№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қожакент - құтты қоныс!

Қожакент - құтты қоныс!



Әкімдер есеп бергенде ауыл-ауылды аралап, атқарылған жұмыстарды жариялап жататынымыз бар. Одан былайғы уақытта елді мекендердегі еңбек адамдары мен мәдени-рухани, спорттық шараларын арқау ететініміз болмаса, ауыл өмірі етене жазыла бермейді. Сондықтан «Ауылым – алтын бесігім» айдарымен ауылдық округтердің тыныс-тіршілігін жазуды жөн санадық. Сонымен. Шығармашылық ұжым алдымен республикаға етене таныс, үлгілі елді мекеннің санатындағы Қожакентті таңдады...
Аудан басшысы Ғалым Әміреевтің ұйымдас­тырушылық, жаңашылдық, іскерлік қабілетінен ауыл әкімдері бағыт-бағдар алып, елді мекендердің уақытпен үндескен серпілісіне қадау-қадау қарқын бере бастады. Осындайда «Бір адам жаққан алауға мың адам жылынады» деген тәмсіл ойға келеді. Әсіресе, «бір ауыл – бір кәсіп» идеясы ауылдардың еңсе тіктеуіне септігін тигізуде. Әрине, кем-кетік кездеседі, бірақ кемшілік жұмыс жасаған жерден ғана табылатыны белгілі емес пе?.
Қожакентке кіре беріс аймақтан жаңашылдық лебі аңқиды. Облыста тұңғыш болып латын қарпімен елді мекеннің атауын жазыпты. Жұрт «жаңа әліпби керек пе?» деп жүргенде латынды іспен қолдапты. Әрине, Қожакенттің бұл қадамы көпке үлгі. Үлгі демекші, алдымен ауылдың үлгілі тұстарын ауылдық округтің әкімі Асылбек Айтжановтан сұрадық.

ҚОНЫСТЫҢ ҚУАТЫ
Ауылдың берекесі халқы. Демек, жыл санап халық саны өскені үлкен белес. Қазақ бала санын ашып айтпаса да, тәңірдің тартуымен соңғы жылы 57 бала туылды. Тұрғындардың әлеуметтік сілкінісі жаңа қонысқа кіруімен де өлшенеді. Шыны керек, 2015-2018 жыл аралығында 56 жаңадан үй тұрғызылып, баспана базары тойланды. Қазір ауылда 3311 халық тұрса, оның ішінде, 3 «Батыр ана», 82 «Алтын алқа», 103 «Күміс алқа» иегері бар.

КӘСІПКЕРЛІКТІҢ КЕЛБЕТІ
Қожакент – нарықтық экономикаға бейімделіп, дамудың жолын тапқан ауыл. Әсіресе, кәсіпкер­ліктің қар­қыны қуантады. Мәселен, ауылдық округте 211 дара кәсіпкер, 69 шаруа қожалық белсенді еңбек етуде. Бұл көрсеткіш халық санына шаққанда облыстағы үздік көрсеткіштің бірі. Ауылдағы 35 жүк көлігі Қызылорда облысын айтпағанның өзінде Қарағанды, Түркістан облысына жем-шөп тасып, табыстың көзін тауып отыр.
Бүгінде «Миялы» кооперативі мал бордақылау бағытында байыпты қадам жасады. Он екі шаруа қожалық пен 64 отбасының мал бордақылау алаңын біріктірген кооперативтің бүгінгі жұмысы нәтижелі. Әсіресе, «Отбасылық мал бордақылау» бизнес-жобасын жасап, жұмысын бастағандардың тірлігі мығым. «Нәтижелі жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында «Ауылшаруашылығын қолдау қорынан» несие алып, кәсібін дөңгелетіп жатқан қожакенттіктер көпке үлгі.
Кооператив мүшесі Данияр Тұрсынқожаев 3 млн. теңгеге 12 жылқы сатып алудан бастаған кәсібін кеңейтіп, ісін ұлғайтты. Ал, Жәнібек Бегімбетов мал бордақылау алаңында 3,5 млн. теңгеге 24 мүйізді ірі қара малын сатып алып, оны бордақылап, сатты. Нәтижесінде түскен қаржыны айналымға салып, кәсібін дөңгелетіп кетті. Кәсіптің көзін тапқан қожакенттіктердің қам-қарекеті осындай.
– Кооператив 2016 жылы 4-сәуірінде 12 шаруа қожалықтың басын біріктірді. 2016 жылы 6-10 желтоқсанында 10 шаңырақ «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 42 млн. теңге несие алды. Оған 81 бұқашық (екі жасқа дейінгі), 120 жылқы (екі жас дейінгі) алып, отбасылық бордақылау алаңы арқылы жоғары қоңдылыққа дейін семіртіп, кооператив арқылы өңдеп, нарыққа шығарды. 2016 жылы 26-28-желтоқсан аралығында «50 ауыл» бағдарламасымен 31 отбасы 90 млн. теңге несиеленіп, 617 бұқашық бордақыланды. 2017 жылы «Игілік» бағдарламасы бойынша 25 отбасы 52 млн. теңгеге қол жеткізіп, 311 бұқашық алды. Қазір қожакенттіктер қызу тірлікке ұйысқан. Олар нарықтың заңдылықтарын меңгеріп, бәсеке алаңында шыңдалуда, – дейді өндірістік кооперативтің төрағасы Абдулла Абсаттаров.
Айта кететіні, ауылдық округтің тәжірибесін көруге Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов (сол кезде) арнайы келген-тұғын. Одан кейін Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев мал бордақылау алаңдарының аралап көріп, оң бағасын берді.

ШАРАЙНА АУЫЛДЫҢ ШАРУАСЫ
Басқаны қайдам, егін шаруашылығының даму осы ауылда озық. Мәселен, 2015 жылы «Үздік егін шаруашылығы ауылдық округі» номинациясына ие болды. 2017 жылы «Үздік ауылдық округ» атанды. Енді Сыр өңіріндегі озық ауыл атануға талпынысы бар.
Былтыр ауыл шаруашылығы саласы бойынша Жаңақорған облыста «Үздік аудан» номинациясын алды. Бұл «көктемнің бір күнін – жылға азық» санайтын диқаншы қауымның ерен еңбегінің арқасы. Бәрінен бұрын, аудан басшысы Ғалым Әміреевтің күріштің өнімділігі жоғары тұқымын аудандастыруы нәтижесін берді.
Аудан басшысының жаңашыл ісіне қожакенттік шаруалар дем беріп, 1565 гектар күріштіктің 650 гектарына өнімділігі жоғары «Лидер» тұқымын екті.
Өткен жылы «Жаңажол АЖ» шаруа қожалығы «Лидердің» гектарынан 75 центнерден өнім алды. Жалпы, қожакенттік 33 шаруа қожалық 50 центнерден өнім алып, қамбаға 7825 тонна күріш бастырды. Бұл аудандағы үздік көрсеткіш болатын.
Биыл да өнім жаман емес. Қожакент ауылдық округінің «Нұрбол И» шаруа қожалығы 80 гектар күріш егіп, оның гектарынан 80 центнерден өнім алды.
– Көктем кеш шығып жерге дән де кеш себілді. Сырдарияның суы жылдағыдан аз болды. Бірақ, әр нәрсенің қайыры бар деген рас екен-ау. Биыл агротехникалық шараларды толық жасаудың арқасында өнімділік артты, – дейді шаруашылық басшысы Оразәлі Тұрсынбаев.

КЕЛБЕТ КӨЗАЙЫМЫ
Әдетте, «Ауылына қарап азаматын таны» деген бар. Дұрыс теңеу. Ауыл сәулелі ажары адамның бет-бейнесін жарқын тартып тұрады. Сондықтан көркейтудің, көгалдандырудың белсенді әрекеті ауыл өмірін әрлей түседі. Бір ғана 2,1 шақырымдық Ергеш Үсенов көшесінің бойындағы жұмыстар көз қуантады. Сәйгүліктің мүсіні жарасым тауып, «Тәуелсіздік монументі» мен «Бәйтерек» бой түзепті. Одан кейін «Мемлекеттік рәміздер алаңы» салтанат құрған. Ауылда «Биг-Бен» сағатын да көресіз.
Елді мекенді көркейтіп-абаттандыру үшін ел ардақтыларының атында бақтар пайда болыпты. Олардың ішінде, «Сейтмұхамед ата», «Шәмет ата», «Әнәпия ата», «Аманкелді ата», «Үсен ата» бағын бөліп-жарып айтуға болады. Алдағы уақытта құрылатын «Нақышпен ата», «Бегайдар ата», «Амантай ата», «Арапбек Абиев атындағы бақ», «Смайыл Жұмаділлаев атындағы бақ» ауылдың кескін-келбетін арттырып, көркін ажарландыра түспек. Бұл ұрпақты экологиялық тазалыққа баулып, ағаш егу мәдениетін қалыптастыратын бастама.

МӘДЕНИЕТ – РУХАНИЯТ МӘЙЕГІ
Ауылдық округтегі клуб үйі мен кітапханада, №168 орта және №184 негізгі мектепте мзмұндық деңгейі терең мәдени-рухани шаралар өтіп жатады. Мәселен, өткен жылы ауылдың 50 жылдығы кең көлемде аталып өтіп, облыстық деңгейдегі шаралар өтті.
Оның ішінде, Көпен Әмірбек жүргізген аймақтық айтысты айтуға болады. Ергеш Үсенов пен Смайыл Жұмаділлаевты еске алуға арналған апталықтар да жоғары деңгейде өткені көптің есінде. Енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін Исатай Әбдікәрімовтың 95 жылдығына арналған конференцияға дайындық үстінде. Ынтымағы ырысты, бірлігі бекем қожакенттіктер Жаңақорған ауданы мен Манап Көкеновтың 90 жылдығын да жоғары деңгейде өткізу қарекетінде екен.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Жаңақорған-Қожакент-Жаңақорған.
02 қазан 2018 ж. 2 145 0