Мейір гүлдеген жүрек немесе Адырбек пен Құлбектің достығы хақында
Достық деген ұғымның аясы кең. Азаматтың достығы ағайынның бірлігіне алып келсе, ақынның, жазушының, жалпы шығармашылық өкілінің өзара достығын-қоғамның құты, дәуірдің байлығы деп бағалауға болар еді.
Осы тұрғыдан келгенде, қос қайраткер тұлға Адырбек пен Құлбектің табиғаты, мінез үйлесімдігі өз алдына, бір-біріне жүрегін жұлып беруге әзір ықылас-пейілі, рухани тым-тым жақындығы мен жанашырлығының астарында не сыр бар екенін ақынның жары Шарипа апамыздан естіп білгенімізде шын сүйсініп, шын елжірегенімізді жасыра алмаймыз. Өйткені алып кеудеде жайқалып мейір жапырағы гүл ашса, ол көптің көз қуанышына айналады. Жеміс болып төгілсе шапағаты елге тиеді.
Мен сізге ғашықпын
Сексенінші жылдары Адырбек ағаға «Қадірлі Адеке» деп басталатын хат келеді. Кейін Адекең Шымкентке бір барған сапарында хат иесімен кездесті. Сол кездесуге куә болған Шәрипа апай көңілі жақындықтың, бір-бірін мың жылдан бері білетіндей рухани жарастық дегеннің не екенін сонда түсінді, таланттардың бір-бірін тәу етуі дегеніміз – тап-таза тектіліктің нышаны екен ғой. Сол достыққа отыз жылдан астам уақыт сызат түскен емес.
Енді оқырманымызды сол хаттың мазмұнымен толығырақ таныстырайық.
«Қадірлі Адеке!»
Сізге бейтаныс ініңіз хат жазып отыр. Қол алысып, танысалық. Аты-жөнім Құлбек Ергөбек. Талапкер әдебиетшімін. Бұрын “Лениншіл жас” газетінде әдебиет бөлімінде қызмет атқардым. Қазір Сәбит Мұқанов музейінің әдеби қызметкерімін.
Өмірімде Сізді көрген емеспін. Бұрын аты-жөніңізді газет-журналдан көретінмін, еститінмін. Балалар әдебиетін зерттей бастағалы Сіздің творчествоңызды қатты құрметтеушінің біріне айналдым. Әдебиетші, әйтпесе оқушы пікірі деп біліңіз, әйтеуір, еленбей, білінбей, бағаланбай жүргеніне қарамастан Сіз істеген шаруа – қазақ совет балалар әдебиетінде көрнекті орын алады. Бала мінезіне құрылған шағын өлеңдер, бала табиғатын түсініп жазған шағын поэмалар – сөз жоқ, ғажайып талантты адамның ғана қолынан келетін шаруалар! Оның ішінде фантастикалық поэмаңызды айрықша құрметтейтінімді де жасырмаймын. Балаларға арнап фантастика жазудың қиындығын да түсінеміз. Балаға жазудың оңайы жоқ қой. Сіз сол қиындықтарды жеңе жүріп, қызыққа айналдырып келе жатқан еңбегі елеулі ақынсыз. Келешек Сізді құрметтейтін болады.
Балалар несібесіне ортақтасушылар бізде аз емес. Бірақ, солардың шынайы балалар жазушысы екеніне күдіктене беремін. Қайбір жігіттердің қазан басына отырып алып, жол тауып шығып, әрі жақсы атанып жүретіні бар. Мен машықпен, интуициямен жазып жүретін оларға қарағанда Ертіс жағасынан Мүбарак Жаманбалиновты, Есентай Ерботинды, Алматы маңынан Жәнібек Кәрібозинды, Сыр бойынан Сізді жоғары қоямын. Балаларға бал беріп жүрген шынайы творчество иелері деп білемін. Сіздер кластың ішіне ене білген ақындарсыздар!
Сіз балаларды қадірлесеңіз өзіңізді қадірлеңіз. Сыйлаңыз да, сақтаңыз өзіңізді. Қолға жиірек қалам алыңыз. Жеміс берер сәтіңіз өтіп бара жатыр. Әйтпесе дер кезіңіз! Жақсы мен жаманды уақыт екі айырады. Шын асыл мен жалған жасылды келешек еншілейді.
Адеке, менің мейірімімді қате түсінбеңіз. 1982 жылы әдеби жыл қорытындысында «Базарлыққа» байланысты баяндамамда осы ойларымның кейбірін айтқанмын.
Қадірлі Адеке!
Менің Сізге хат жазуыма екі түрлі жағдай себеп болып отыр.
Жоғарыда айтқандай, Сіздің творчествоңыз жайлы жазғым келеді. Менде “Көктем жыры”, «Базарлық» атты екі кітабыңыз бар. Түрлі проблемаға орайластыра қарастыруым үшін барлық кітабыңыз қолымда болса деп едім. Осыны ойланып көріңізші. Кітаптарыңызды жіберсеңіз.
2. «Жалын» баспасы 1985 жылы «Қазақ совет балалар жазушылары» деген анықтамалық шығармақ. Соған қатысуға тиіс автордың бірі – өзіңіз. Бірақ өмірбаянды құрғақ баяндай салуға болмайды. Формасын тауып, оқушымен сырласып, жазсаңыз. Көлемі 10 бетке дейін. Біздің бұйымтайымызға ықылас танытуыңызды өтінемін.
Құлбек Ергөбеков,
(10 май 1987).
Үлкен дарын иесі, қарымды қаламгер Адырбек Сопыбеков көп жылдар журналистика саласында еңбек етті. Газет жанрларын меңгеруде ешкімге ұқсамайтын өзіндік стилі, нәрлі де мол тіл байлығымен көркем кестеленген ғажайып дүниелерді өмірге әкелді. Сол сияқты қоғамдағы келеңсіздіктерді сын садағымен түйреп, әшкерелей алған сатираның сарбазы да бола білді.
Десек те, Адекең біздің жүрегімізге бәрінен бұрын балалардың сүйікті ақыны ретінде тым-тым жақын сезіледі де тұрады.
Өйткені біздер ақын өлеңдерін бастауыш мектеп партасында-ақ оқып танысып, жаттап өстік. Адекеңнің балаларға арналған өлеңдері 50-ге тарта топтамаға енсе, өз алдына шыққан «Көзілдірік», «Шешілген жұмбақ», «Кім қалай ұйықтайды?», «Көктем жыры», «Базарлық», «Айналайын» атты жыр жинақтары бар. «Күншуақ» кітабына жүзден аса өлеңдері енді.
Ақын өлеңдерінің дені балаларды Отансүйгіштікке, ата-ананы сыйлауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет, мейірімділік пен ізгілікке баулумен қатар кішкентай өрендерді үлкен жүректі қайырымдылыққа баулиды.
Адекеңнің алдын көрген шәкірттері, тәлімін алған, үмітін ақтаған ізбасарлары аз емес. Адекең олардың ешбірін алаламады, барлығына бірдей қамқор болды. Барлығын бірдей іш тартты. Жақсы көрді. Жанашыр болды. Бірақ сөз өнеріне адал ақсұңқар ақынның қалам ұштауға ниет қылғанға қояр талабы біреу еді.
– Шығарма жазу (ол мейлі проза, поэзия, драма болсын) оңай дүние емес. Бірде бір жас жазушы Толстойдан:
– Жақсы жазу үшін не істеу керек? – деп сұрапты.
– Жазбауға мүмкіндігің болса жазба! – деп жауап беріпті ұлы жазушы.
– Қашан жаз дейсіз сонда? – деп таң қалыпты жас жазушы.
Сонда Толстой:
– Қашан жазуға мүмкіндігің болмаса, сонда жаз, – деген екен. Демек өлеңді әбден толғанып, кеудеңде пісіп жетілген тақырып болмаса, әйтеуір жаза салайыншы деп қалам ұстағанмен одан мардымды дүние тумауы мүмкін.
Адекең өзі газет тілшісі, жауапты хатшы, редактор болған кездерінде өз әріптестері болсын, штаттан тыс тілшілердің болсын талай жазған-сызғанын саралап, електен өткізді. Жақсысын жаратып, жаманын күресінге тастауға тура келді. Сонда байқағаны, талапкердің бәрі бірдей жазу өнеріне жауапкершілік таныта бермейді екен. Аннан бір, мыннан бір шатып, шимайлай салатындар да, әркімнің еңбегінен ұрлап, қиюластырып, құрама шығарма тудыратындар да кездесетін. Бірақ айламен ешкім алысқа бара алмайды ғой. Қабілеті кемнің ойы келте, адымы қысқа.
Екі қазақтың бірі – ақын деуіміздің мәні де жоқ емес, – деп толғанар еді ол.
– Кейінгі бір ғасырды (20 ғасырды) қоспағанның өзінде қазақтың мәдени мұрасында 600 жыр-дастаны, 6 мың күйі мен 10 мыңдай ән болған екен. Ал енді ақындар айтысы тек қазаққа ғана тән. Оқымаған, әріп танымайтын Мұрын жырау «Қырымның қырық батырын» қырық күн бойы жатқа айтатын болған. Бұл талант па? Талант.
Ақынды, жазушыны оқытып, дайындап шығаратын мектеп жоқ. Бұл Құдайдың кейбір адамның бойына берген сыйы, таланты, киелі өнері. Құдай береді екен деп, шалқадан түсіп жатуға тағы болмайды. Бойыңда 1 пайыз талант болса, сол талантты дамыту үшін 99 пайыз еңбектену керек.
Адырбек ағаның өзі өте еңбекқор жан еді. Пенденің тірлігі біте ме, күнұзақ түрлі шаруаларға айналып, қалай күн батқанын байқамай қаласың ғой. Ал Адекең... титың тірліктен дамыл тауып, сәл көз шырымын алған соң шығармашылыққа кіріседі екен. «Түнгі сағат 3-тің кезінде оянып жазуды әдетке әбден айналдырдым, – дейтін ол кісі. Бұл уақыт нағыз тәтті ұйқының уағы емес пе? Мұндай сәтте нағыз құлшылыққа берілген тақуалар болмаса, қалың ұйқыны қиып, қарекет жасауға құмбыл бола қояр кім бар? Жаратушы Иенің уәдесі бар екен: Кімде кім түннің үшінші бөлігінде намазда отырып менен сұраса, ол жанның қолын бос қайтаруға ұяламын». Айнала қалың ұйқыда жатқан жым-жырт шақта шамын жылтыратып, ой теңізінен сөз маржанын теріп, ұрпаққа азық болар рухани құндылық қалдырған жазушының жан азабын құлшылықтың нақ өзімен теңгермеске әддіңіз бар ма? «Ілімдінің жанында екі сағат отырып, насихатын тыңдаудың сауабы 60 рәкат намаз оқығандай құлшылыққа тең» деген хадис бар. Адекеңнің осы жансебіл бейнетінің жауабы мәңгілік өмірінде алдынан шығып, қайырлы берекетімен қауыштырсын дейміз де.
***
Біздің Адекеңнің бір жақсы жері, жары Шарипасын жанынан бір елі қалдырмайтын. Соның игі нәтижесін бүгін сезініп жатырмыз. Әйтеуір ақынға қатысты, ақынның достарына қатысты сауалға тірелгенде Шәрипа апа көмекке келе қояды. Қос қаламгердің бір-біріне деген қалтқысыз сыйластығын қалай бағалар едіңіз? – деп сұрақ қойдық Шарипа апаға.
– Ер мен ер бір-біріне ғашық бола ма екен деп күлуші едім, сөйтсем екеуінің талай жыл қанаттас, мұраттас болуы парасат майданындағы берген сертке беріктігінен екен ғой. Шығармашылық тұрғыда батыл сын да айтылып, бір-бірін қайраған кездерін көрдім. Бірақ сатып кеткен сәттері жоқ. Екеуі бір-біріне шын тілектес еді.
Алдыңғы жылы Талапта Тұрар Сүлейменовтың өзі өмірден өткен соң жарық көрген кітабының тұсаукесер рәсіміне шақыру алдық. Сол жиынға Құлбек те келді. Қашанғыдай мені көрсе әзілдейтін әдетімен:
– Адекеңді жалғыз өзіңіз меншіктеп-ақ кететін болдыңыз-ау. Қанатын кең жазуға мұрша бермейсің, – дегенді жеткізді. «Жарқыратып жаныңа ертіп жүрсең кім қой деді?» деп өзіне кіна тағып жатырмын. Еркелейтін, еркелететін осындай жаны жайсаң қолқанаттар қасыңнан табылғанда қартаймайтындай болады екенсің-ау.
Шарипа апай осылай ой толғайды. Иә, қадірменді бауыр қуанышта ғана емес, қайғыда да алдымен жетіп, азынаған қолқа-жүрегіңе кәдімгідей қуат болады екен. Адырбек ағаны соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде Құлбек ағаның тебірене айтқан сөздері, теңселіп тұрған қалың елдің көз алдында ақын айбынын бұрынғыдан да асқақтатып жіберді.
– Жаңақорғанның жарығы жаһанға түседі, – деді ол тебірене. Өйткені онда ақын Адырбек тұрады.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген ып-рас. Аса көркем оқиға мен ойға бай, қиялы ұшқыр өлеңдері кезінде он бес одақтас республика өрендерінің мектеп оқулығына еніп, балауса жүректерде сақталған балалардың сүйікті ақыны Адырбек ағаны енді ойлап қарасақ бір ғана «Қоразға» деген өлеңімен классик ретінде танып төбемізге көтеруімізге әбден болады екен-ау. Құлбек аға осыны айтты. Балалар әдебиетінің атасы Мұзафар Әлімбаевтың: «Қазақ балалар поэзиясының антологиясын» жасауымыз керек. Бұған Абайдан бастап Адырбекке дейін кіру керек» деген сөзі қара сөздің қадірін білер қалың қазақтың ортақ ақынына берген биік бағасы емес пе?
Баян ҮСЕЙІНОВА.