№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Кішкентай қыз баланың анасына жазған хаты

Кішкентай қыз баланың анасына жазған хаты

   Көктемнің шуақты күнінде кең көшеде серуендеп келе жатып, мына көрініске көңілім ауды. Кішкентай ғана қыз қалағанымды сатып алып бере қоймадың деп анасына доқ көрсетіп әлек. Анасы қанша жалынып-жалбарынса райынан қайтар түрі жоқ, тіпті долы ашуға мініп алған, тұрған орнынан жүрмей қасарысады. Қарап тұрып менің қаным қарайды. Санама ой түсті, «өзім де кезінде анама қарсы келіп, шаршатқан кездерім болды-ау. Неге өйттім екен?» деген өкінішке қалдым. Анамды сағынған көңілім құлазып, телефон шалмақ болып, қалта телефонымды іздедім. Экранын ашқанымды желі парақшаларынан бірінен келген хат көзіме түсті. Кішкентай қыз баланың анасына жазған хаты екен.


«Анашым... Мен ғой келген. Еш уайымдама сабақтан келе жатырмын. Үйде әкем уайымдап қалар ма екен? Өткенде Әли «Сабақтан сәл кешіксем, анам елегізіп күтеді» дегені есімде.
Өткен аптада мұғалім «Оң қолымда қалам, сол қолымда қаламсап» деп бізге оң мен солымызды ажыратуға үйретті. Оң мен солымды енді түсіндім, анашым. Сыздаған жерім қай жақ екенін де. Саған әр келгенімде, міне, мына жағым сыздап ауырады анашым» деп шағымданып кетуші ем, бірақ жеткізіп түсіндіре алмайтынмын. Сөйтсем сыздайтын, ауыратын міне сол жағым екен ғой, анашым. Күн сайын сыздап мазалайды. Айшаның шашын анасы өріп беріпті кеше. Анасымен қол ұстасып келіпті кеше. Үстіндегі жидесін де анасы тоқып беріпті. Бетінен сүйіп, «Сабағыңа бара ғой, қызым», – деді. Мен сол кезде ешкімнен жасырмай өксіп жыладым. Мұғалім жаныма келіп, басымнан сипап, не болды?" деп сұрағанда мен «жай, құлап аяғым ауырып қалды», – дедім. Аяғым ауырған жоқ, анашым, өтірік айттым, сыздаған сол жағым болатын, анашым, сол жағым «Менің де шашымды анам өрсе ғой, – дедім. Әкем өріп берді, әрине шашым. Айшаныкі әсем болып тұрған жоқ.
Әкеме «Жейде тоқып беріңізші» дедім. «Қызым-ау, ол менің қолымнан келмейді» деді. Ең болмаса мені мектепке дейін өзіңіз ертіп барыңызшы» деп едім, жұмыс бар ғой» деді. Содан мектепке дейін көңілсіз бардым. Үстіндегі ақ көйлегім де басқаларға ұқсап ақшағаладай емес. Әкем бір жуғанда дұрыс аша білмейді-ау. Бұл менің көңілімді басып тұрады. Қасымдағы сыныптастарыма мамалары қарны ашып қалмасын деп тоқаш, бәліш, тәтті нан беріп жібереді. Әкем таңғы асқа нанға май жағып береді. Ренжімесін деп үндемеймін. Айтқанмен ол маған пісіріп бере алмайды ғой. Күн қарайды, мен кетейін, енді анашым. Сабақтан шыққан басыңа бір келіп қайтпасам көңілім құлазып тұрады. Бірақ мұны әкем білмейді. Біліп қойса... Ұрыспайды ғой. Бірақ, көңілі босайтынын білем.
Әр келген сайын топырағыңды алақаным­мен жұмсартып, жұдырықтай қып ала келген орамалыма орап, төсегімнің жанында тұратын суретіңнің жанына қоям. Құтты сенің иісіңді сезгендей, өзіңді қолмен ұстап, көкірегіңе басымды қойғандай болам, анашым. Сені қатты сағындым...
Кетуім керек, ана. Топырағыңды сүйдім. Түсіме еніп, сен де мені қатты құшақтап, сүйші. Түсіме кірмесең, сол жағым сыздап, ауырып, жылап оянамын, ана. «Сені сағындым, ана»деп аяқталады бейтаныс бүлдіршін жан сыры.
Менің де сол жағым сыздап, көзімнен мөлдір жас үзіліп түсті. Оңашарақ шығып, тез-тез анамның нөмірін тердім. Оны қаншалықты жақсы көретінімді анықтап жеткізгім келді. Сіз де анаңыз қасыңызда жүрмесе қоңырау шалыңыз, хабарын біліңіз. Қайда болсаңыз да мұны ұмытпаңыз. Себебі қанша адамдардың анасы байланыс аясынан тыс жерде жүр.

Балғын ҚУАНЫШҚЫЗЫ.
29 мамыр 2019 ж. 1 763 0