№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлт мұратының жоқшысы еді

Ұлт мұратының жоқшысы еді


Дәумен ағамен елу жыл бойы сырлас болдық, сонау сұрапыл соғыстан соң танысқан едік. Ол кезде Қызылорда пединститутында студент болатын, облыстық газеттің редакторы Базарбай Сарбасов ағаның үйінде жиі кездесетін едік. Кейін білдік Дәукең ол кісімен туыс екен.
Дәумен аға көкірегі тұнған нағыз шежірелі еді. Түгіскен тыңын игеру кезінде, екі бірдей шаруашылықта партком хатшысы, бюро мүшесі, Кеңес депутаты болғаны ер еңбегінің жемісін байқатады. Күн-түн демей Ташкент, Самарқан архивтерінен бабалар өмірінен мағлұматтар жинады. Аталары Шәмші Бүзіріктің жырларын жинақтады. 1997 жылы «Хикметтер» жинағын шығарды. «Шыршық әуендерін» топтамасын құрастырды. Қажылық парызын өтеп, Меккеден оралды.
Дәумен қажы Шоманұлы! Бұл есімді Жаңақорған өңіріне танымал есім. Ол елу жылдан астам туған топырақта еңбек етті. Ұстаздық етті. Білім бөлімінің тізгінін ұстады. Аудандық кәсіподақ, «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамының филиалын басқарды. «Қызыл жұлдыз», «Қожакентте» партия жетекшілігі қызметін атқарды. «Түгіскен» тыңын игеруге атсалысты. Ашаршылық, зұлмат жылдарында тәшкен, тәжік, қырғыз жеріне қоныс аударып кеткен ағайын-бауырдың елге оралуына ұйытқы болғаны ұзақ әңгіме. Алыстағы ағайындарды елге шақырып, бірнеше кеңшарларды толықтырды.
Көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді. Көптің көкейіндегі ойын тауып айтатын. Таңырқата ой қозғайтын. Құтты кескін-келбеті ескінің билеріндей еді. Содан болар, екінің біріне «өзіміздің Дәумен қажы» атанып кетті. Топ жарып, төрден орын алды. Құрметке бөленді. Көпшілік «Дәумен сөйлесін, Дәумен бастасын» дейтін.
Шомановтар әулеті қажының 70 жылдығын дүркіретіп өткізді. Ажалға тоқтау болған ба, 73 жасында (2003 жылы) бақилық болды. Көзі тірі болса биыл Дәумен қажы Шоманов тоқсанға толар еді-ау. Шүкір! Адам ұрпағымен мың жасамай ма?
Көзкөргендер сыр ағытқан сайын Дәумен қажының рухы одан әрі биіктей түскендей.
Қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев бір әңгімесінде:
– Дәумен қажының өнегелі ісін ұрпақтары ұмытпайды. Ол көне жазбалар мұрағаттарында ұйқысыз талай түндерді атқарып, бабалардың шежіресін жазды. «Мирас» атты танымдық газет шығарып, руханият саласында қыруар іс тындырды. Ауыл өмірінің проблемаларын көтеріп, қалам тартты. Жұртты бірлікке шақырды, – деген еді.
Ал, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтай: – Әулет шаңырағы күннен-күнге керегесін кең жайып барады. Көзі тірісінде «Молда шәмшілер», «Хикметтер», «Низан ақынның «шыршық әуендері» атты кітабын құрастырып шығарды. Бұл қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі, – деді.
Ел ағасы Зинабдин Шермағамбетұлы архивтерді ақтарып, бабаларының зиратын тауып, шежіре-дастан жазып, ұрпағына ұлағатты іс қалдырғанын атады.
Белгілі қаламгер Адырбек Сопыбеков «Ғибратнама» кітабында бітім-болмысын өрнектегені байқалады. Оны «Ғасырдан – ғасырларға», «Шүкір делік», «Қош енді, Дәумен аға!» атты толғаулары өзінің бай мазмұнымен тұлғаның қыр-сырын ашатындай.
Ақын-журналист Файзулла Сахиевтің мына арнауындағы:
– Ойы терең, жүрегі ақ дана қарт,
Сенімі де, серігі де қанағат.
Туған жерін түлетсем деп тынбаған,
Той иесін құттықтаймын, жамағат! – деген жолдардан тұлғаның қадір-қасиетін тануға болатындай.

ТҮЙІН. Дәумен қажы Шоманов қаламы ұшқыр, сөз қадірін пір тұтқан нағыз шежіре, көненің көзі, абыз еді. Оның артында ұлт руханиятына қуат беретін құнды мұралар қалды. Міне, өшпеу деген осы болар!..

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
ардагер журналист.
26 мамыр 2018 ж. 1 559 0