№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құрыш қолды құрылысшы

Құрыш қолды құрылысшы

Аққұм ауылының тұрғындары жаңа мектеп ғимаратының салынып жатқанына дән риза. Себебі, көптен бері мектептің тарлығын көріп, оқушылардың көпшілігі өзге ауылдағы мектепте оқуға мәжбүр болатын. Жаңа ғимаратта жаңа оқу жылына қадам бастағалы отырған білім ордасының қуанышына ортақтасып, құрылысшы қауымды мерекесімен құттықтай барған едік.
Қызыл кірпішпен соғылған ғимарат сұлу сәулетімен алыстан менмұндалап шақырды. Құрылыс жұмысының көбі бітіп, азы қалған. Ішкі жұмысы аяқталып, сыртқы жұмыстарына көшкен. Құрылыс бригадасы табалдырық алдына бурчатка төсеп, мектеп ауласының жолдарының жолағын салып жатты. Күннің астында еңбек ету оңай шаруа емес. Маңдай терін жеңімен сүртіп, ойылған саусақты матамен таңған шаруалар міндетіне мығым. Күйбең тіршіліктен қолы қалт еткен жандарды әңгімеге тарттық.
– Жастайымнан құрылысшы болсам, туған елімнің сәулетін арттырсам деген арманмен өстім. Сол арманым орындалып жатқан секілді, – дейді учаске прорабы Асқат Жаппасов.
Болашағына таудай талап қоя білген Асқат Кәрімұлы қос білім ордасында тәлім алып, тәжірибе жинақтаған. «Болашақ» университетінде 2012-2016 жылы техника және технология мамандығын алса, 2009-2012 жылы Қорқыт ата университетінде үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану кәсібі мамандығын меңгерген. Қос мамандық алған жас маман бірнеше құрылыс компаниясында құрылысшы ретінде шыңдалып, тәжірибесін арттырды. Одан кейін «Бақ Жай» ЖШС-інде құрылыс шебері ретінде 1000 орындық мектеп құрылысын жүргізді. «Универ Строй» ЖШС-інде бірнеше мектеп құрылысында басшылық жасап, прораб болып қызмет атқарды.
Мектеп ғимаратын салудың қыр-сырын ұққан жас құрылысшы туған жерінде мектеп салуға атсалысуды мұрат етеді. Мұндай мүміндікті  «СК Нурым» ЖШС-і береді. Яғни, Аққұмдағы №221 мектептің жаңа ғимаратын салуға прораб ретінде қызмет етеді.
– Қандай құрылыс жүргізгенде ең бірінші сапасына аса мән беремін. Себебі, сапалы іс абыройыңды асқақтатып, беделіңді көтереді. Маған елдің ықыласы аса маңызды, – дейді жаңақорғандық жас құрылысшы.
Мектеп 100 орындыққа шақталған. Ішінде компьютер бөлмесі, мәжіліс залы және спорт залы бар.  Жаңа ғимараттың игілігін көруге оқушылар мен мұғалімдер де асыға күтуде. №221 орта мектептің директоры  Жиренбай Жанасбаев:
– Жаңа ғимаратқа қол жеткізуге санаулы күндер қалды. Елдің мұң-мұқтажына құлақ түрген басшыларға шексіз алғысымды білдіремін. Ауыл балалары мен ұстаздар салтанатты ашылу шарасына дайындықты бас­тады. Сәтін салса, заманауи үлгідегі мектепте білім алуға мүмкіндік тумақ. Құрыш қолды құрылысшылардың төл мерекесімен құттықтап, шаңырағына шаттық тілеймін, – деді.
Ауыл тұрғындары алдағы мерекеге қызу дайындықты бастап жіберіпті. Өзге мектепте оқып жатқан бірнеше оқушы өз ауылындағы мектепке оқуға бекінген.
Мектептің үздік оқушысы Арсен Аяпбек: «Осы күнге дейін «қашан біз жаңа ғимартта оқимыз» деп армандайтын едік. Міне, сол арманға қолсозым сәт қалды. Ауыл балаларына зәулім ғимарат салып берген ағалардың үмітін ақтап, оқуда озат болуға талпынамыз», – деді.
Періште тілегін жеткізген Арсен Аяпбек болашағын Асқат Жаппасов ағасы секілді құрылыспен байланыстырғысы келетінін жасырмады. Жас өренге үлгі өнеге көрсете білген Асқат Кәрімұлы кәсіби құрылысшы ғана емес, адамдық һәм адалдық қасиетімен танылған кәсіби маман.
Мақпал МАРҚАБАЙ.
11 тамыз 2018 ж. 1 079 0