Егіз жүрек – елжанды тілек
Екеуі екі мемлекеттің азаматы. Екі түрлі мамандық иелері. Бірақ екеуі бір қанадан шыққан бауырлар. Бірі Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында, бірі Қазақстанның бір бөлшегі саналатын Жаңақорған қонысында тұрып жатыр. Ағайынды Сейдановтар.
Ауылдағы Сейданов Әбіл ағаны жаңақорғандықтар түгел таниды, ал Қалдыбек Сейдановтың есімімен қазақ-өзбек бауырлас ел әдебиетін зерттеп жүргендер жақсы таныс болуы мүмкін. Бірі қарапайым еңбек адамы, бірі қайраткер жазушы – қос азаматтың екеуімен қатар отырып,, сұхбаттасудың сәті түспесі бар ма. Жастары сексенге таянса да сыпайы, сырбаз мінезді, сөзінен жаңылмаған, жүрістері ширақ, жүздері жылы, аса кішіпейіл ағайынды қарияларды ақсақалдық жасқа қимайсың. Кісінің өзі де, сөзі де ішкі жан дүниесінің айнасы ғой. Қарап отырып, өрілген қос ішектей өнегелі жол, тағдыр талайына тереңдеген сайын таң қаламын, әлі де қайратынан танбаған қос қабыланды сауырына қамшы салдырмай, сар желдіріп, қоғам қызметіне құрықтап қойған не қылған құштарлық, не қылған тұрақтылық? Оның сырын осы хиқаямызды түйіндей келгенде түсінетін боласыз, қадірлі оқушым. Сонымен...
Әкелері – Сейдан Мәмбетәліұлы 1902 жылы Жаңақорған ауданына қарасты «Жайылма» елді мекенінде дүниеге келген. Жеті ағайынды болыпты. Кешегі Кеңес үкіметі орнығып, елден көзі ашық зиялыларды, малы бар дәулеттілерді қуғындай бастаған тұста бір қауым ел, соның ішінде ағайынды Сейдан мен інісі Сейдазым да жан сауғалап, аса көп қиындық көріп, арып-ашып, Өзбекстан өңірін паналауға тура келген. Өзбек ағайындар өз араларынан қоныс беріп, ыстық ықыластарын, туысқандық пейілдерін білдіріпті.
1942 жылы Самархан облысына қарасты Сайбойы деген елді мекенде отырған шағында әкелері соғысқа алынады. Осы жерде Әбіл ағамыз әкесінен естіген мына сөзді айтты: «Майдан шебінде он бір жерден жарақат алып, емделіп, жазылған соң қолына қару алып қайта соғысқа кірген жауынгер Сейданның түсіне әкесі кіріп: «Шырағым-ау, тігінші екеніңді неге айтпайсың?» депті. Бірде солдаттарды қатарға тұрғызып: Араларыңда тігінші бар ма?» десе – «менмін» деп алға шығыпты. Сөйтіп содан бастап, әкеміз кәсібіне кірісіпті. Сталинге арнап галифе тіккен». Қазақтың қарапайым ұлының қолынан шыққанға бас қолбасшы қарап қалмаса да біздің момын бауырымыз қатардағы қандыкөйлек тағдырластарынның талайының қажетіне жарағаны анық.
Сөйтіп елге аман-есен оралып, Жызақ облысына қарасты жаңадан құрылып жатқан «Шверник» деген колхозға мүше болып кіреді. Әкелерінің зеректігі, пайым-парасатының тереңдігі соншалық, колхоз жеріне су жүретін жерлерді белгілеп беріп отырған. Су шықпайтын биік қырлардан, төбелерден айналдыра арық қаздырып, су жүргізіп, онда ақ мақта ектіріп, аса мол өнімдер алған екен.
Жақсы ұрпақ – жан шуағың
Қыз бала – қонақ. Әпкелері Ақшабақ пен Оразкүл тұрмысқа шығып кеткендіктен ұл баладан үлкені Қалдыбек 10 сыныпты бітіретін 1958 жылдың 1 қаңтарында өздерімен қоңсы отырған Бижанұлы Шер деген кісінің қызы Бибімариямға құда түсіп, қолға қондырыпты. 1959 жылы Ташкенттегі Низами атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтының «тарих-филология» факультетіне құжат тапсырып, 1964 жылдың шілдесінде бітіріп шығады.
– Әдебиет пәнін ерекше жақсы көргендіктен де болар, Мекемтас Мырзахметов, Мақаш Бекбергенов секілді ұстаздарыммен рухани тым жақын қарым-қатынаста болдым, – дейді Қалдыбек аға. – Екеуі де мені алғашқы курстан бастап жандарына жақын тартты. Шашымның бұйралығына қарап «Пушкин» деп еркелетіп, «Сәкен Сейфуллин» атындағы әдебиет үйірмесіне жетекші етіп тағайындады.
Ең қызығы, қалтама тиын бітсе болды, құстай ұшып «Киров паркі» (қазіргі Бабур) қарсысындағы «СССР жазушылары» кітаптары дүкеніне тартамын. Курстастарым «Академик келе жатыр, Есағаң келе жатыр» деп әзілдейді. Есағаң дегені – 4-5 курстарда «Арнаулы курстан» сабақ өткен Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Есмағанбет Ысмайылов болатын. Ол кісі де мен секілді шағын денелі, қысқалау кісі болатын. Десе десін. Періште «аумин» деп, мақұл көрді ме, мен де 1998 жылдан Қазақстан Республикасының Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі. Өзбекстан Республикасы Тұран ғылымдар Академиясының академигі болдым.
Ақын Айбергеновтың
алғашқы сыншысыМЫН
Өзімше көп оқып, көп ізденем. Бар арманым жазушы не ғалым болу. 1962 жылдың күзінде студенттердің мақта терімі кезінде Алматыға, Жазушылар Одағына тартып кеттім. Мақсат – өзім өлеңдерін сүйіп оқитын Әбділла Тәжібаев ағамның алдын көру.
– Қарағым, сен Төлеген Айбергеновке қатты ұқсайды екенсің. Туысқаны, бауыры емессің бе? Оған қандай жақындығың бар? – деп Әбекең іштарта жылы қарсы алды.
– Сен өзің өлең жазасың ба, әлде әңгіме жазасың ба?
– Әбеке, мен әңгіме жазам, – дедім.
– Қарағым, мен ақын адаммын. Онда мен сені прозашылармен таныстырып, жазғандарыңды оқытайын, – деді.
Екінші қабатқа түстік. Үш-төрт жазушы темекі шегіп тұр екен. Әбекеңді көре сала, бері бұрылып, қолдарын ұсынды. «Әй, жігіттер, мына бала Ташкенттен келіпті, «Жазушы болам» дейді. Өзі әңгіме жазатын көрінеді. Бек! Сен қолма-қол оқып, өз пікіріңді айт. Біздің үміт артып жүрген прозаигімізсің ғой, – деуі де жанында тұрған жігітті. «Мынау Зейнолла Серікқалиев деген сыншы жігітіміз» деп таныстырды. Өзі Жазушылар Одағы бастығының кабинетіне кіріп кетті. Жазғандарымды Бекке өткізіп, күтіп отырмын. Ол көз жүгіртіп қарай бастады. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде Әбекең шығып, біздің қасымызға келді. «Қалай, Бек? Өзінде бірдеме бар ма? Аяқалысы қалай? Сөз саптауы, сөйлем құраулары қалай? Дегенде Бек: «Әбеке, түбінде бұл баладан бірдеңе шығатын сияқты. Жалпы сөз саптауы жап-жақсы. Бірақ әңгімелерінде баяндау басым. Өзбек сөздері де еніп кетіпті» – деді.
«Онда, «Көш жүре түзеледі» емес пе, біраз көмек қолын созып, ақыл-кеңесіңді айт. Иін қандыра түссін. Өзің де алғаш қалай жазған ең, оны да есіңе алып қой. Совхозбек ең, енді міне, совхозыңды алып, Бегіңді қалдырдың. Сол сияқты бұл да керегін алып, керексізін қысқартып тастар, сен жол-жобасын көпрсет. Дұрыс-ау дегендерін газет-журналдарға ұсын, – деп мені жақсылап тапсырып кетті.
Міне, мұны Әбділла Тәжібаевтай аса талантты ақынның, белгілі әдебиет зерттеушісі, мықты драматургтің жас қаламгерлерге деген ыстық ықыласының, жалпы әдебиетке деген жанашырлығы мен тап таза, тұп-тұнық пейілінің тамаша көрінісі еді деуге болады. Дарын тұлғаның даралық сипаты мен кемеңгерлік келбеті көз алдымда осылай қалып қойды. Сол үшін де Әбекеңнің қамқорлығын ешуақытта ұмытпақ емеспін. Ол – өзіммен бірге бір өмір жасай бермек.
Міне, мұны Әбділла Тәжібаевтай аса талантты ақынның, белгілі әдебиет зерттеушісі, мықты драматургтің жас қаламгерлерге деген ыстық ықыласының, жалпы әдебиетке деген жанашырлығы мен тап-таза, тұп-тұнық пейілінің тамаша көрінісі еді деуге болады. Дарын тұлғаның даралық сипаты мен кемеңгерлік келбеті көз алдымда осылай қалып қойды. Сол үшін де Әбекеңнің қамқорлығын ешуақытта ұмытпақ емеспін. Ол өзіммен бірге бір өмір жасай бермек.
1963 жылдың маусым айы. Бұқаралық ақын Өмірзақ Қожамұратов қолыма Төлеген Айбергеновтың «Арман сапары» атты өлеңдер жинағын ұстатты: «Осы кітапты оқып, пікір жаз. Төлеген өзің оқитын институт түлегі. Достық өтінішім. Бұл сенімді ақтай алам ба? Кітапты қайта-қайта оқып екі жеті жүрдім. «Үмітті үн» деген мақала жаздым. Ол «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») жарық көрді. Қуанышымда шек жоқ. Бұл менің ең алғашқы сын мақалам еді.
***
Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң Өзбекстан Республикасы ғылым академиясына қарасты А.С.Пушкин (қазір Әлішер Науаи) атындағы ғылыми зерттеу институтының «Әдебиеттер байланысы» бөліміне қызметке орналасып, ғылыммен шұғылдана бастадым. Диссертация жұмысын Қазақстанға келіп, академик Смет Кеңесбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте 1969 жылдың 13 қарашасында «Қазақ-өзбек халықтары достығының екі халық көркем әдебиетінде бейнеленуі» деген тақырыпта қорғадым.
Оппонентім, белгілі сыншы-ғалым Мұхаметжан Қаратаев еңбегіме аса жоғары баға берді. Сөйтіп сол ғылыми зерттеу институтында 18 жыл бойы түбі бірге туысқан қазақ-өзбек халықтарының достығы, әдеби-мәдени байланыстары жайлы қалам тербедім.
Реті келгенде айта кетейін, кезінде Шығыстың «алтын қақпасы» атанған Ташкентте жасауым менің көптеген қазақстандық ғалым, жазушы, ақын, қоғам қайраткерлерімен етене араласуыма жол ашты. Екі тілде бірдей жазамын. Көп қаламгерлер еңбегіне аударма жасадым. Қазақ қаламгерлерінің отбасында болып, дастарханымнан дәм татпағаны кемде-кем. Соның нәтижесінде, ғылымға шынайы бет бұрып, сол ұлы тұлғалардың даралық қасиеттерінен көп нәрселер үйрендім. Сол ұлыларға ұқсауға ұмтылып бақтым.
Бұл Қалдыбек ағаның жан сыры. Біздің білетініміз, 1984 жылы жарық көрген «Өзбек Совет Энциклопедиясының» 12-ші томын қамтитын Абайдан Мұхтар Шахановқа дейінгі аралықтағы қазақ ақын-жазушыларының өмірі мен шығармашылығы жөнінде осы Қалекең жинақтаған. Әрі жоғарғы оқу орны бакалаврлар мен магистранттары үшін «Әуезов және туысқан халықтар әдебиеті», «Шыңғыс Айтматов және өзбек әдебиеті» оқулықтарын және «Қазақ әдебиеті тарихын жазып шықты. Оның үстіне дәл бүгінгі Өзбекстандағы 394 қазақ мектептерінің 10, 11 сыныптары үшін «Қазақ әдебиеті» оқулығын дайындады, ол жас түлектер игілігінде.
1993 жылдан 2003 жылға дейін «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы болыпты. Нәтижеде, Ташкентте 55 жылға жуық қызмет атқарып, туысқан екі халықтың арасында алтын көпір бола білген аға бүгінде қос мемлекеттің де ілтипатына бөленіп, ерекше құрметке ие болып отырған қадірлі тұлға.
Қасиеті бардың – өсиеті бар
Қалдыбек ағаның тетелес інісі Әбіл Сейданұлы Ташкенттегі Ауыл шаруашылық техникумын жоғары дәрежеде бітіріп, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке мұғалім етіп жіберіледі. Сегіз жыл қазақ балаларына химия-биологиядан сабақ беріпті.
1968 жылы туған елге көшіп келген ата-анасымен бірге Жаңақорған қонысы «Жайылма» көшесіндегі қазір өзі отырған қарашаңырақтың қазығын қадаған екен. Аудан орталығындағы №187 кәсіптік-техникалық училищеге оқытушы болып орналасады. 1970 жылдан бастап аудандық сельхозтехника мекемесіне мастер болып ауысады. Осы мекеме қарамағында жүргенде «Сунақ Ата», одан әрі Задарья шаруашылықтарында механик болып жұмыс атқарып, жақсы жұмысымен көзге түседі. «К-700», «Т-150» техникалары бойынша барлық шаруашылыққа бас инженер-механигі болып бекітіліп, қызметінен бір кінарат жібермеу бағытында ізденісті еңбек етеді. Ленинград қаласында арнайы курстан өтіп, білімін жетілдіреді.
Аудан ауыл шаруашылығы өркендеуіне 40 жыл сіңірген еңбегі еш кетпеді. «Бесжылдықтың үздігі», «КССР-дың 50 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Еліміз егемендігін алған тұста алғаш аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Одақтың кезінде халықтық бақылау кеңесінің мүшесі ретінде аудан мекеме-ұжымдарында заңсыздықтың орын алмауына азаматтық үлесін қосты. Халық қалаулысы ретінде сайлаушылардың аманатын арқалап орталық көшелерде аялдама құрылысының қолға алынып, ел игілігіне берілуіне үлкен ықпалды жұмыстар атқарғаны әлі есте. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзбеді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау бөлімі төрағасы болды. Осы жылдары ел Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хатын» иеленді.
Отбасында жұбайы, Батыр Ана Нұрдинова Күлайым апа екеуі он бес баланы өсіріп, жетілдірді. Алты келін түсіріп, қыздарын құтты орнына қондырған.
1994 жылы Халықаралық «Отбасы жылы» құрметіне жарияланған конкурста облыста «Үлгілі отбасы» марапатын жеңіп алды. Қазірде алпыс екі немере, жиырма үш шөбере сүйіп отырған бақытта ата-әже.
Міне, екеуі екі елде жүрсе де, туған халқы үшін хал-қадірінше қызмет еткен бір адамның екі баласының – көзінің ағы мен қарасының өмір жолы осылай.
– Егер «Ислам» атты кітапқа көңіл аударсаңыз «Әс-Сыддық» деген сөз «аса әділ» деген мағынаны береді, – дейді өздерін Сунақ атаның ұрпақтары санайтын қос қария. Сондықтан да олардың бойында тазалық пен пәктіктің, адалдық пен әділдіктің, биік парасаттың тамаша нышандарын аңғару қиын емес. Мүмкін, сондықтан болар, аса талантты ақынымыз Фариза Оңғарсынова осы елге келген сапарында ерекше толғана:
«Сунақтың жері жұмақ, дала бағы,
Перзенті періштедей дара бәрі.
Жаны мен тәні таза мұндай ұрпақ,
Тек қана құштарлықтан жаралады, – деп жыр арнаған еді.
Біздің мақала басындағы өз-өзімізге қойған сауалымыздың нақты жауабы да осы, бәлкім.
Баян ҮСЕЙІНОВА.