№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жақсыдан шуақ тарайды

Жақсыдан шуақ тарайды

 Бақыттың кілті – білімде екенін жастай санасына сіңіріп өскен жас ұланның есіл-дерті дәрігер болсам, деген тілек еді. Әкесі соғыста қаза болған. Анасы жас балаларын үйде қалдырып ертелі-кеш колхоздың жұмысына жегілді. «Сунақата» каналы құрылысында да анасының маңдай тері бар.
  Орталықтағы ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы орта мектепте білім алған жан ұстазы, орыс тілі пәнінің мұғалімі Зікір Қошқаровты құрметпен еске алады. Ауыл баласының орысша тіл сындырып, жеткілікті түсінік қалыптастыруы оңай тірлік емес. Ал медицинаға нағыз қажет химия мен биологиядан дәріс берген Мақсұт Ибрагимов пен Жүніс Үпенов сынды ұстаздарына әлі күнге дейін өзін қарыздар сезінеді.
Осы жылдардағы ілім-білімге деген құштарлықтың тереңдігі ме, Әмірбектің қатарластарының біразы мединституттың қатал емтихандарына төтеп беріп дәрігерлік мамандық алып шықты. Маманға зәру туған жер денсаулық саласы таудай мақсатқа тастай бекінген сол кез түлектерінің табанды талаптарының нәтижесінде аяғынан қаз тұрып, қанатын тіктеді. Тарқата айтқанда, Әмірхан Баубеков, Сауранбек Әлқожаев, Жұмабек Сейтмұратов, Егенберді Әмитов сынды елдің маңдайына біткен білікті мамандарды осы алпыс-жетпісінші жылдардағы аудан медицинасының қарлығаштары деуімізге болады.
   1968 жылы Ақтөбе медициналық институтының емдеу бөлімін бітіріп келіп, аудандағы туберкулез диспансеріне дәрігер болып орналасқан денсаулық сақшысы антына адал абыройлы асудың сынына төтеп беруге бел шешпей кірісіп кетті.
Бүкіл жастық өмірін майданға аттанып, қаза болған ерінің жолын күтуге арнап, балапандарының басынан құс ұшырмаған анасының үмітін ақтап, көргенді жердің қызына құда түсуді қолайлап жүрген Әмірбек болашақ жары Зейнепті ойда-жоқта ұшыратты.
Зейнептің әкесі Әбішев Жүнісбектің есімін аудан жұртшылығы қарымды қаламгер ретінде танитын. Туындылары облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрді. Өзі ұстаздықтан бастап, аудандық оқу бөлімінде жауапты қызметтер атқарды.
Аудандық «Екпінді» газетінің әрбір санын құрғатпай мақала, өлеңдері жарияланып тұрған. Қаламы қарымды қаламгердің тілінің уыттылығы сондай сын тезіне алған нысанасы жазадан тыс қалмаған екен. Мерзімді баспасөздің қоғамдағы ықпалы осындай өткір ойлы, ақиқатты жалау ете білер әділ сөз жауынгерлерінің арқасында арынды болған екен-ау деп ой түйесіз.
Ол кісінің ізін басқан шәкірттерінің бірі болған Айдархан Бибасаров Жүнісбек ағаның мықты фельетоншы болғанын жиі айтатын. Оның Талап өңірінен жазып келген сын материалынан кейін екі кісі де орнынан босап кеткен екен. Жасы қырықтың бесеуіне жетер-жетпес өмірден озып кете барған қайран азаматтың артында қаншама жарияланбаған құнды дүниелері қалған. Кейін қанша ізденгенімен перзенттері баспаға ұсынылған әке мұраларын таппай қалыпты.
Міне, осы кісінің қызы Зейнеп 7-сыныпқа дейін Бөртескен мектебінде оқыды. Сол кезгі тәрбие тезінен өткен жауқазын емес пе, анасы жастайынан кілем тоқуға баулыпты. Кілем тоқып отырып ән салғанда ауыл үй ұйып тыңдап, «Әйкеңді» тағы айтшы деп қолқа салатын көрінеді. Орта мектептен соң жоғары оқу орнына түсуге талаптанып, аудандық атқару комитетінің құжатталамалық бөлімінде Бадирова Жамила апайының қасында хатшы болып жұмыс істеп жүрген кезінде осы болашақ жары кездесіп, қолына қондырған екен.
– Содан бері жарты ғасыр өтіпті, екеуміз бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешіп келеміз, – дейді Зейнеп апа ағынан жарыла.
- «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбас» деген рас, – дейді осы жерде Әмірбек аға әңгімеге араласып.
– Әсіресе дәрігерге жар болу үлкен төзімділікті қажет етеді. Апталап үй бетін көрмейміз. Ауру көп. Емдеуге арналған қазіргідей озық аппарат, дәрі-дәрмектің тапшы кезі. Аяқтан тік тұрып, ажалмен арпалысқан сәттерде ауруханада қонып қалатын кезіміз көп. Осындай ауыр сәттерде анама, отбасыма өзі ие болып, балалардың тәртібінен қиыс кетпеуін қадағалап, шаңырағымның шырақшысы бола білген қосағыма шын разымын, – дейді.
Әмірхан аға 1985 жылдан 1994 жылға дейін Жаңақорған шипажайында дәрігер болып қызмет атқарыпты. Зейнетке шыққан соң да денсаулық күзетіндегі қызметінен танбаған «ауыл дәрігері» жүздеген жандардың алғысын арқалаумен келеді екен.

Елге қызмет қылғанның еңсесі биік

– Анам еркектен бетер жігерлі, қайсар жан еді, – дейді Зейнеп апа Жүнісбекқызы, – Әкеміз өмірден ерте озып үйелмелі-сүйемелі бүлдіршіндерін ешкімнен кем қылмауға қажыр-қайратын аямады. Анам дариха – ауданда алғаш наубайхананың негізін қалаған кісі. Қаншама шәкірттер тәрбиеледі. Өндіріс технологиясын қалыптастыру үшін өзі арнайы курста оқып келіп, сала жұмысын жолға қойды. Мен де анамның қарамағында жұмыс істеп, кәсіби маман атандым. Ашытқы дайындау технологиясын меңгердім. Қазіргідей базарда толып тұрған қытай ашытқысын қолданбай, өзіміз дайындадық. Ол анағұрлым ағзаға зиянсыз, одан піскен нан анағұрлым дәмді болатын.
– Осы кәсіпті неге бүгін де қолға алмасқа?
– Қазір зейнеттемін. Үйренем деген талапкерге көмек көрсетуге дайынмын.
Ия, шын талаптанғанға шынайы үрдістің түр-түрін үйретер осындай үлгілі аға-апаларымыздың арамызда аман жүргені қандай қуаныш.
Ұл-қыздары да көргенді жерден алған тәрбиелілігін танытып, көз сүйсініп қарар бір-бір отбасы болып отыр. Алты перзентінің ішінде жолын қуып, ақ халатты абзал жан атанған Қарлығашы мен Айгүліне әке ықыласы ерекше. Осындайда «Алма алма, алғыс ал» деген аталы сөз ойға оралады. Уақытпен санаспай қанша қызмет қылса да еңбегін бұлдамай, елге жақсылық жасаудан жаңылмаған үлкен жүрек иелері – Әмірбек Бәкірұлы мен Зейнеп Жүнісбекқызы осының барлығын ел тілегінің өтеуі деп санайды.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
21 қараша 2018 ж. 766 0