№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАҚТАШЫНЫҢ БИІГІ

БАҚТАШЫНЫҢ БИІГІ


«Тұлпарды тұрысынан, шын жүйрікті шабысынан таны». «Жылқыда жеті жасар баланың ақылы бар». Осы іспетті тәмсілден қазақтың ежелден-ақ жылқы малының қасиетіне ерекше мән бергенін аңғарамыз. Осы тектіліктің ізін жалғап, ат баптап өсіріп, бақташылықты кәсіп еткен жандар қоғамның назарынан тыс қалған емес. Облыстық малшылар IV слетінде «Үздік бақташы – 2018» номинациясына лайық деп саналған Бауыржан Әбдіқожаев қарапайым еңбегінің еленгеніне дән риза.
Бақташы Бауыржан – отыз жыл төрт түлік түлеткен шопан әкенің перзенті. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей әкесінің кәсібіне ерте жастан араласып, малшаруашылығының қыр-сырын ұққан. Ат жалын тартып мінген жастың талабын қолдаған әкесі Әбдіқожаев Өмірзақ жылқыны мен ептеп қамшы ұстауға баулыған. Он перзентінің ішінде зейінділігі мен тілалғыштығымен Бауыржан әкенің сенімді серігіне айналған. Осылайша жылқыға деген қызығушылығы бала кезден бастау алған.
Болашағын малшаруашылығымен байланыстырған жас Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің фермерлік курсында білім алады. Үздік бітірген жас туған жерінде енді ғана ашылып жатқан «Нұрбол-И» шаруақожалығына бақташылық жұмысқа қабылданады. Сөйтіп, 2012 жылдан бері Изатулла Үсеновтің шаруақожалығының ісін дөңгелетіп, тиянақтылығымен көзге іліге бастайды. Бүгінде осы шаруашылықтағы сиыршы мен жылқышыларға бағыт-бағдар береп, нұсқаушылық жасайтын дәрежеге жеткен. Бұл жөнінде төраға Изатулла Ергешұлы сөз қозғады:
– Ол он жылдан аса уақыт шаруақожалықта еңбек етіп келеді. Қажыған не жалыққан кезі болмады. Себебі, жылқы малының қасиетін жоғары бағалайды. Бауыржанға жүктеген жұмыс аяқсыз қалған емес. Сондықтан бар шаруаны сеніммен тапсырып, кеңесетін жайларды ақылдасып тұрамын, – деді.
Бақташының жайлылығынан болар бұл қожалықтың тіршілігі тұралаған емес. Қайта уақыт өткен сайын ауқымы кеңейіп, кәсіп көкжиегі ұлғая түскен. Шағын шаруашылық бүгінде төрт түлікті түгендеуге қауқарлы. Ірі қара малын өсірудің ісін қолға алған шаруақожалықта 250 жылқы, 300 сиыр бар. Оның тәулік бойы күтімі, жайылымы, жем-суы, тағысын тағы жұмыстарды Бауыржан Әбдіқожаев қадағалайды. Шаруаның шашауын шығармай, әр аналықтан төл алу бақташының біліктілігін көрсетеді. Соңғы жылдарда 120 аналықтан 100 құлын өсіріп, мал басы санының артуы байқалған.
Бақташының бауырмашылық қасиеті де мақтауға тұрарлық. Он ағайынның арасында қадірін қашырмай, құрметке бөленген қарапайымдылығы сөз етуге тұрарлық. Қайсысының басындағы ауыртпалығын болмасын бір көтеріп, қуанышын бөлісе білетін жанның ауылдастарына қадірі артқан. Өз шаңырағында 4 перзент тәрбиелеп, отбасының тірегі болған азамат. Ұлы Бекарыс та атакәсіппен шұғылдана бастаған. Буыны қатпаған бала тай-құлынмен тебісіп, мал сақтығын аңғарта бастаған. Бұл жөнінде анасы, бақташының жары Салтанат:
– Бекарыс өте зейінді бала. Сабағына да, қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. Көбіне әкесімен жылқы бағуға құмартып тұрады. Құлындарды түгендеп, әрқайсысына ат қойып жүреді, – дейді.
Қарапайым бақташының табанды еңбегін ескеріп, марапат мінберіне көтерген басшыларға ризашылығын жеткізген Бауыржан Өмірзақұлы: Қайсыбір қоғамның болмасын әміршісі – еңбек. Адал кәсіппен еңбек еткеннің жүзі жарық, алды ашық болады. Мен қарапайым бақташы болғанымды мақтан етемін, – дейді мерейі тасыған бақташы.

Мақпал Марқабай.
15 мамыр 2018 ж. 1 653 0