№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТҰРАРДЫҢ АҚЫНДЫҚ ӘЛЕМІ

ТҰРАРДЫҢ АҚЫНДЫҚ ӘЛЕМІ


Ақындық – сөз өнерінің аса қастерлі саласы десек, өлең сөздің қасиеті қонған ақынды қазақ қоғамы қашанда ерекше құрмет тұтады. Сондай талант иесі – Тұрар Сүлейменов еді. Саналы ғұмырын сөз өнерінің мәнін түйсінуге арнаған ақын тіршіліктің сан-салалы құбылысын көркемдік шындықпен шырайландыруға ұмтылды. Адалдықты, адамдықты, әділдікті жырлады. Мемлекетшіл, елшіл болуды үндеді. Мұндай мұратты асқақтатқан ақынды ұмыту мүмкін бе? Әсте, болмайды. Сондықтан, ақынның ағайын-туысы мен ауылдастары «О, өлең менің періштем» атты әдеби-рухани кешке мұрындық болды.
Ауданның жас жазба ақындарының басын қосқан мүшәйрада сыншы, әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек, ғалым Шанжархан Бимағамбетов және қадірлі ақсақал Зинабдин Шермағамбетов алғы сөз сөйледі.
Тұрар Сүлейменов кітабы шықпай-ақ ақындығын мойындата білген дарын иесі. Осыны естіген облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов ақынды іздеп-тауып, «Жүрекке жетсе жыр-өлең» жыр жинағын шығартып берді. Бұл ақынның шабытын шарықтатып, қуанышын еселей түсті. Бірақ, Жаратушының әміріне кім қарсы тұра алады?! Өзінің шалқар шабыты мен рухани потенциялын арқалап бақилыққа аттанып кете барды. Енді ақынның өлеңдерін жатқа айтып, оған арнаулар арнаудан басқа шара бар ма?
Осынау мазмұны терең шараға Талап ауылдық округінен Ерсұлтан Мұстафаев, Ақүйік елді мекенінен Мадияр Оспанов ақындық өнерін сынға салды. Сондай-ақ, Сүттіқұдықтан Мұхит Құрманбеков, Бесарықтан Дархан Әлтаев, Жайылмадан Айдын Кекілбаева, Бесарық бекетінен Сержан Қонақбаев арнау-өлеңдерін арқалай келіпті. Бірінен кейін бірі сахна төрінде еркін тақырыпта және Сүлейменовке арнау оқыды.
Бойындағы шығармашылық қуатын туған жердің табиғатын, адал достардың қарым-қатынасын, ғашық жандардың махаббатын арқау еткен ақын ұлттық әдебиетке сезім мен сырға толы тамаша поэтикалық туындылар сыйлады. Ақынның өміршең əдеби мұралары уақыт тезінен иілмей өтіп, қазақ руханиятының жауһарына айналатыны сөзсіз. Мүшайрада осындай иірімді таныдық, әрі Сүлейменовтану ілімі даму кезеңіне аяқ басқанын ұқтық.
– Өлең оқып қарт Қаратау күрсінді,
Сезді ол да, өлең деген тылсымды.
Ақ қауырсын қаламы мен жыр жазып,
Бөлісетін табиғатта мың сырды...
...Нұрын сеуіп шұғылалы көктей күн,
Қамшы ғұмыр ғасырыңа жетпейтін.
Адамзатқа ұмыттырмас мәңгілік,
Ақындардың жыры қалар өлмейтін, – деп ақынға өлең арнаған Ерсұлтан Мұстафаев мүшайраның бас жүлдесіне лайықты болды.
– Өлең ақынның кеудесін кернеп, жүрегін тербеген қуатты ойдың жемісі, ойды сырттай сұлу етіп өрнектеп, көркемдеп жеткізу үшін ақындық шеберлік, шалқар шабыт қажет. Мен сондай шалқар шабытты Тұрар Сүлейменовтың өлеңдерінен табамын, – деді мүшәйрада бірінші орын алған Айдын Қазыбекқызы. Басқа қатысушылар да жүлдеге ілігіп, арнайы сый-сияпатқа ие болды.
Шараны қорытындылаған ақынның бауыры Әбжаппар Сүлейменов: – Тұрар өз шығармалары арқылы саяси-əлеуметтік мəні бар мəселелерді толғауға ойландырып, тарихи шындықты көркемдік шындыққа үйлестіре білді. Оның ақындық өнерінен өмірді тануға болады. Осындай идеясымен жастарға үлгі болады, – деді.
Ал, ақынның келіні, қарымды қаламгер Ақсәуле Әбдіхалыққызы да Тұрар Сүлейменовтің ақындық әлеміне, өлеңдерінің поэтикалық қуатына тоқталды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
07 сәуір 2018 ж. 1 601 0