№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Шынар Мақсұтқызы ерекше болмыстың иесі

Шынар Мақсұтқызы ерекше болмыстың иесі

   Біз бұл отбасы туралы айтқанда жанұяның отағасы, 37 жыл еңбек жолында ауданымыздағы банк саласында қызмет атқарып, аяғынан тік тұрғызған, оның 22 жылында басшысы болған Ералы Мұхамеджанов туралы айрықша айтуымыз парыз. Халықта « екі жақсы қосылса – құт» деген нақыл тегін айтылмаған. Ералы ағамыздың жары Шынар Мақсұтқызы да ерекше болмыстың иесі, 25 жыл орталықтағы балабақшада тәрбиешілік қызмет атқарумен қатар он бір баланы өсіріп, тәрбиелеген Батыр ана. 

Бүгінде Мұхамеджановтар жанұясының шырақшысындай үлкен отбасының берекесін кіргізіп отырған жаны асыл, жүрегі кең, ақ пейілді анамен арнайы кездесіп, бақытты да барақатты ғұмыр кешудің мән-мазмұнын бөліскен едік.
– Тұтас ғұмырымда төрт құбылам тең болды деп айта алмаймын. Әкемді соғыс жалмады. Сүйегі қай жерде қалғанын да білмейміз. Әкем кеткенде ағам Медет 5 жаста, мен іште қалған екенмін. Анамыз Базаркүл бізді жетімсіретпей жетілдірді. Ағам екеуміз де өнерлі боп ер жеттік. Домбыра тартып, ән салуға келгенде арқам қозып тұратын қасиет менде әлі де бар. Ерім Мұхамеджанов Ералы қоғам қызметімен түзде жүріп, балалар тәрбиесін басы бүтін маған тапсырған еді. Құдайға шүкір, перзенттерім бәрі дерлік үлгілі оқып, өз күштерімен жоғары оқу орнына түсіп, түрлі салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Тұңғышым Абитдин Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери госпитальдің травмотолог-хирургы, Салимам Қызылорда қаласында тұрады, дәрігер, Жамила облыстық қаржы бөлімінде экономист, қыздарым Құралай, Назипа, Әлия, Разия, Динаралар әскери қызметтің түрлі салаларында, Зайнидин Алматы облысында ҰҚҚ қызметкері, Фатима – жеке кәсіпкер, Зұлхарнайым – Шалқияда жеке кәсіпкер.
Перзенттеріміздің білім алуын, белгілі мамандық иесі болуын көздеп қана қоймай, олардың адамгершілік қасиетінің кемел болып ер жетуіне бар күш- жігерімізді салдық. Өзім отанасы ретінде қыз бала тәрбиесін де қалт жібермей, қыздарымды қол өнеріне тәрбиеледім. Әрқайсысының жасау-жабдығын өз қолыммен тігіп, ою-өрнекпен әдіптелген кілем, төсеніштерді тоқудың қыр-сырын үйреттім. Өз қолыңнан шыққан дүние жарқырап көз жауын алумен қатар сапасы мықты, саулығыңа да жайлы, көңілге қуаныш құятыны бар. Мен осынау ұлттық өнеріміздің қадір-қасиетін бағалап қана қоймай, оны өмірдің өзегіне, өркениеттің өрнегіне айналдыра білуді өз іс-тәжірибемнен тиянақтап келе жатқан адаммын. Ине-жіп қолымнан әлі түскен емес. Елбасының жүргізіп отырған саясаты да осы, әрбір тұлға өз отбасының игілігі үшін еңбек етуі керек. Шынар апа осылай дейді.
Отан – отбасынан басталады. Жанұяда адалдыққа, тазалыққа тәрбиеленген ұл-қыздан келешек қоғам, ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ар-ұяты мол азамат қалыптасады. Көп балалы жанұяда бір-біріне сүйеу, қамқор болып ер жеткен бауырлар мейірімділік пен ізгіліктің бесігінде тербеліп, шапағатшыл қасиетті қазық тұтары кәміл. Мұхамеджановтар әулетінің ұррпақтары да ата-ана жолын жалғап, бір-бір өнегелі шаңырақтың иесі атанып отыр. Бүгінде олардан 44 немере, 13шөбере сүйіп отырған Шынар апаның бір ғана арманы ері Ералының өмірден ертерек озып, осынау қызықты көре алмағаны.
Өнер – кез-елгенге бұйыра бермейтін бақ. Аналары Шынар Мақсұтқызының бойындағы таланттың ұшқыны немерелері Марлен мен Эльдардың бойына қонып, екеуі қазірде «Шаншар» әзіл ысқақ театрының ең кішкентай мүшелері. Қолындағы немересі Ескендірдің де талабы таудай.
Отбасы мүшелерінің аяулы әкелерін еске алып, аналарының 70 жылдық мерейтойын атап өту үшін жайылған той дастарханына қатысқанымызда сырттан әнші, биші іздемей өздері кезекпе-кезек ән салып, би билеп, сұлу нақыш, табиғи дарын қабілетімен танылған Мұхамеджановтардың өнерін тамашалап, іштей «тіпә-тіпә, тіл-көзіміз тасқа» деп қайтқанымызды жасырмаймыз.
Түйіндеп айтқанда, тамыры тереңге кеткен байтеректей бұтақтарын кеңге жайып, өрісін ұзатқан өнегелі жанұяның егелері – Ералы аға мен Шынар апаның жаққан шырағының жарығы бірге емес, көпке түсіп тұр. Ата-ананың бұдан артық арманы жоқ шығар.

Баян Үсейінова,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
02 қараша 2018 ж. 836 0