№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Архив негізін қалаған қаржыгер

Архив негізін қалаған қаржыгер

Архив дегеніміз – тарихтың деректі ескерткіші. Ол өткен кезеңдегі өмір құбылыстарын, бастан кешкен тарихи жағдайларды, мәмілегерлік қарым-қатынастарды, саяси-қоғамдық және экономикалық өмірдің алуан түрлі оқиғаларын зерттеу үшін құжаттарды сақтайды.Уақыт өткен сайын мұндай маңызды құжаттардың құндылығы артып, кейінгі ұрпақтардың кәдесіне жарайтыны белгілі. Оның сансыз қойнауларына үңілер болсаң, талай беймәлім асыл қазыналарға жолығасың. Архив қызметкерлерінің мақсаты – осы сырлы әлемді жинақтап, сақтап қана қоймай, дерек көздерімен ғылыми қоғамды хабардар ету. Аудан архиві қазынасында ауданымыздың біртуар азаматтарының бірі емес бірегейі, дүниеден озса да, артына қалдырған рухани дүниесі тозбайтын, өмір жолынан келешек ұрпақ тағылым алатын Бекмахан Дүйсенбаевтың жеке тектік қоры сақтаулы.

Дүйсенбаев Бекмахан Абділләұлы аудан тарихында архив мекемесінің негізін қалаушы, ауданның қаржы сала­сын тұңғыш басқарушы ретінде сақталса, архивте тұңғыш жеке тектік қор иесі болып танылған «Ауданымыздың Құрметті азаматы». Ендігі жерде архив деректерінің негізіне жүгіне отырып жинақталған, парасат пайымы мол, көрген-білгені мен көңіліне түйгенін зерделеп, ақ-қараны көкірек көзімен айыра алатын, инемен құдық қазғандай бейнет пен тауқыметке толы сонау бір алыс күндерден бастау алып, бірте-бірте «Біздің Бекең» деген биікке жетіп, елі мен жұртының ардақтысы болып өмірден өткен – Бекмахан Дүйсенбаевтың өмір жолы жайлы архив құжаттары негізінде сыр шертеміз.
Бекмахан Дүйсенбаев 1924 жылы №27 Бөріойнақ разъезінде шаруа отбасында дүниеге келген. Бас-көз болатын асқар тауы әкеден 7 жасында жетім қалып, балдаурен балалық шағы ашаршылық жылдарға тұспа-тұс келген.Дегенмен, қаршадайынан «жерге ұрып алғандай» алғыр да зерек боп өскен Бекең замана зауалына мойымай, 12 жасынан егін егумен айналысып, 1943-1948 жылдары шойын жолда тыл еңбегіне араласа жүріп мектепті жеделдетіп бітіріп, 1949 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ССР-нің финанс министрлігінің финанс кредиттік техникумына оқуға түсіп, оқу орнын 1952 жылы үздік белгімен бітіріп шығады. Сол жылы елге келіп аудандық қаржы бөліміне бюджет бойынша аға инспектор болып жұмысқа орналасып,1956 жылы аудандық сақтық кассасының меңгерушісі қызметіне ауысады.Сол жылы сақтық кассасының қалдығы 470 мың сом болып касса жабылу қаупінде тұрады. Ер мінез Бекең банкінің атына мініп, қоржынның бір басына ұтыс таблицасын, бір басына аманат кітапшаларымен қоржынға салып, малшы-шопандарды аралап ұтқан заемдарының жартысын иесіне, жартысын аманат кітапшасына жаздырып, сақтық кассасының қалдығын 1млн 400 мың сомға жеткізіп, облыста алғы шепке шығарып жинақ кассасын жабылу қаупінен аман алып калған екен.
Сондай-ақ, білікті басшы жеркепедей болған жинақ-кассасының ғимаратын облыстан қаржы қарастырып, аудандар ішінде 1958 жылы тұңғыш типтік үлгідегі сақтық кассалық ғимарат соқтырып 1959 жылға дейін еңбек еткен.Шиелі мен Жаңақорған аудандары біріктірілген жылдары аудандық тұтынушылар одағының тізгінін ұстап, 1966 жылы Жаңақорған ауданы қайта ашылғанда ауданға финанс бөлімінің меңгерушісі болып бекітіліп, 1985жылы облыстық дәрежедегі зейнеткер болып демалысқа шығады.
Аудандық қаржы бөлімін басқарған жылдары сегіз рет Одақта І-ІІ орынды жеңіп жетістіктерді иеленген. Аудандық кеңестің депутаттығы мен атқару комитетінің мүшелігіне бірнеше рет сайланады. 1984 жылдан «Жаңақорған қонысының Құрметті азаматы».
Қазақ КССР Министрлер Кеңесінің 1985 жылғы қаулысымен, Қызылорда облыстық атқару комитетінің шешімі негізінде аудандарда архив ісі қолға алынып, Ұлттық архив құжаттарын жинау басталған. Бұл үлкен жауапты істің басына ауданның барлық тарихын білетін, елді танитын, елді мекендерді білетін, мекеме басшыларына сөзі өтетін, сыйлы азамат ретінде қаржы саласының майталманы, зейнеткер Бекмахан Дүйсенбаев таң­далды. Ұйымдастыру жұмыстарын біті­ріп, мекеменің келешегін ойлаған бас­шы, сыйымдылығы 35000 құжат қойылатын 4 қор сақтау қоймасы бар ғимарат таңдап алып, оны заңдылыққа сәйкес темір стеллаждармен жасақтайды. Ғимарат мәселесін шешіп болған соң, 1986 жылғы 15 наурыздағы ауданның мәслихатының сессия күн тәртібіне ауданға қарасты барлық мекемелердегі құжаттарды жинап толықтай архивке өткізу жайлы ұсынысын айтып, қаржы бөлу шаралары мен мекемелерде қалған құжаттарға жауапты мамандар белгілеу жайлы мәселені ортаға салған екен. Соның нәтижесінде, шаруашылық есептегі архив қызметкерлері уақтылы жалақымен, ғимараты тиісті керек жарақтармен дер кезінде қамтамасыз етіліп отырса, аудан тұрғындары керекті құжаттарымен мәліметтерін уақытында алып отырды. Сондай белсенділікпен жұмыс бастаған Бекең, облыстық архивтер және құжаттама басқармасының басшысымен терең әріптестік қарым-қатынасы нәтижесінде өз мекемесінің жұмысын жетік ұйымдастыра білді. Бекең басшылық жасаған (1986-1993жж) архивте 78 қор ашылып 17880 дана жеке құрам құжаттары қабылданған.
Оның үлкен жүрегі әрдайым халқына пайдалы іс тындыруға қалыптасқандықтан, зейнеткерлікке шықса да өзі іргетасын қалаған архив мекемесінде тағы он жылдан астам уақыт басшылық етті. Бекең басшы ретінде, қызметкерлерін адалдыққа, жауапкершілікке,үнемшіл болуға, тазалыққа да үйретті. Басшы болып белден басып, бұрмалаушылық жасап, үстемдік көрсету ол кісіде жоқ қасиет. Сол айтып отырған қаржы майталманы, архив саласының жанашыры Бекмахан Дүйсенбаевтың биыл 95 жылдығы облыс көлемінде аталып өтуге дайындық үстінде.
Құрметті Бекмахан ағай! Сіз «қалаған кірпіштің» аудан үшін маңызы өте зор. Сіз салған сара жолыңыз архив қызметкерлері үшін «құран хаттай». Сізді ұмытпаймыз,Сізбен мақтанамыз.

Зағипа Абжалелова,
аудандық архив филиалы басшысы.
24 сәуір 2019 ж. 755 0