Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Сенім – ұлы қуат Көзі

Сенім – ұлы қуат Көзі

Бұл өмірді ұстап тұрған ұлы күш бар. Ол-сенім. Сенімге иек артқанның үміті сетінемейді Өкініштісі сол, қазіргідей жаһандану деп аталатын аласапыран сынақта жауқазын үміттің жасыл желегі жапырылып, көңілдің көк дөненінің жал-құйрығы күзеліп, жапа жегіп жататын жағдайлар жиілеп кетті. Өйткені ата-бабамыздан айнымай келе жатқан асыл қағидаларымызды арсың-гүрсің аттап өтіп, адалдық деп аталар алтын қазыққа түкіріп қарамаса да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ ғұмыр кешіп жатқандардың жағасы жайлауда жүр. Өтірік пен өсектің, жағымпаздық пен жалғандықтың жолы болғыш. Өз бейнетіне сиынып, аппақ арына қылаудай кір түсірмеуге тырысып, ырыс-несібесін тірнектеп табуға талап қылып, тірлік кешіп жатқандарға бұл жайлар әрине түрпідей тиеді. Бірақ ешуақытта қызықтырған емес. Өйткені адалдық деп аталар шынайы тәрбиемен суарылған текті кеуденің түкпірінде обал, ұят, сауап деген ұғымдар қанша жусаң да өшірілместей орнығып қалады екен. Мұндай шынайы болмыстың иелерін жарықтық қазекемнің жалпақ тілмен “ұрығы таза” деп ұлықтайтыны бар. Көз алдаған көп қызыққа титтей де көңіл қойып, уақытты шығын, сананы сарп етпейтін, жүрген жолынан жаңылмай, бақыт жағалауына байыпты бет түзеген жандарды осы биігінен бір саты да төмен түсірмейтін ұлы күш бар. Ол- сенім деп аталады.

Бүгінде Шымкент қаласында тұрып жатқан әкемнің замандасы телефон соқты. Өзі мал маманы болғанымен ақынжанды кісі. Әдебиетті сүйеді. Жазушы Тынымбайдың жақыны әрі жан досы. Қызы Салтанат Тынымбай Нұрмағанбетовтың шығармаларын зерттеуші ғалым. Кезінде газетімізбен үзбей байланыс жасап осы аудандағы ең өзекті деген мәселелерді көтерумен жүретін. Мәселен, оның «Ұят деген немене?», «Керек кәсіп қайда бар?» «Дайындық қалай, шаруа?», «Абырой биігі-азаматтығынан» деген тақырыптармен қатар «Қоңсы», «Ұстаз тағылымы», «Қалпе», «Құмкенттің түлегі» сынды көркем әңгімеге бергісіз дүниелері оқырман көңілін тушынтып, көңілдердің тереңінен орын алғаны рас. Ал «Біз су қадірін білеміз бе?» атты мақаласында ол: «Қандөзден 80 шақырымдық құм ішіндегі құдық суы нағыз зәмзәм, кәусәр су. Мұндай су шөлді қандырып қана қоймайды, шекеден терді бұрқ еткізеді. Жанға ерекше ләззат беретін, суға ғана тән жұмсақ иісі меңіреу құмды даланың тіршілік бастауы. Бұл судың құрамында күкірт бар. Қышыма, қотыр, экзема сияқты тері ауруларына бірден-бір ем, – дейді ветеринария маманы, – Қызмет бабымен жүріп, соның суын ішіп, жуынып, қасиеттеріне көңіл аудармауым мүмкін емес еді. Емдік ерекшелігі жөнінен осы Көктөбе, Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе, Ақтас, Түгіскен, Өзгент, Қыркеңсе, Байкенже елді мекендеріндегі сонау 60-70 жылдарда қазылған артезиандардан шығып жатқан 60-35 градус аралығындағы тұщы, минеральды шипалы сулар біздің аймақтан шығып жатқан алтын мен ураннан да бағалы қазба байлық екенін түсінетін кез келді. Су ағып жатыр, уақыт өтіп жатыр. Судың басында отырып, игілігін жабайы тәсілмен көруіміз ойлантады. Осынша байлықты халық игілігіне асыруға мұрындық болатын жанашыр азаматтар табылса. Қазақ «Ханның қасында болғанша, судың басында бол» деп бекер айтпаған. Осы елді мекенде тұрып жатқан замандастарым көп. Шүкір, әлі тың, қуатты. Солардың мықты саулығына септігін тигізіп отырған осы су ғой деп ойлаймын. Болмаса менің құрдастарым өмірдің тұщысынан гөрі ащысын көбірек татты ғой» деп толғанады ойлы азамат.
Елді сағынып қалған аға жік-жапар болып ауылды, анамның жағдайын сұрап жатыр. Қадірменді ақсақалдың тілегі елдің үстінде «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жақсылық заманда өмір сүріп жатырмыз. Осының қадірін жас ұрпақ жете сезінсе екен дейді. Алып империяның құлауынан кейінгі қиын қыстау аумалы төкпелі кезеңнен халыққа атыс даусын естіртпей, бодандықтың қамытынан бейбіт жолмен құтқарып, қуатты дамуға қорған бола білген Елбасымыздың ерек жолын адалдықпен жалғар жасампаз тұлғаны дұрыс таңдау тақырыбында да толғамды пікірлерімен бөлісті. Жалпы, кешегі зұлматтың шет жағасын көрген ұрпаққа бүгінгі күннің қадірі бәрінен қымбат. Ол осы орайда ақын Маралтай Райымбектің:
«Қанша құштар болсаңдар да данққа,
Тас лақтырып, күл шашпаңдар алыпқа.
Ең данышпан, Ұлы патша, сол патша,
Оқтың даусын естіртпесе халыққа».
деген өлең жолдарын келтірді. Айтайын дегенім, – дейді ол, – «Әйелі дана ер бақытты, уәзірі дана патша бақытты» деген даналық сөз бар. Халық әкімдеріне, әкімі халқына жақын болсын. Үлкен мемлекеттердің іргесінің шайқалуына өтірік пен көзбояушылық, қосып жазушылық себеп болған. Осыған абай болайық. Еліміздің жарқын болашағын Елбасымен бірге жасайық.
Иә, біздің әкелеріміздің балалық, жастық шағы таршылыққа, жетіспеушілікке тұтылып, ерте есейді. Тіршілік шылбырына ерте жармасып, адам болатынның жолын іздеп, оқуға, білімге ұмтылды. Қазақ ауылынан аттанып Алматыда қатар оқыған осы екі кісінің де ұрпағына айтар аманаты егіз қозыдай ұқсас: «Жақсы оқыңдар. Біреуге емес, өзіңе, өз еңбегіңе сен. Жалқауланба. Жігерлі бол. Сонда сен алмайтын қамал жоқ» Біз осындай өсиетті құлағымызға құйып өстік. Соған бар ділімізбен сендік. Сол сенімнің күші бізді жан-жағымызға қаратпай, даңғыл жолмен дедектетіп келе жатыр.
Одан бері қоғам да, заман да, тіпті адамдар да өзгерді. Әкемнің замандасы болса сол баяғы, өзгермеген халпы. «Зейнеткердің негізгі уақыты газет, журнал, кітап оқып, теледидар көрумен, көңілі жақын замандаспен сұхбаттасып, пікір алысумен, кейде қолына еркісіз қалам алумен өтеді. Осының барлығына жағдай жасап, саулығымды қалт жібермей қадағалап, алақанына салып отырған жан-жарыма шексіз ризамын. Алғысымды сарқа жеткізу үшін кітап жазсам ба деймін. Оған денсаулық мұрша бере ме, бермей ме? Бірақ разылығым шексіз, – дейді аға ағынан жарыла. Менің көз алдыма Әзілхан Нұршайықовтың Ақлимасы елестеді. Бүтін жиырмасыншы ғасыр ұрпағы қолдан-қолға тигізбей оқыған «Махаббат қызық мол жылдар» осындай алғаусыз ықыластан туған өміршең туынды емес пе еді?
Менің әкем секілді бұл кісі де отбасына, бала-шағасына шексіз берілген кісі екен. Адамдықтың мөлдір бастауы-өз отыңның басында. Отбасын шексіз сүйетін, асылындай қадірлейтін аяулы жаннан туған-туысқа да адал, елге тұтқа, жүзі жарық тұлға қалыптасады. Ал өз отының басына опа бермеген, өмірлік серігінің сағын сындырып, қиянатқа әдейілеп қадам басудан қаймықпайтын қатігез жүректілер ел-жұртқа да қара болып жарытпас-ау. Ондайлардың қара бысының қамы үшін Отанын да сатып кетер қараулыққа барарына күмәнданбаса да болады. Сейтхан ағамен сөйлескендегі бүгінгі ашқан жаңалығым осы болды. Хадисте де: Түн ортасында оянып, бала шағасының үстін мейіріммен қымтап-жауып жүрген әкенің бүкіл күнәлары кешіріледі» делінген. Перзентіне пейілді әкеге осындай ұлық құрмет бар. Ал әкемнің жолдасы: «Айналайын-ай, даусыңды естіп қуанып қалдым ғой, – деп тұр маған мейірлене, – Денсаулығыңды күт. Ана балықтың уылдырығы бар ғой, міндетті түрде соны алдырып же. Иммунитетті көтереді» дейді. Ғажа-а-ап, даусы да дәл әкемдікіндей, тіпті «р»-ды айта алмайтыны да. Трубканы қойған соң жанарымнан мөлдір жас үзіліп түсті. Кім саған сөйтіп шын жанашырлық танытады? Қазірде біреу сенің жүзіңе күліп сөйлеп, мақтап тұрса да сенбейтін заман туды ғой. Жақсы сөз айтқанның бәрі жақсы ма? Бетіңе әдемі сөзін айтып, былай шыға бере бәлесін жаудыруға дайын тұратындар, ешкімнің ешнәрсесін тартып алмасаң да тіпті тірі жер басып жүргеніңді көп көретіндер қаншама.
«Кім болсын, қолыңнан келсе, жақсылық жаса, сонда өсесін, өнесің, көгересің» деп насихаттап өткен бабалар ұрпағымыз. Бұл үшін ең қажет қасиет не? Жалған дүниені жалпағынан басып жүрсек те ақиқатты тауып, адал өмір сүруге құқылымыз ба? Бұл үшін өзімізді де, ұрпағымызды да өтіріктен сақтандырудың маңызы үлкен. Жалған намысты жиып қойып, шындықтың бетіне тура қарап үйренуіміз керек. Өйткені қанша жерден өтірікпен өнерлеп, әдіс айламен әлеміштеп әдемі көрсетемін десең де өмірдің өз заңдылығы болады. Тағдырдың жазуынан асып кете алмайсын. «Не ексең, соны орасың» деген дана халқымыздың ескертпесі тағы бар.
Барша адамзаттың арман-қалауына таяныш болып, тобасынан жаңылдырмай, жарық сенімге жалғайтын жақсы амал бар. Ол-кешірімділік пен кішіпейілділік деп аталады. Осы екі қасиетті қатар ұстанған кім болсын келешегінде ойына да келмеген кереметке қауышып, досы түгіл дұшпаны мойындаған нығметке бөленетініне Құдірет тарапынан уәде етілген. Осы жерде мына тәмсілді келтірейік: «Бір көзі көрмейтін міскін Меккенін базарына келіп, жағы талмай Пайғамбарымыз Мұхамедті (с.а.у) жамандаудан танбайды екен: «Ей халқым, ол сиқыршы, өтірікші, оған сенбеңдер, соңынан ермеңдер» деумен болыпты. Көзі көрмейтін кемтар жанды аяп Пайғамбарымыз (с.а.у) күнде келіп оны тамақтандырады екен. Пайғамбарымыз өмірден өткен соң оған тамақ апару тоқтады. Әбубәкір (р.а) Айша анамыза келіп: «Пайғамбарымыздың (с.а.у) бүкіл ісін жалғастыруға тырысып келемін, мен білмейтін қандай да бір амалы бар ма еді?» – дегенде қызының «Ол таңертең базарға барып, бір кісіні тамақтандыратын» дегенін естіп, ас ауқатын алып әлгі соқырды іздеп табады.
– Сен кімсің? – дейді оған соқыр кісі,-Сенің тамақ бергенің маған келіп жүрген кісіге ұқсамайды. Ол барынша мейіріммен тамағын жұмсақтап отырып, майдалап, мәпелеп беруші еді. Сен ол емессің» дейді. «Ия, мен ол емеспін. Ол – өзің үздіксіз жамандайтын Мұхаммед Пайғамбарымыздың өзі болатын. Ол өмірден қайтты», – деп жауап береді Әбубәкір. Сонда ана кісі өкінішпен зар илеп жылап, өзінің білместігі үшін жан-жүрегімен езіліп Құдіреттен кешірім сұрайды: «Жаратқан Ие жалғыз, Мұхаммед оның елшісі» деп сол жерде тілін кәлимаға келтіріп иманға келіпті». Бұл тәмсілді талдап, тарқатып, бірнәрсе деп түсініктеме беру артық деп ойлаймын.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
04 маусым 2019 ж. 992 0