№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҰСТАЗДЫҢ ЖОЛЫ – БІР ДАСТАН!

ҰСТАЗДЫҢ ЖОЛЫ – БІР ДАСТАН!

Жаңақорған ауданының білім саласын дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген, ұстаздардың ұстазы болған, Ел ағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Мақсұт Ибрагимов аға жайлы толғаныс-сыр.
Бағзы заманнан бері бүкіл әлем-адамзат мойындаған, әліге дейін оның қадір-қасиетін, жолын неше бір ғұламалар мен ойшылдар қоғамға, ұрпаққа үлгі етіп айтып келе жатқан аса құрметті мамандық ол – ұстаздық мамандық, ұстаздық еңбек екен ғой. Ұстаздың орны қашанда биікте, Мағжан ақын айтқандай «төрде» болуы керектігі бүгін де, болашақта да өзгермейтін қағида болып қалса керек. Өйткені ұстаз адам тәрбиелейді. (Ал қоғам – адаммен ғана қоғам).
Бұл жағдайда ұстаздың алдына әрбір сәбиді (адамды) дүниеге әкелетін, оның адам (азамат) болып өсуіне өлшеусіз еңбек жасап, «түн ұйқысын төрт бөліп, бесік таянатын, тербететін», перзенті үшін неге де болса баратын Ана ғана түсінетін шығар...
Иә, осы анадан кейінгі жолы биік ұстаз екенін айтып өткен ғұламалар, «ұстазыңа сәлем бермей өтпе», «ұстазыңның үйіне қарай қолыңды шошайтып, аяғыңды созба», «ұстазыңа да ата-анаңдай қарыздарсың» деп ғибрат айтып кеткен ғой.
Міне, менің бүгінгі әңгімемнің арқауы- осындай ауданымызға танымал ұстаз, білім беру саласына еңбегі сіңген қайраткер ағамыз, біразымыздың алғашқы еңбек жолымыздағы ұстазымыз, тек шәкірттері мен мұғалімдер қауымы ғана емес, бүкіл аудан халқы құрмет тұтатын, есімі үлкен әріппен жазылатын ұстаздардың ұстазы болған Ибрагимов Мақсұт ағамыз жайлы болатын.
Айтса айтқандай, Мақаң –Мақсұт аға өткен ғасырдың 60-жылдарында, ауданымыз Шиелі ауданынан бөлініп шыққан 1966 жылдан бастап 10 жылдан астам уақыт аудандық білім бөлімін, одан 17 жылдай аудандағы №17 кәсіптік-техникалық училищені басқарып, сол жерден зейнетке шыққан болатын. Бүгінде Мақаң ағамыз 85 жасқа аяқ басып отырған ауданымыздың абыройлы ақсақалы, білім беру саласының ардагері, ауданның «Құрметті азаматы», Сұлтан, Болат бастаған ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің ортасында өмірқосағы, ардақты ана Қадиша апаймен бірге бақытты ғұмыр кешіп, көп жылғы абыройлы да жемісті еңбегінің зейнетін көріп отырған асқар таудай әке.
Енді Мақсұт ағаның өзім білетін өмір, еңбек жолынан тарқатыңқырап айтсам. Мақаңды мен сонау студент кезімнен біледі екенмін. Өткен ғасырдың 60 жылдарында Қызылорданың пединститутында оқып жүргенімізде (сол 1962-63 жылдардың бірінде) спорттың бірнеше түрінен жазғы спартакиада өтіп, біздің ауданнан да біраз спортшылар келіп, орталық паркте (бірнеше алаңда) жарыс өтіп жатты. Біздер болса да өзіміздің Жаңақорғанға жанкүйерміз. Соның ішінде волейболдан тартыс күшті болып, біздің Мақаңдар, Әуелбек аға (Абылаев), Балтабай (Жанадилов) т.б команда жігіттері болып 2 қала, 8 аудан ішінде Ленинск (әскери қала), пединститут (Қызылорда) командаларынан кейін 3- орын алып, айды аспанға шығарғаны бар. Сондағы бойшаң Махаңның әрбір қайыстыра ұрған добына көрермендер (әсіресе жаңақорғандықтар) тәнті болып, қатты қуанғанымыз Мақаңды, командаластарын көргенде әрдайым еске түсетін. (ол жылдарда волейбол ең беделді, қызықты спорт түрі болатын).
Тағы да бір ерекшелеп еске алмағым, Мақаң волейболды сол 30 жасқа жақындағанға дейін ойнап жүрсе, аудандық оқу бөлімін басқаруға келгенде 32 жаста ғана екен. Нағыз қызмет істейтін шағы ғой дегенмен, сала үлкен сала. Оның үстіне ауылдар (кеңшарлар) Шиелідей емес, шашыраңқы, дарияның арғы беті, бергі беті (бір шеті- Қандөз, бір жағы -Талап, бір жағы-Сунақата). Жол да, байланыс та мәз емес. Мектептердің көбісі асармен (қам кесектен, ыңғайластырылып салынған (типтік жобамен салынған мектептер жоқ есебі). Сондай-ақ, дарияның арғы бетіндегі Түгіскен массиві енді игеріле бастап, совхоздар енді ашылып, ел жан-жақтан көшіп келіп, енді қоныстанып жатқан кез. Мектеп, бала бақшалар каркас үйлерге орналасқан, балалар сиыспайды, материалдық база да солай, нашар. Оңтүстіктен, Өзбекстаннан көшіп келген ағайындардың (ата-аналардың да, балаларының да) тіпті бірді жарым мұғалімдердің де, өмір сүруге, еңбекке, оқуға көзқарастары, ықыластары (менталитеттері) бөлекшелеу. Мектептерде мұғалім кадрлар да жетіспейтін.
Міне, осындай жағдайда Мақаң өзінің жастық жігерімен, жұмыс ұйымдастырудағы іскерлік қабілетімен, табанды мінезімен сол кездегі аудан басшыларымен (Ш.Бакиров, Ғ.Мұхамеджанов, Б.Ыбыраев, кейіндеу А.Жанпейісов, Ж.Сарыбаевтармен) тіл табысып жүріп сол күрделі де қиын жылдарда талай жұмыстардың күрмеуін шеше білді. Жоқтан (жетіспеушіліктен) бар жасап, мектеп басшыларын да іріктеп, бірте-бірте мұғалімдермен қамтамасыз етіп, саланы кейінгі молшылық заманға дейін сүйреді деуге болады. Сол жылдарда аудан орталығындағы үш қабатты М.Қаратаев атындағы №51 орта мектеп ғимараты, оның жанынан екі қабатты балабақша үйі салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ аудан орталығынан музыка, спорт мектептерінің салынып, ашылуы да үлкен жаңалық болды. Ал орталықтан кешкі мектеп, үлкен мектептер жанынан сырттан оқитын пунктердің ашылуы да сол кездердің талабы, әрі жұмысшы жастардың орта білім алып шығуына жасалған қамқорлық болып табылған еді.
Мақаң облыстық оқу бөлімімен (оның басшысы У.Төрәлиев ағасымен) де жақсы қарым-қатынаста (сыйластықта) болды. Уәкең Мақсұт ағамыздың интелегенттік мәдениеттілігін, табандылығын, жұмысқа деген жауапкершілігін, тазалығын жақсы көрді, сыйлады да.
Мақаң осылайша кезінде облыстық партия комитетінде лауазымды қызметтер атқарған, сондай-ақ облыстық оқу бөлімін көп жыл (20 жыл) басқарған, беделді де қайраткер тұлға сол Уәкеңнің (Төрәлиевтің) қолдауымен, жоғарыда аталған аудан басшыларының көмегімен қаржы көздерін таба отырып, аудандағы бірнеше бастауыш және сегіз жылдық мектептерді ірілендіруге де қол жеткізген еді.
Осындай кезеңдердің өзінде Мақсұт Ибрагимов басқарған аудандық оқу бөлімі, аудан мектептері, оның педагогикалық ұжымы қандай қиындықтар болса да жеңе отырып, оқушылардың білім сапасын арттыруда, міндетті оқу заңын іске асыруда, мектептерді жаңа оқу жылына әзірлеуде, жалпы барлық көрсеткіштер бойынша 1971 жылдың өзінде Республикада 1-орынға шығып, Ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алған болатын. Мұндай жетістікке (ауыспалы Қызыл Ту, қомақты сыйлығымен) аудан келесі жылы да 2-рет ие болып, бұл жеңіс аудан мектептері үшін, аудандық оқу бөлімі үшін ерлікпен пара-пар, ұмытылмайтын жеңіс болып еді. Сондай-ақ, Мақаң оқу бөлімін басқарып тұрған жылдарда (1966-1977жж) аудан әртүрлі көрсеткіштер бойынша облыста 4 рет жеңімпаз атанған екен.
Мұның бәрі – тарих, білім беру саласының өміржолы. Жалпы қай уақытта (жылдарда, кезеңдерде) болмасын, мектептерде де, аудандық оқу (білім) бөлімінде де, айтуға болмаса, толық демалыс бола бермейтін. Тіпті тоқсандар аралығында да, жазғы демалыста да неше түрлі олимпиадалар, фестивалдар бар, әйтеуір мектеп те аудандық оқу бөлімі де толық демала бермейді. (оған мектепті ағымдағы жөндеу, жаңа оқу жылына дайындауды қосыңыз). Ал аудандық штаб (аудандық оқу бөлімі)-қашанда еңбек, басшылық, бақылау сапында, яғни уақытпен санаспайтын мекеме. Оның қызметкерлері де (Мақаңнан бастап) сондай. Мақаңның кезінде бөлімде Р.Омаров, С.Скендиров, Ж.Үпенов, З.Қошқаров және Ә.Мәженов, Т.Біләлов секілді өте білімді де іскер, мектептер саласын бүге-шүгесіне дейін білетін инспекторлар, әдіскер мамандар қызмет істеді. Ол кісілер Мақаңның басшылығында аудан мектептеріне дұрыс бағыт беріп, дұрыс жұмыс талап етіп, мектептерге, мұғалімдерге қамқорлықтар жасап, методикалық көмектер беріп отыратын бапкерлер сияқты еді. (Ол кісілер кейін де мектептерде өзімізбен бірге директор, завуч болып, абыройлы қызметтер атқарды). Негізінде Мақаң кімнен де болса, жұмысты қатты талап ететін, әрі оларды мектеп басшыларын қандай жағдайда да қорғай да білетін. Жалпы сол жылдарда оқу бөлімінің отырған ғимараты жұпыны, қарапайым каркас үй болғанымен, біздерге айбарлы да беделді, бір жағы жанымызға жақын да жылы нағыз қасиетті білім, өнеге ордасы болып көрінетін. Ал ішінде отырған кісілер (басшылар, қызметкерлер) өзімізден жұмыс сұрайтын (талап ететін) білімдар (көп білетін)кісілер болып есептелсе, бір жағы жанашыр, қамқоршы әкелеріміздей болып кеткен жақсы жандар болғанын сол кезді білетін әріптестер кездесе қалса, сағынышпен еске алып жатасың. (өтіп жатқан уақыт-ай дейсің).
Мақаңның – Мақсұт ағамыздың тұсында аудан мектептерінде бірнеше мықты-мықты директорлар, завучтар (оқу ісін меңгерушілер) заман, кезең, сала ауыртпалықтарын қиындықтарын бірге көтере жүріп қызмет еткендері де еске түседі. Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім (2000 жылы облыстың «Ғасыр ұстазы» атанған). Ә.Әшірбеков ұстазымыз бастаған алды 20-30(40) жылдай мектеп директорлары болып қызмет атқарған С.Сапарбаев, М.Досжанов, Ә.Төкеев, Т.Айтжанов, Ә.Қансейітов, С.Абдуллаев, С.Құдияров, Ә.Болеков, А.Огурцова, Ж.Топышев, Т.Тастеміров, Ө.Жанпейісов, Қ.Баязитова, Қ.Әжібекова, Б.Жаманқұлов және де Ә.Сейднасимов, Ә.Шерниязов, Т.Тұртанов т.б мектеп директорлары мен Ә.Мұсабеков, О.Қашқынов, А.Өміров, М.Үсенов, Ә.Қарымбаев, Ш.Әлімсаев, Ж.Пазылов, И.Баязитов секілді көптеген завучтар (оқу ісін меңгерушілер), сондай-ақ озат (тәжірибесі таратылған) алдыңғы қатарлы мықты ұстаздардың ауданның білім беру саласының тарихында, мыңдаған шәкірттер жадында сақталып қалатынына күмәнім жоқ. (ұстаздар еңбегі шәкірттерімен мың жасайды).
Мен де біраз жыл ұстаз болып қызмет еттім ғой. Оның 30 жылында үш мектепте директор болсам, 6 жылында Мақсұт ағаның жолын қуып Анарбек Асанов аға мен Жұман інімнен кейін аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған екенмін.
Менің ендігі айтайын дегенім де Мақаңның маған жасаған қызметтік қамқорлығы жайлы еді. Мен сол 1965 жылы институт бітірген соң, ОблОНО-ның бұйрығымен аудан орталығындағы Ә.Әшірбеков ағамыз басқаратын №3 мектеп- интернатына мұғалім-тәрбиеші болып келдім де, екі айдан кейін әскер қатарына шақырылып кеттім. Бір жылда әскери қызметімді аяқтап елге келсем, аудан 1966 жылы 1.01-нен Шиеліден бөлініп, аудандық білім бөлімінің меңгерушілігіне Ибрагимов Мақсұт аға тағайындалған екен. Мақаң мені сыртымнан білетін де болуы мүмкін, өйткені ол кісі сол 1966 жылдың 1 қыркүйегіне қарсы мен қызмет етіп жатқан Ресейдің Богородск қаласындағы № 316 61- әскери бөлімге (менің қарт ата-анамның өтінішін ескеріп) «ауданда менің мамандығымдағы мұғалімдер жетіспей жатыр» деп мені ертерек босатуларын сұрап, арнайы хат жазған болатын (ол хат менде әліге дейін сақтаулы). Бірақ бәрібір мені жылдың аяғына қарай босатты (қайтарды).
Сөйтіп мен сол 1967 жылдың 1 ақпанынан Мақаң ағаның қолынан бұйрық алып, өзім оқып бітірген (ауылдағы №54 Октябрь орта мектебіне мұғалім болып орналасқан едім. Одан кейін де (1973ж) Мақаң менің алдымен №239 Кеңес орталау мектебіне, одан екі жылдан кейін (1975ж) сол «Талаптағы» №54 Октябрь орта мектебіне директор болуыма (ешқандай әңгімесіз, т.б мәселесіз) ұсыныс беріп, одан тиісті орындардан өтіп, Мақаңның бұйрығымен директор болып тағайындалғанмын. Менің ұзақ та, жемісті еңбек жолым осылай басталған-ды. Менің осы екі мектепте бақандай 19 жыл директор болып қызмет етіп, талай биіктерге көтеріліп, талай марапаттарға ие болуымның түп тамыры сол Мақаңдардың кезінде көрсеткен қолдауларында, жасаған қамқорлықтарында жатқандығын мен ұмыта қойған жоқпын. Сол кездегі бізге сенім білдірген басшылықты қай уақытта да ұятқа қалдыра қойған жоқпыз-ау деп ойлаймын.
Біз Мақаңмен қай кезде де сыйласып қызмет істедік. Ол кісі тазалықты, туралықты жақсы көрді. Жұмыстарына жауапкершілікпен, ұятымен қарайтын директорларды, жасы үлкен, аға буын мектеп директорларын да сыйлайтын. Дегенмен жұмысты бірінші орынға қоятын. Мақаң дастарханды отбасы болды. М.Досжанов, Т.Айтжанов, С.Абдуллаев бастаған ақсақалдармен бірге ол кісінің дастарханында талай болып, Қадиша апайдың қолынан талай шай ішкеніміз есімізге түседі.
Сол жылдардағы жас балалар Сұлтан, Болаттар бүгінде жігіт ағасы, Ел ағасы болып, елге қызмет жасап жүріп жатыр. Сұлтан көп жыл кент әкімінің орынбасары болып қызмет атқарып, бүгінде үлкен бір ауылдың әкімі. Ал Болат ініміз мектеп директоры, аудан әкімінің орынбасары болып лауазымды қызметтер атқарса, бүгінде әке жолын қуып, біраз жылдан бері ауданның білім бөлімін абыроймен басқарып келеді.
Білім, тәрбие беру, басшылық ісінде тәжірибесі мол басшы, үлкен педагог-ұстаз ретінде Мақаң 1977 жылы аудан орталығындағы №17 кәсіптік-техникалық училищеге директор болып ауысып, табаны күректей 17 жыл бойы осы қызметті абыроймен атқарды. Училище сол жылдарда облыстағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының қатарында аталатын. Сондай оқу орны ретінде облыстық, тіпті республикалық семинарлар да өткізіліп, тәжірибесі облысқа, республикаға таратылғаны есімізде. (Менің облыстық барлық аудандарындағы училище директорлары мен сала басшылары қатысқан бір семинарында болып, жұмыс жетістіктеріне куә болғаным да есімде).
Сондай жетістіктерінің нәтижесінде училище 4 рет Республикалық Комитеттің, 6 рет облыстық басқарманың Қызыл Туын жеңіп алса, есімі Құрмет тақтасына да жазылған болатын. Мақаң бұл училищеде де алдыңғы қатарлы ұстаздармен, шеберлермен сонша жыл бірге қызмет жасағанын, кезінде ол кісілердің біразының жоғары педагогикалық марапаттар алуына да қамқорлықтар жасағанын, сондай-ақ училищенің өзінің өмірінде де ерекше орын алатынын әрдайым да айтып еске алып отырады.
Мақаң – бүгінде де училищенің Құрметті ардагері, еңбегі ұмытылмайтын ардагер ұстаздардың қатарында, мерекелер сайын училищенің құрметті де қадірлі қонағы.
Сонымен, туған еліне жарты ғасырдай уақыт бір адамдай қызмет жасап, аудан жастарына білім, тәрбие, мамандық беру ісін жоғарыда айтылғандай дәрежеде атқарған (өлшеусіз еңбек сіңірген) үлкен жүректі ұстаз, ұстаздардың ұстазы, білім беру саласының қайраткері, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Мақсұт Ибрагимов ағамыздың кезінде өзінің алған марапаттарынан айтар болсақ, негізінен білім беру жүйесінен, комсомол, партия, совет ұйымдары саласынан болып келеді екен. Атап айтқанда, КСРО және Қазақ ССР-ы Оқу (Білім) министрлігінің және облыстық Оқу бөлімінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақ ССР-ы халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы (белгісімен), БЛКЖО Орталық комитетінің, облыстық Атқару комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, мұғалімдердің Республикалық 2 сьезіне делегат болып және аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетіне 10-15 жыл мүше болып, аудандық Кеңесте сонша жыл депутат болып сайланыпты.
Иә, бәріне де қанағат қой! Дегенмен, еліне соншама жыл, осыншама дәрежеде қызмет еткен Мақаң сияқты тұлғалы азаматқа кезінде мемлекеттік наградалардың бірі бұйырып жатқанда ғой әбден жарасар еді-ау деп ойлайсың.
«Өмір жолы – бұрталаң да бұралаң,
Одан өткен тірлігінде әр адам.
Әділдігің түсіп жатса саудаға,
Ала алмайсың үлесіңді қалаған» – депті ғой бір шайыр.
Оның үстіне, кешегі кеңестік дәуірде өкімет еңбек адамы болмаса, интелегенция өкілдеріне мемлекеттік наградалар беруге өте сараң болғанын бәріміз де біліп өстік қой. «Бір кем дүние» деген осы, ағайын.
Құрметті де қадірлі Мақа-Мақсұт аға!
Алда келе жатқан 85 жасыңыз құтты болсын. Алла Сізге мықты денсаулық беріп, отбасыңызда амандық болсын! Еліңіздің, перзенттеріңіздің, немере- шөберелеріңіздің ортасында Қадиша апаймен бірге бақытты да баянды ғұмыр кешіп, жасай беріңіздер! Қашанда Алланың көзі оң болсын!

Зинабдин Шермұхаммедұлы,
білім беру саласының ардагері,
ауданның «Құрметті азаматы».

23 ақпан 2019 ж. 1 248 0