№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАЗАҚ БОЛУ – ҚАСИЕТТІҢ ТӨРЕСІ

ҚАЗАҚ БОЛУ – ҚАСИЕТТІҢ ТӨРЕСІ

   «Жаратушы – рәззақ, пенделері қазақ». Туған халқымызға құдырет дарытқан дарқан пейілдің астарында осындай нығмет жатыр. Текті жаратылысымыздың осынау артықшылығынан ажырап қалмауымыз үшін бізге не қажет? Ата-бабамызға тән асқақ арман, алдаспан рух қажет. Тек мейірім үшін жаралған күллі жаратылысты алақанына салып өтуге бар ұлық ұлтымыздың ұлы сүйіспеншілігі қымбат.


  «100 жаңа есімге» таңдалынып отырған текті ұрпақтың тұяғы Пахриддин Шәмшідінұлы Садықов осындай қасиетті қадір тұтқан, туған халқын жанындай жақсы көретін азамат.
«Қазығұрттың басында кемесі Нұһ Пайғамбардың,
Қорқыттың да ізін көріп қайран қалдым
Қожа Ахмет Яссауи туып өскен,
Жерінде қазағымның сайран салдым.
Жиделі Байсын жерінде желдей ескен,
Саз сырнайын сызылтып Нартай – нарым
Қызыл Сеңгір бойында туып өскен,
Домбырамен ән салған Манап ақын.
Ей, жер байлығы өзіндік, жөні бөлек,
Тұлғаларды туғызған жер – жәннатым
Қарт Қаратау бөктері, Сырдың бойы
Қазағым, бір сен үшін салтанатым!»
Пахриддиннің бар арман-тілегі, мұрат-мақсаты өзі өрнектеп жеткізген осы өлең жолдарында жарқылдап, жандүниесінің тылсым табиғатына тәнті ете түседі.
   Өнерді бала кезінен меңгеріп, сүйектен, мүйізден тұрмыстық бұйымдар, жан-жануарлардың мүсіндерін, әсем ойыншықтар жасап, жас та болса қандағы құштарлықтың құлпын ашып, айдарынан жел естірді. Сол алапат іңкәрлік жанын жай тапқызбай, жүрекпен сездірді, тау-тастан сыр тартып, жапанды кездірді. Енді әр ағаштан әр түрлі мағынаны көрді, ағаш діңі мен адам жүрегінен ұқсастық іздеді, бірде тапты, бірде таппады. Ағаштар да адамдар сияқты әртүрлі, біреуі берік, біреуі шірік. Оны көңіл көзімен танитын шебердің ағаштан жонып жасаған нешетүрлі ұлттық нақыштағы кәдесыйлары өнерді құрметтей білетін әрбір шаңырақтың төрінде сән түзеп тұр.
Манаптың ауылында туып-өскені бір басқа, ақынның жиені ретінде ақысы бар, көкірегінде Манаптың нақышы бар өнерлі жігіт өлең десе арқасы қозып тұрады. Алаштың сөзін айтар азаматтыққа келгенде қатарынан озық тұрады.
Рухани жаңғыруға ұмтылған қалың елдің көш басында өзінің қолынан шыққан кіршіксіз өнер туындыларын болашақ керуеніне қатар-қатар жайғастырып, киесін ұлықтаған, бабалар мұрасын қайта тірліткен талант иесінің мақсаты айқын. Ол – қазақты әлемге таныту. Оған өзінің құдіреті жетпеуі мүмкін, бірақ Құдай дарытқан өнерінің құдіреті жетеді.
Пахриддиннің балалары да шетінен әке жолын қуған дарабоз дарын иелері. Айсұлуы мен Нұрсұлуы өнер мектебінде оқып, одан әрі ҚХТУ-дың өнер факультетін тәмамдаған. Екеуі де қолөнер шебері. Гүлзинаты Ә.Қастеев атындағы университеттің түлегі. Ол майлы бояумен сурет салудың саңлағы. Үш қызының үшеуі де ұлттық нақыштағы тоқыма өнерін толық меңгерген. Ұлдары – Мұхамеджан мен Омаршәмші мектептің оқушылары. Екеуі де өнерлі. Әке ұстаханасының ұлағатты шәкірттері
  – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы менің өмірлік мұратыммен үндес тапқаны сондай, бойымда бұрынғыдан да батыл байлам, жарқын сенім пайда болды. Аудан басшысы Ғалым Әміреевтің қамқорлығымен ашылған шеберхана орталығында шәкірттер дайындауға шындап кірістім. Өнер – әр халықтың тарихы, тағдыры, ұрпаққа аманаттаған рухани мұрасы, қаны мен жаны. Мен осыны халқыма тарту етсем, - дейді шынайы өнер шырақшысы. Болашақтың да бағдары осы. Өйткені тегін тапқан ұлт Мәңгілік елге айналады.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

20 желтоқсан 2018 ж. 1 126 0