№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Наурыз туралы хикая

Наурыз туралы хикая

Ерте заманда, қазақ елін әлсін-әлі жау шауып, ел бірде олай, бірде бұлай ауып, мал-жандары қырылып, ел басына ауыр күн туыпты. Сондай қайғылы да қасіретті жылдың бірінде, Наурыз деген қария өзіне қарасты елін бастап, жаудан қорғануға ыңғайлы, мал-жанға жайлы бір қорыс-қопалы аймақты қыстапты. Құдай оңдап, сол жылы азаматтары шабуыл жасаған жауды жеңіп, мал-жандары қыстан аман-есен шығып, ел-жұрты мәре-сәре болыпты.

Наурыз қария үлкен есепші, астроном екен. Ол күн мен түннің теңелген, жер бетінің бусанған дәл 22 наурыз күні ерте тұрып елін аралап:
– Бүгін - ұлы істің басталар күні. Күн мен түннің теңелген, бота боздап, қоз қойдайтын қасиетті күн. Жан-жануар, өсімдіктердің өсіп-өнетін, Жер-анадан қуат алып, ерекше күйге енетін күн. Сондықтан барлық үй той жасаңдар! Бұдан былайғы атаң таң, көрер жылдарымыз бүгінгідей қуаныш, мерекемен басталар болсын! Ұрпақтарымыздың көңілін қайғы-қасірет торламасын! - деп әмір беріпті. Сонда қарияға кемпірі:
– Ау, шал! Еліңе арықшылық уақытта той жаса дедің, қысылып әрең шыққан жұрт тойды несімен жасайды? - деген екен. Оған қарт күліп:
– Той қызығы байлық пен қарын тойдыруда емес, қайта көңіл көтеріп, рухани азық алуда. Көппен бірге көңілді отырып ішкен бір ұрттам қара су мен бір аяқ көженің нарқы есерлікпен өткізген 40 күндік саулық пен 40 жыл жиған байлықтан артық. Ал енді кемпір, отырмай сен де қабыңның түбін қақ, - депті. Қаптан бір кәрі жілік пен бірнеше кесек ет шығыпты. Оны көрген қария кемпірін мақтап:
– Жарайсың, кемпірім! Тұп-тура бір тойдың етін сақтапсың, дереу қазанға сал! Қазанның төрт құлағына төрт жапырақ май қой, оның біреуін пысқанда өзің же, біреуін үлкен балаңа, біреуін күйеу-балаңа, біреуін немереңе бер, кәрі жілікті қарияларға тарт. Қалған еттерді турап, көжеге салып жібер және көжеге арпа, бидай, тұз, құрт (айран-қатық) сияқты жеті түрлі дәм қосылған! Кәрі жілік - бабалар дәстүрін жалғасын; дән - өсіп-өркендеуіміздің белгісі болсын; су мен тұз - ұрпақтарымыздың дәм-тұздары жарасып, мәңгі тату-тәтті өтуіне дәнекер болсын; айран-қатық - айрандай ұйып, басымыздың өмірлік бір болып, ақкөңіл, адал ниетте болатындығымыздың куәсі болсын; ал, қазан құлағына қойып пісірген төрт жапырақ май - төрт түлігіміз сай, бай-бақытты тұрмыс кешуіміздің өмірлік бастамасы болсын. Бүгінгі осы той тамағынан дәм татқан үлкен-кіші, кәрі-жасқа түгел бір-бір жас қосылып, осы той әр жылы, дәл осы күні әрбір отбасында міндетті түрде өткізіліп отырсын! - деген екен. Сөйтіп, Наурыз қарттың елі қап түбінде қалған еттерін түгел қазанға салып, ұлан-асыр той жасап, жадап-жүдеген көңілдерін көтеріпті. Ел қарияға алғыстарын жаудырып, той қызығын әлденеше күнге жалғастырыпты.
Әне-міне дегенше жаз шығып, күз келіп, көзді ашып-жұмғанша қыс өтіп, тағы бір көктем келіпті. Ел-жұрт Наурыз қарияның ұйғарымы бойынша, көктем тойына ерекше әзірленіпті. Қария бұл ретте жан-жаққа ат шаптырып, тойға маңайындағы алыс-жақын елдің бәрін шақырыпты. Тойға шақырушының бірі Алаша ханға барып:
– Тақсыр, Сізді ауылымызда өтетін тойға шақырып келдім, - депті.
Хан одан:
– Ау, бұл қай уақытта жасалған той? Той деген жаз бен күзде жасалмаушы ма еді? Ол кімнің тойы? - деп таңдана сұрапты. Тойға шақырған жігіт не дерін білмей, сасқалақтап:
– Наурыз деген қарияның тойы, Наурыздың тойы, - деген екен.
Сол күні ауа райы аса жайлы болса керек. Хан шапанын жамылып далаға шыққан екен, төбесінен қиқулап қаздар ұшып өтіпті. Көзіне дала төсінде тебіндеп келе жатқан жасыл өркендер шоқтай басылыпты. Сонда хан көкірегін кере дем алып:
– Бұл бір өміршең, өлмес той болып, ғасырдан-ғасырға жалғасқалы тұр екен, - деп сүйіне тіл қатыпты. Сөйтіп, сол той: "Наурыз тойы", жеті дәмді біріктіріп жасаған көже "Наурыз көже", той өткен ай "Наурыз айы" аталып кетіпті.
19 наурыз 2019 ж. 1 369 0