№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЖАПЫРАҚ – ЖҮРЕК ЖАУҺАРЫ

ЖАПЫРАҚ – ЖҮРЕК ЖАУҺАРЫ

   Қазақ халқы сөз өнерін қазынаға теңеп, ақындық қасиет қонған ардақтысын қашанда құрмет тұтқан. Сондықтан «Ақынның тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік.», «Өнер алды қызыл тіл», – деп әспеттеген...
Міне, бойына сөз өнері қонып, ғажайып бір қасиетке ие жандар арамызда жүр. Соның қатарында жас талап Зейнеп Амангелдіні айтуға болады...
   Жастайынан әдебиетке жаны құмар болып, қазақтың батырлар жыры мен ертегілерімен сусындап өскен Зейнептің уақыт өте таланты ашылып, жыр шумақтарын шимайлай бастайды. Оның бойындағы бұл қасиетін байқаған ұстазы талапты өспірімді өз тәрбиесіне алып, сөз өнерінің қасиетіне баулып, поэзияның суреткерлік, сыршылдық, мазмұндық қыр-сырына үйрете байтайды.
  – «Бұлақ көрсең – көзін аш» – демекші, ұстаз болғаннан кейін баланың бойындағы дарынды көре тұрып, оны ұштауға көмектеспеу мүмкін емес. Осы тұста, мектеп психологтарына дарынды балалармен жұмыс жасау міндеттелген. Менің дарынды оқушымның бірі – Зейнеп. Оның жыр шумақтарын жап-жақсы жазатынын байқап, қолдан келгенше көмек беруге тырыстым. Еңбегім зая кеткен жоқ. Шәкіртім үмітімді атап келеді, – дейді Ардақ Камакова.
  Мұқағали Мақатаев секілді күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарып жүрген Зейнептің алға қойған мақсаты айқын, арманы асқақ. Ол болашақта «Журналистика» факультетіне түсіп, елге қызмет ететін тілші болуды мұрат тұтады.
– Хат тани бастағаннан өлең оқуды ұнататынмын. Уақыт өте өзім де шимайлап, өлең шығарып көрдім. Өлең ойламаған жерден туындап, жүрегіңде сайрап тұрады. Сондай уақытта дереу қағаз бетіне түсіріп алуға тырысамын. Бүгінде 50-ден аса өлеңім бар. Ұстазым Ардақ апай алдағы уақытта өлеңдерімнің жинағын қітап қылып шығаруды жоспарлап отыр, – деді жас ақын.
Иә, өлеңді өміріне серік еткен Зейнеп Бақытқызы №167 орта мектептің 10-сынып оқушысы. 5-сыныптан бері өлең жазып жүрген жас ақынның туындылары бүгінге дейін бірнеше басылым беттерінде жарияланған. Ол бірнеше шығармашылық байқауда өзінің қабілет-қарымын көрсетіп, қатарластарынан оза шықты. Мәселен, Республикалық «Алаш сенген жастар-2» жас ақындар мүшайрасында жүлделі бірінші орынды иемденсе, Алматы қаласында өткен Республикалық «Мағжан оқулары» байқауында дара шықты. Сонымен қоса, Республикалық «Менің арманым» байқауында бірінші орынды, Халықаралық «Мұқағали – мәңгілік жыр» байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлады.
Өлеңін өміріне балаған жас ақынның тарихи танымы терең. Жас болса да елдікті,мемлекеттікті жырларына арқау етіп келеді. Біз мұны «Тарихқа тағзым» атты жыр жолдарынан аңғардық.
Көз салсам қилы заман өткеліне,
Тағдырдың төзіп талай өкпегіне.
Бабамның жүріп өткен ізі жатыр,
Тарихымның қан тамған беттерінде.

Қазақтың мекен еткен көк белінде,
Алашымды теңеймін Көк бөріге!
Шәкәрім, Жүсіпбек пен Міржақыптар,
Адал қызмет сіңірді текті еліне...
Ал, ауданның 90 жылдық мерейтойына «Жер Жәннаты» атты жыр жолдарын тарту еткен екен:
– Жазғым келді туған жерім жайлы өлең,
90 жылды тоқсан мәрте тойлар ем.
Таңдайыңа жыр құйылып жатқанда,
Өз жеріңнен өзге нені ойлар ең?

Шарлатамын десе біреу жалғанды,
Қара басым қалаушы едім қалғанды.
Шабытымның шалқары деп білемін,
Сенде батып, ататұғын таңдарды

  P.S.: Жазу мәдениеті мен сөйлеу шеберлігін өлеңдеріне сидырып, ұлттық таным-түсінікті қатарластарына насихаттап жүрген Зейнептің шарықтайтын тұсы алда. Сондықтан жас ақынға тек сәттілік тілейміз!

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

04 қаңтар 2019 ж. 1 038 0