Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АҚСАҚАЛДАР – ТҰҒЫРЫМ

АҚСАҚАЛДАР – ТҰҒЫРЫМ

   Ертеректе көрші ауылдың адамы келіп, жоғалған малының ізі осында келгенін айтып, ел ағасына шағымданады. Сұрастыра келе малын даулап келгеннің уәжі орынды екені анықталады. Ақсақал ұрыға сәлемдеме жолдап:
– Мына кісінің жылқысын қайтарып берсін. Егер олай етпесе, мен бұдан былай оның берген сәлемін әлік алмаймын», – депті.
 
    Сонда әлгі ұры: – ойбай, жылқысы құрысын. Қария сәлемімді алмайтын болса, қалай жер басып жүремін, жұрттың бетіне қалай қараймын? – деп барымталаған малын түгел қайтарыпты.
Ұлттың арғы-бергі тарихында мұндай мысал көп. «Қартың болса, жазып қойған хатпен тең», «Қарты бар үйдің құты бар» деген тәмсілдерден қартты қазынаға теңегенін танисыз, ақсақалын сыйлай білгенін білесіз.
Расында, Ұлы Дала елінде ақсақалдар инсти­тутының орны биік болған. Олар елдік мүдде жолында хандар мен сұлтандарға датын айтып, ұтқыр да ұрымтал шешім шығарған. Одан бөлек, рулық қарым-қатынастар мен дау-дамайды, жесір дауы, барымта, құн даулау, ас беру, торқалы той өткізу, ат жарысы мен балуан күресі секілді спорттық ойындарды және рухани-мәдени, тұрмыстық қарым-қатынастарды жосыққа сай атқарған. Тіпті ауылдың тентегі мен телісіне тоқтау айтып, жөнге салып отырды. Сондықтан болар, ақсақалдар институты хан билігі мен билер кеңесінің құрамдас бөлшегі ретінде салтанат құрды.
Патшалық Ресей Қазақ хандығын отарлау кезеңдерінде ғасырлар бойы қалыптасқан елдің әкімшілік-құқықтық басқару формасын өзгертуге мән беріп, алдымен хандық билікті жойды. Сосын билер кеңесіне сұраныс азайды. Ең сорақысы, ел билеу ісінде ерекше маңызға ие ақсақалдар институтын күйретті. Бұл жөнінде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев, Абдуали Еренов және т.б зерттеушілер өз еңбектерінде ғылыми ой-тұжырым жасап, қоғамдық институтының маңызына тоқталды.
Енді ұлттың бірлігін бекемдеп, берекесін арттыратын ақсақалдар институтын қайта жаңғыртып, өлгенді тірілтіп, өшкенді қайта маздататын кез келді. Мұны «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында орынды көтерді.
– Ұлттық рухты ояту, жаңғырту үшін алдымен ата қоныс – ауылдың рухын көтеру керек. Елдікті, теңдікті, ұлтқа тән дәстүр-ғұрыпты айтатын, ой-сананы жаңғыртатын ақсақалдарымыз қайда? Бізге бүгінгі таңда ақылдастар кеңесі бола ма, жоқ ақсақалдар институты бола ма, жаңа қоғамдық құрылымдар жасақтағанымыз жөн. Көрші өзбек елінде ақсақалдар кеңесін құрып, әр ауылда кеңсе ашып беріп, машина әперіп, ақсақалдарға елге, елдегі телі мен тентегіңе ие бол деп тапсырма берілді. Бізге де әрбір ауылда аталы жолды көрсетіп, тентегін тезге салып, ер мен әйелдің қоғамдағы орнын айқындап, қандай да бір қарым-қатынастың бітімді кесімі, түйіннің шешімі айтылатын жүйе қалыптастырудың уақыты келді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бұдан әрі қарайғы жолы «Ақсақалдар институтын» және «Отбасы институтын» дамыту арқылы жалғасу керек деп есептейміз. Ақсақалдар, дәл сондай аналар институттарын қалыптастыру арқылы ауыл-аймақ, аудан, облыс көлемінде ақсақалдар кеңесін күшейту керек. Олардың мақсат-міндеттерін, жалпы тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Институт жұмысының бір бөлімі ретінде «Отбасындағы ер адам беделін арттыру, ер-азаматтардың рухын көтеру» деген мәселе қарастырылу керек, – деді серіктестіктің директоры Аманжол Оңғарұлы.
Кешегі сайлау ақсақалдар институтын қаншалықты әлсіретіп алғанымызды көрсетіп берді. Олай болмағанда, көшедегі қырмызы-қызыл жібектей қыздарымыздың қылықсыз әрекеті, әлеуметтік желілердегі бейәдеп қылықтар шығар ма еді? Бүгінде үйленіп, үй болудың жолын іздемей, сөз жарастыра алмай ажырасқандар көбейді. Егер ауылдарда аузы дуалы, сөзі жүйелі ақсақалдар сиремесе осындай жайлар болар ма еді?! Ендеше жаһандану үрдісі үдеген уақытта жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ата жолдан жаңылмай жүруде бағдаршам болатын ақсақалдар институтын тиімді пайдаланған ләзім.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ақсақалдар институтын қайта жаңғыртудың жолын шешкен абзал. Бұл жөнінде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің PhD докторанты Еркебұлан Әлімханұлы: «Ұзаққа созылған тыныштықтан кейін кім болса да, қай ел-жұрт болмасын жаңа «қызықтар» іздей бастайды. ...Халық мамыражай кезеңнің аяғында «интрига» іздей бастағанда, оларды тыныш ұстап тұру қиынның қиыны. Бұрындары іштей бөлінсе де, қырқыспайтын әлеуметтік жіктер, ендігі жерде, даулы мәселелерді шешерде бір-біріне қарсы келе бастайды. Аражік ұлғая түседі. Мұны шешуге бағытталған «кез-келген әрекет қарсы әрекет тудырады» (Ньютон заңы)», – дейді.
Демек ақсақалдар институтының беделін арттыру маңызды. Ал, қоғамға қандай ақсақалдар керек? Мәселе осында.
Әлеуметтанушылардың сөзінше, ақсақалдар институтына ХХ ғасырдың 80-90 жылдарынан селкеу түсе бастаған. Себебі өтпелі кезеңде жастар жаңа бағыт, жаңа арнаға ауды. Зиялылар буыны идеалға айналар кезеңде жастардың жаңа талабына жауап бере алмады, заман ағымына бейімделе алмады. Нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында жетілген буынға сөзі өтер, арасындағы тентегін тияр, дұрыс бағыт көрсетер, биліктің жөнсіз қадамдарын ауыздықтар ақсақалдардың келесі шоғыры байқалмады.
Осыған байланысты жеке бастың қамын күйттемей, жеке мүддені ойламай, «Мәңгілік Ел» болудың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақсақалдардың сөзі өтімді, ісі берекелі болады. Міне, осындай талап-мүддеге сай ақсақалдар ел бірлігін нығайту, отаншыл жас буынды тәрбиелеу ісінде маңызды рөл атқарады. Әрине ондай ақсақалдар арамызда барына сенеміз.
Бір сөзбен айтқанда, қазыналы қарияның аузында батасы, жүрегінде иманы болу керек-ті. Сонда ғана жастар оларды идеял тұтады, сөзіне тоқтайды. Артына ереді. Болмысына еліктейді. Тұлғасын құрметтейді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.

25 маусым 2019 ж. 1 320 0