» » » ҒАСЫР КУӘСІМЕН СҰХБАТ

ҒАСЫР КУӘСІМЕН СҰХБАТ


Тоқсанның төріне тұғырлы ту тіккен туған жердің бүгінгі келбетінде нешеме шынайы тағдырлардың тарам-тарам жолдары жатыр. Ғасыр жасаған ауданның өзімен құрдас көнекөз куәгерлер қатарында биыл жасы тоқсанның алтауына толып отырған Махметжан Сапарбаев сынды абыз ақсақалдың орны айрықша.
Жаңақорған орталығындағы қазіргі Мұсаханов көшесі бойында «Бұл үйде Ұлы Отан соғысы ардагері тұрады» деп арнайы тақта қойылған құжыраның қадасы бұдан алпыс жыл бұрын қағылған. Ал қабырғалары сол кезде Сұлутөбенің зауытында соғылатын қамыстан тоқылған плита материалымен қаланған екен, бүгінге дейін мызғымай тұр. Сол жөнінде кезінде диплом жұмысын «5»-ке қорғаған талапты түлек осыны іс жүзінде дәлелдеу үшін жүздей плитаны судың үстімен пороходпен жеткізіп, өзі бастап баспана тұрғызған ғой. Енді міне, тамырынан құнар алған табиғаттың қос төлі мұқалмас төзімділіктерімен бірін-бірі толықтырып, сырт көзге сыр бермей, тіп-тік сақталып, бүгінгі күнге есен-сау жетіп отыр.
Бұл – факт. Ғасыр куәсінің шаңырағына кеше, соңғы барғанда мен осындай ойға қалдым.

Қарияның кеудесі – жазулы тұрған хатпен тең
Тоқсанның алтауына келген қариядан бес-алты ауыз бата алып қалсақ ол да олжа. Жанына жайғасып, шежіре – сандықтан жылт еткенді қағып алмаққа дайын отырмыз. Сөйткен атамыз аудан тарихын алақандағыдай рет-ретімен айта бастағанда қасиет қонған жүздің бірі саналатын қайраткер тұлғаға құрметіміз одан әрі арта түсті.
– 1946 жылдары аудан халқы отыз мыңнан сәл асатын, 10 ауылдық совет, 23 колхоз бар еді, – деп сөз бастады ол, – Әскерге дейін аудандық финанс бөлімінде қызмет атқарған едім. Майданнан жарақаттанып оралған мені аудандық Госстрахқа қызметке барасың деді. Мекемеде жалғыз қыз бала жеті адамның жұмысын істеп отыр екен. Қолымның үш жерінен жарақат алғандықтан қызметін ауырсындым. Соғыстан кейінгі қалпына келтіру құрылыстарына жер-жерге жұмысшы жасақтап, мобилизациялау қызметі тапсырылды. Одан соң 1947 жылы аудандық сақтандыру кассасы меңгерушілігіне тағайындалдым. Облыс орталығында оқу орындары жоқ, педагогикалық училище ашылып, сонда біраз қыз-жігіт білім алдық. Одан әрі Қазақтың мемлекеттік университетінің экономика факультетінде білімімді шыңдадым. Училищеде менімен бірге оқыған жолдастарым, майдангер Тасан Әбенов, Омар Тойымбетов те жоғары оқу орнында білімін жалғады.
1957 жылы кентті су алды. Өзім дипломдық тақырыбымды қорғаған қамыс плитасының мыңға жуығын алдырып, жаңа там салуға бастама көтердім. Осы қатардағы Мұсахановтың, Әйтпенбетовтың, тағы біршама азаматтардың тұрғын жайы – сол заманның көзі.
1952 жылдан бастап ауданда Мемлекеттік банктың меңгерушісі болып 16 жыл қызмет атқардым. Дарияның аржағындағы 5 совхоз сол кезде енді ірге көтеріп жатқан. Бірақ жағдайлары өте ауыр. Ауыл арасына атпен қатынайды, жолсызда көлік жүру мүмкін емес. Қолда кент архитектурасына қаралған мемлекеттің қаржысы бар. Біз аудандық Кеңестің қаулысын алдық та сол қаржыны бес шаруашылыққа жол төсеп беруге бұрдық. Сөйтіп, Задарья, Политотдел, Қожакент, Түгіскен, Келінтөбе ауылдарына жол төсеуге ерте көктемнен кірісіп, егін жинау науқанынан дейін бітірдік. Алматыға шақырылып, ескерту алдым, бірақ Үкімет қаржысы Қаулының негізінде халық игілігіне жаратылғандықтан қаһардан аман қалдым. Республикалық банк төрағасы ондай жағдайда шешім дұрыс деп мені қолдады. Шырағым, туған жердің тағдыры үшін кейде осындай көзсіз тәуекелге барған тұстарымыз да болды. Ниетің адал, ойың таза болса ісің неге оңғарылмасын.
Ал сауда нүктелеріне облпотребсоюздың назарын бұруда көп тер төгіп, еңбектендік.
Ақсақал одан әрі аудандық тұтынушылар Одағын басқарған төрт жылында, поселкелік Кеңестің төрағасы болған он жылда (1972-1982 жылдар) ауданда қолға алынып, игілікті жүзеге асқан жұмыстарды әңгімелеп берді. Оның қатарында №51 мектеп құрылысы, қазіргі кент әкімшілігінің ғимараты, орталық стадион, екі қабатты әмбебап дүкен, наубайхана, орталық базар толық жағдайында іске қосылыпты.
Орталық стадион құрылысының да машақаты аз болмапты. Жабайы даланы тегістеп, бетон дуалмен төрт жағынан қоршауда аудандағы бес бірдей құрылыс мекемесі жұмылдырылыпты.
Бұл жұмыстарда білікті басшы ғана емес, облыстық кеңестің депутаты ретінде де көп ықпалды жұмыс атқарған Махметжан Сапарбаев қай ұжым, қай мекемені басқарса да саланың марапаттарынан кенде болмады.
Осындай еңбектері ескеріліп 1982 жылдары дербес дәрежелі зейнетке шыққан қария аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болып сайланады.
– Сол кезеңдері көзі тірі соғыс ардагерлерінің саны 92 болатын. Сексенінші жылдары Андроповтың арнайы қаулысы шығып, соғыс мүгедектеріне үкіметтік қамқорлықтың да енді қолға алына бастаған кезі. Ахметов Орынбай деген қаламгер замандасымыздың жеке бастамасымен жатпай-тұрмай еңбектеніп, Жаңақорғаннан майданға аттанған 4 мың 400-ге жуық азаматқа іздеу салынып, деректері жиналды. Мына тағзым алаңында жазылған жүздеген боздақтың рухын тірілтіп, есімін жаңғырту осындай еңбектің өтеуі, – дейді қария тебірене.
Есімізде, 1993 жылдары қария-өз денсаулығына байланысты өтініш беріп, төрағалықты арнайы жиында Зинабдин Шермағамбетов ағамызға табыстады. Аудан басшылығы бұл кісіні енді Құрметті төраға болуымен құттықтады.
Шынында да абыз ақсақал көптің құрметтісі болды. Кешеге дейін ел тағдырына етене араласып, тоқыған түйгенінен тағылым бөлісуден талмады.
Жары Әмида апа екеуі 6 ұл-қызды тәрбиеледі.
Елге болсын деумен өтетін ердің қолтығына екі қанат бітеді-ау. Бірі талса, бірі қуат береді. Соның шарапатына шомылып, шындықты қару еткен Махметжан атаның естелігінің кей тұсында өз-өзіне көңілі толып, күліп алатыны қызық. Тәңірім-ау, біреу бағалар, біреу бағаламас, өзіңнің өмір жолыңа өзің қанағаттана білу де ғажап екен ғой. Ең қиыны соған татитындай тірлік кеше білу. Осындай бақыттылықты бізге де нәсіп етсін деген ізгі тілекті арқаланып оралдық ата шаңырағынан.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
16 қазан 2018 ж. 3 113 2

Гость Jeahulalf от 24 ақпан 2019 03:40
Propecia Consumo 122 Order Meds Without A Script viagra Cialis 10 Precio Amoxicillin 500 And Yeast Infection Cialis Comprar Paypal

Гость Jeahulalf от 13 наурыз 2019 05:32
Buy Finasteride In Singapore viagra Allpharmacy