№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еліне ісімен дем болған

Еліне ісімен дем болған


Болмысы биік, бітімі дара Дәумен қажы Шоманұлының өмір өрнегі ұлағатқа толы. Әсіресе, ұлтқа қызмет етудегі, ағайынның бірлігін бекемдеудегі өнегесінен үлгі алуға болады. Қоғам қайраткерінің 90 жылдығында осынау қадыр-қасиеті жайлы жан-жақты айтылды.
Алдымен, қажы ұрпақтары мен жаңақорғандықтар Құмсаба зиратына барып, Дәумен қажыға Құран бағыштады. Одан кейін Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жердің тұмары» атты танымдық-тағылымдық конференциясына ұласты. Тұлғаның адамдық болмыс-бітімін насихаттау арқылы жастарды патриотизмге баулы және ұлттық сананы қалыптастыруды үндеген шараға жаңақорғандық зиялылар жиналды.
Дәумен қажы Шоманұлы қоғамның дамуына белсене атсалысып, қай қызметте болса да адалдық пен әділдік, адамгершілік пен парасаттылық, білгірлік пен білімділік танытқан қоғам қайраткері. Ол 1928 жылы Жаңақорған ауданы, Өзгент аймағының Көкжиде-Қостораңғыл елді-мекеніндегі қарапайым диқан отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебінде білім алған соң, 1951 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты ойдағыдай бітірді. Еңбек жолында Қызылорда қаласында, Шиелі, Жаңақорған аудандарында мектеп директоры, аудандық оқу бөлімін басқарды. Одан кейін партиялық жұмыста белсенді еңбек етеді. «Түгіскен» тыңын игеруде ерекше көзге түсті. Еңбек адамына қамқорлық жасаудың үлгісін көрсеткен халық қалаулысы ретінде аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, кәсіподақтардың облыстық ұйымы құрамына сайланды.
1960 жылы республикалық мұғалімдердің ІІІ съезіне, КСРО агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің Мәскеуде өткен ІІІ және ІV съезіне делегат болды. Қысқаша қайырғанда, қай салада жүрсе де елдің елеулісіне, халқының қадірменіне айналды. Тек қалтқысыз қызмет етіп қана қоймай, кейінгіге кәделі сөз қалдырып, игі амалдарға бастайтын жылылыққа жол сілтеді.
Реті кеп қалса Алла өзімді алсын,
Артымда ұлым менен қызым қалсын.
Жазып ем білген жанға біраз дүние,
Соңымда өшпесін деп ізім қалсын! – деп қойын дәптеріне біршама ұлағатты ойларды түсіріп кетті.
Конференция барысында аудан әкімі Ғалым Әміреев сөз бастады.
– Туған жердің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне тер төгіп, замандастарына сыйлы да, абыройлы азамат атанған Дәумен қажы Шоманов қоғамдағы өз орнын қалыптастыра білді. Сабыр мен салмақтың, адамдық пен адалдық иесі болған азамат еді. Тектіліктің төріне, бекзаттықтың биігіне, кісіліктің келбетіне көтерілген Дәумен қажының қай істе болмасын талапшылдығы мен ізденімпаздығы, қаталдығы мен қарым-қабылеті әріптестеріне үлгі бола білді. Өмірінің соңына дейін ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп, өнеге қалдыруға тырысты. Ұлағаты мен ұлылығы тасыған мерейлі мереке жалғасын таба берсін, – деді аудан басшысы.
Келесі кезекте, қызметтес інісі болған Зинабдин Шермағанбетов ағалық ақылмандықтың айнымас асылы болған Дәумен қажы туралы сүбелі сөз, салиқалы ойларымен бөлісті.
Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын Дәумен қажы биігін аудан тарихының тоқсан жылдығымен сабақтастыра тарқатты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Дәумен қажы Шоманұлы туралы пікір айтып, жақсылығын дәріптеген ел ағалары сахна төріне көтерілді. Соның бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уайс болатын.
Ал, қорытынды сөз қоғам қайраткері Әсет Шомановқа берілді.
Конференция соңы «Орда» мейрамханасында тұлға рухына ас берумен жалғасты. Түс ауа аға ұрпақтары Ипподромда ат шаптырып, бәйге берді...

Әлібек ТЕМІРБЕК.
18 қыркүйек 2018 ж. 824 0