№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЖЫР ЖАТТА ДА, ТҰЛПАР МІН!

ЖЫР ЖАТТА ДА, ТҰЛПАР МІН!

  Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында тағылымы мол тарихты зерделеуге, төлтума мәдениетті қолдауға қатысты нақты шаралар іске асуда. Сондай бабадан қалған мол мұраны жастардың бойына сіңіруді көздейтін маңызды шара «Qazaq Epos» республикалық қоғамдық қорының бастамасымен қолға алынды. Аталған бірлестік «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын ұйымдастыру арқылы «Қобыланды батыр» жырын кейінгі буынның санасына сіңдірмек.


Байқауға кімдер қатысады? Ұстаздар мен оқушыларға қойылатын талаптар қандай? Осы және өзге де сауалдарға №163 орта мектеп ұстаздарымен кездескен Сыр өңірінің жауапты өкілі Дәурен Омаров жауап берді.
Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық,қайсарлық қасиеттерге баулу. Байқау республика бойынша 6-10 сынып оқушыларының арасында өтеді.
– Қатысушылар 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Жалпы, байқауға қатысқан әрбір бала жүлде алып қана қоймай, оның жан сарайы, ішкі рухани дүниесі қазақы құндылықтармен сусындайды. Міне, оқушылар байқауының негізгі мақсаты осында, – деді байқаудың облыстағы ұйымдастырушы Дәурен Сейтжанұлы ұстаздармен кездесуінде.
Расында, байқау арқылы қаншама оқушы ұлттық мұрамызға қанығады. Сусындайды, нәр алады. Бүгінде байқауға қатысуға республика бойынша 5621 мектептен 53 мыңға жуық оқушы, 23 мыңнан астам мұғалім тіркеліпті. Сондай-ақ, облыс бойынша 2800-ден аса қатысушы тіркелсе, оның ішінде Жаңақорған ауданы бойынша 42 мектептен байқауға қатысушылардың тізімі жасалып, мұғалімдер қазірден белсенділік танытып отыр.
Байқау аудандық, облыстық және республикалық кезеңдер бойынша өтеді. Оқушыларға арналған жүлде қоры да қомақты. Мәселен, аудандық кезеңде 1-ші орын үшін 150 000 теңге, 2-ші орын 100 000 және 3-ші орын алған оқушы 50 000 теңгеге ие болады. Ал, жеңімпаздың ұстазы білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталады.
Ал, облыстық кезеңде, 1-ші орын алған оқушы 1 000 000 теңге, 2-ші орын 600 000 теңге, 3-ші орын 300 000 теңгені ұтып алады. Ал, жеңімпаз оқушының ұстазына 2 000 000 теңге, 2-ші орынға 1 200 000 теңге, 3-ші орын алған қатысушының ұстазына 600 000 теңге қаржылай сыйлық табысталады.
– Жыр жаттау арқылы қазақы дәстүр, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бай мұраларды насихаттап келеміз. Әрине ұстаз үшін ұрпақ тәрбиесі қашан да маңызды. Елдің ертеңі, келешегі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Сондықтан осындай ұрпаққа ұлағат болатын байқауларға қолдауымызды аямаймыз. Қазірдің өзінен жыр жаттауға кіріскен оқушыларымыз байқауды қызығушылықпен қабылдап жатыр, – дейді аудандық білім бөлімінің инспекторы Мира Жандарбекова.
Байқаудың аудандық кезеңі жаңа оқу жылы басталғанда өтеді. Жеңімпаздармен қоса қатысушылар да ынталандыру сыйлықтарына ие болады. Ал, жобаның облыстық кезеңін жергілікті телеарнадан тікелей эфир арқылы көрсету жоспарлануда екен. Мұндай қолдаудан мотивация алған оқушылар енді жазғы демалысын ұлттық құндылықпен сусындатып өткізері анық.

Ерлан РАЙЫМБЕК.
25 маусым 2019 ж. 942 0