ТАҒЗЫМ
Ұлы Отан соғысы майданында қан кешіп, ерліктің үлгісін көрсеткен соғыс ардагерлеріне аудандағы өндіріс орындары құрмет көрсетті. Олардың ішінде, «СКЗ-U» ЖШС ерекше атауға болады.
Қарияларды қадірлеп, олардың ерлік жолын дәріптеп, қал-жағдайын білмекке зауыттың бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мәдіхан Бекжановтың өзі жол бастады. Қауырт жұмыстан бір сәт уақыт тауып, зұлмат соғысты көзі көрген 6 қарияның батасын алмаққа асықты.
– Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, бірақ, ардагерлердің қанымен, жанымен келген Жеңістің маңызы одан сайын өсе түсетін болады, – деді зауыт басшысы қаһармандық ерлік жайлы тебірене сөйлеп, – Біздің әрбіріміздің жүрегімізде осындай тыныш та, еркін және қауіпсіз өмір сыйлаған ардагерлерге, тәуелсіз елімізге деген алғыс сезім үлкен. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауданда ардагерлерге қолдау және көмек көрсету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Міне, бүгін ауданда тұратын ардагерлерге зауыт атынан қаржылай сый-сияпат табыстаудамыз, – деді облыстық мәслихаттың депутаты, зауыт басшысы.
«СКЗ-U» ЖШС басшылығының құрметіне бөленген Ұлы Отан соғысының ардагері Найманбай Құрбанов: «Мен осындағы соғыс ардагерлері атынан керемет қамқорлық жасағанына алғыс сезімімді жеткізгім келеді. Біз қазір бақытты заманда өмір сүріп жатырмыз. Еліміздің экономикасы, әлеуеті қарыштап дамып, әрбір отбасында бақыт пен қуанышты өмірдің шұғыласы жайнай берсін!», – деген тілегін жеткізді.
Зауыт директорының орынбасары Сәулебек Дүйсебеков: «Ұлы Отан соғысы ардагерлерін аялау, ерлігін құрметтеу барша азаматтың парызы. Біздің зауыт әлеуметтік мәселелерде белсенділігін көрсетіп, халыққа шынайы қамқорлығын көрсетуді басты мақсат деп санайды. Қолдан келгенінше халықшыл бастамаларды қуаттаймыз», – деді.
Мақпал МАРҚАБАЙ.