№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Асыл жанды ана


Мен онымен жатақxанада таныс­тым. Екеуіміз бірінші курстан бастап бір бөлмеде тұрдық. Бір көргеннен бұрыннан таныс адамдардай тез бауыр басып кеттік. Айнымас құрбыларға айналдық. Жанымда әпкемдей боп қорғаштап жүретін. Екеуіміз таңға дейін әңгіме әлеміне енетінбіз. Он сегізге енді келіп жатқан қыздың соншалықты ауыр өмірін айтқанда таң қала тыңдайтынмын. Өзі әркіммен ашылып сөйлесе бермейтін салмақты қыз. Маған келгенде ашық-жарқын. Мен әңгіменің ішіне кіріп кетемін, аяймын, күлемін, жылаймын. Оның жасы кіші болса да  маған неге әпкемдей болғанын соңынан түсінесіз. Қиын өмірді ерте көріп, менен гөрі ерте есейіп кеткен Айманның айтқанын тыңдап отырып, оның анасының өмірі мен үшін бір ғибрат болып көрінді.
Құрбым Айманның анасы ері Алтынбек екеуі шаңырақ көтеріп, бақытты отбасылардың бірі болып күн кешеді. Өмірге екі қыз, бір ұлы келеді. Кішкентайлары үш жасқа келер келмес ері аяқ астынан  дүние салады. Тілдері енді шығып, тәтті қылықтарымен сүйкімді болып қалған үш ботасын құшақтап қалған жас келіншек, карт әке-шеше қалады. Жылдық асын берген соң әлі жап-жас, отызға да толмаған  жас келіншектің жолын ешкім кес-кестемес еді, кетемін десе бәрі батасын берер еді. Бірақ ондайға бармаған. Ата-енесімен сол үйде қала береді.
Жетісайдың төңірегіндегі елді мекен. Үйдің де, даланың да қытымыр тірлігі бітпейді. Баласының қазасына шыдамаған енесі төсек тартып жатып қалады. Ал әкесі жас баласының ерте кеткеніне күйініп аздап ішкілікке салынады. Ал келіндері... осы екі қарияның қамын ойлап, қайғырды.Текті жердің қызының асылдығы да бұл.
Кішкентай күнінен Айман әжесіне қарайды. Сәл ыңырсып дауысы шықса қол-аяғын уқалап жанынан кетпей отырады. Түнде әжесі қанша оянса сонымен сонша рет ұйқысын бөледі. Бала болып ес білмей ұйықтау болмады Айманда. Осылай жылдар өте береді. Небір қиын, ауыр күндерді бастан өткізеді. Анасы ауылдағы мектепке география пәнінің мұғалімі болып орналасады.Айман  анасының жабырқаулы жүзін көп көреді. Жас келіншекке үш бала мен екі қарттың бабын табу, бағып-қағу мұғалімнің мардымсыз айлығымен оңай болмағаны белгілі. Айман кішкентай қыз болса да анасының қабағына қарап, қайтсем көңілін аулаймын деп сырласына айналған. Өтпелі кезең анасын қатты шаршатты. Қос қарияға келіні емес қызынан артық қарады. Жаспын ғой деп кешке қарай отырыстарға барғанын, туған күндер, жиындарды сылтауратып жалғыз өзі қыдырғанын көрмеппін деді Айман. Алтыннан да ауыр салмақты асыл болмысының алдында бас июге тұрарлық ана деп осыны айт. Мен тыңдап отырып сол өмірді көзбен көріп келгендей болдым. Содан кейін анасы жайлы сұрай беретінмін. Қатты құрметтеймін. Асқан сабыр иесі болғаны үшін. Ай сайын Айманға ауылдан сөмке-сөмке сәлем-сауқат келеді. Бүкіл этаж асыға күтеміз. Үрләй апай самсаны да пісіріп,<неше түрлі тәтті торттар, нан-бауырсақтарын салып бір қуантатын. Өзін бір көрсем ғой деп жүргенде ол ниетке де жеттік. Осыдан үш-төрт жыл бұрын кенже қызы Меруертті оқуға түсірем деп келгенде көрістік. Жанары шаршаңқы. Өмір бойы қиындықпен, жалғыздықпен арпалысу оңай ма нәзік жанды әйел үшін? «Түсі жылыдан түңілме» дегендей мейірімі жүзінде тұнып тұр. Бүкіл оқушылар біздің маманы қатты жақсы көреді дегенде анасын асыра мақтағаны шығар құрбымның деп ойлайтынмын. Сөйтсем расымен жүзі жылылық төгіп тұратын жайдарлы адам екен. Жақында сол Айманымнан бір сурет келді ватсаппен. Інісі Қайрат және сол Қайратқа ұқсайтын тағы бір жігіт тұр суретте. Төрт жыл ішінде туысымдай болған соң бәрін танисын, әлгі баланы танымаған соң сұрадым кім екен деп. Сонда Айман: «Бұл менің ағам, менің әкем анама дейін бір үйленіп, дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен екен, сол әйелде бір ұлы қалған. Әлеуметтік желі арқылы тауып сөйлесіп жүрген едім,тек анама айтуға бата алмайтынмын. Ренжітіп аламын ба, көңіліне қаяу түсіріп аламын ба деп қорықтым. Бірде сөйлесіп отырып жәй айтып көрдім. Анам байғұс қуана құптады ойымды. «Мен не үшін ренжиді екенмін, қайта қуанам, ол бала да сендердің тектеріңді алып жүр. Ол Алтынбектің ұлы ғой бәрібір, сондықтан қуанбасам өкпем жоқ» деп ризалығын берді. Содан кездесетін күнді белгілеп, сонау Ақтөбеден бізді іздеп бауырымыз келді. Әкенің маxаббатына шөлдеген екенмін, есіктен ағам кіріп келгенде бір түрлі күй кештім. Есімде еміс-еміс қалып қойған әкемді көргендей болдым. Еріксіз тамағыма өксік тығылды. Соңымнан ерген бір інім, бір сіңілім бар еді, енді арқа сүйер ағам бар. Айналдырған екі-үш күннің ішінде қатты бауыр басып қалдық, қимай әрең қоштастық. Қан жібермейді деген осы шығар, бір бірімізді тауып есейгенде бауырлар қауыштық. Анама алғысым шексіз, жөн-жоралғысын айтып шақырыңдар, табысыңдар деп жол сілтемесе жүре береміз ғой» деп әңгімесін аяқтады қүрбым. Қатты әсер алдым айтқандарынан. Жүз жасаңызшы, Үрләй апа. Алла тағала сынақты сүйген құлына береді дейді, көп қиыншылықты көрдіңіз, бір адамның басына ауырлау болатын тағдырыңызға риза бола білдіңіз. Алланың сізге көрсетер жарқын күндері көп болсын дегіміз келеді.
Айғаным Шайын.
04 тамыз 2018 ж. 902 0