Алматы облысында 22 жастағы бойжеткен сиыр өсіріп, бизнеспен айналысып отыр
Алматы облысында 22 жастағы қыз мал өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Қос бірдей дипломы бар қыз неліктен ірі қара өсіруді қолға алғанын айтты.
Ақтоты Тұрсынәлі өмірлік бағытын күрт өзгертіп, атакәсіпке ден қойған. Ол қазір өркениетті елдерден жырақта мал бағып жүр. 70-тен асқан әкесін ақылшы қылған қыз агронесие корпорацисына дән риза, деп хабарлайды "Жаңақорған тынысы" газеті stan.kz сайтына сілтеме жасап.
"Бұған аграрлық несие корпорациясының көмегі болды. Ісімнің жүзеге асуына жәрдем етті. Соның ішінде "Сыбаға" бағдарламасы. Осы қожалықты өсіріп, өркендетуге мақсат қойдым", - дейді "Ақтоты" қожалығының иесі.
Ірі қараға ықыласы ауған сиыршы қыз қазақтың ақбас тұқымын Ресейдің Волгоград облысынан 21 күн жүріп әкелген. 80 аналықты Іле ауданына жеткізген.
Шетелден ірі қара әкелуді жолға қойған ауыл шаруашылық министрлігі 10 жылда 1 млн ірі қара әкелуді мақсат етеді. Сол үшін "Сыбаға" бағдарламасының талаптары да қарапайым. 4 пайызбен беріледі. 70 млн теңгеге дейін несие береді. Кепілдікке малдың өзін қоюға болады.