндегі даңғаза шуды пайдаланып, тәтті –дәмдіні жанталаса пакетке тоғыту секілді жағымсыз әрекеттен аулақ болайық, ағайын. Ол ашкөздік – жақсы дәстүрдің өзін құбыжық қылып көрсететін жаман құбылыс.

Иса БЕРКІМБАЙ
10 шілде 2019 ж. 1 776 0