№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТАРИХИ ХАТТАРДА КӨП МӘН БАР

ТАРИХИ ХАТТАРДА КӨП МӘН БАР

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтіп, ұлттық болмыс-бітімнің қайнарынан нәр алуға жетелейді. Қазір бағдарлама аясында кешенді бастамалар қолға алынды. Әсіресе, тарихты түгелдеп, тұлғатану ілімін дамытуға мән берілуде. Осы ретте, тарихи тұлғалардың бір-біріне жазылған хаттары мән берілсе екен. Себебі, хаттарда сол кезеңнің боямасыз шындығын тануға болады. Сондай хаттың бірі академик Әлкей Марғұланның ақын, тарихшы Мәшһүр Жүсіпке жазған хаты...
Мәшһүр-Жүсіптің эпистолярлық мұраларында Мәшекең жазған хаттардан өзге ол кісіге жазған хаттарда да көңіл бөлер дүниелер көп кездеседі.
«Әдетте, бұл салада зерттеуге тиіс материал кез келген адамның күнделікті тұрмысқа, үй ішіне, қара басына қатысты жайларды сөз еткен хаттар емес, белгілі бір қоғам қайраткерлерінің, қалам иелерінің, ғылым-білім өкілдерінің, көбінесе әлеуметтік не өзге де мәні терең мазмұндағы корреспонденциялары болуға тиіс» (Р.Сыздық «Қазақ әдеби тілінің тарихы»), – деген қағиданы ұстаумен қатар жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарының тілін танытатын сөз мәнеріне де зер салдық.
Академик Әлкей Марғұланның 1928-1929 жылдары, яғни, жаңа талап – жас студент кезінде Ленинград, Мәскеуден Мәшһүр-Жүсіпке жолдаған бес-алты хатын оқығанда ең алдымен олардың етене жақын біліс таныс жерлес, ауылдас, көңілі бір адамдар болғаның көреміз. Сондай-ақ, күллі қазаққа танымал болған көрнекті ақын, дана қария болған. Мәшһүр-Жүсіп пен «жастайынан ақынның өлендерін жаттап, атағына тәнті болған» (Мәшһүр-Жүсіптің энциклопедиясы) жиырма беске жаңа жеткен озық ойлы жас талаптың, ардақты қарияға деген алғаусыз, ақ жарқын, көңіл-күйін сезінеміз. Ленинград, Мәскеуден білім алып жүрген жас қазақ баласының шалғайындағы абыз ақсақалға шынайы қамқорлығын көрсетіп: «Сізде ерте күннің әдемі сөзі көп екенін мен әуелден білемін. Көп кісі алып, жоқ қылып, ұшы-қиырын ұстатпай, сылаңдап кеткенін және білемін. Бірақ, бар дүниеңізге енді ие болыңыз. Кім көрінгенге бере бермеңіз. Қолыңыз тиіп бос уақытыңыз болса, әңгімелерді ретке түсіріп баптай беріңіз. Ол нәрсе түбінде далада қалмайды. Оған оқушы да, сүйетін ие де табылады» (Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 13 том), – деп сонау ала құйын, аласапыран басталар (репрессия, аштық, соғыс және т.с.с.) жылдарда яғни, 1929 жылы 18 мамырда Мәскеуден жазғаны Егемен елдік алған бүгінгі дәуірде айна-қатесіз орындалып жатқанына көзіміз жетеді. Сонымен қатар, академик Әлекең (Әлкей Хақанұлы) сонау Ленинградтан 1928 жылы Мәшекеңе жазған алғашқы хаттарының бірінде-ақ Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын әлдеқашан белгіліп қойған көрегендігін танимыз:
«Осы Ленинградтың мемлекеттік кітапханасынан Қазанда басылған сіздің екі кітабыңызды тауып оқыдым. Бір кітабыңыз Шортанбай ақынның зарлы сарынымен жазылған. Жақсы екен. Маған жақсы әсер қалдырды. Түбінде қазақ әдебиетінің тарихы зерттелсе «зар заман» ақындарының бірі болып, сізде тарихтан орын алатын ретіңіз бар көрінеді. Кітабыңыздың бірінің аты «Сарыарқаның кімдікі екендігі» жайында. Енді біреуі «Хал ахуал» - деген кітап. Кейінгі кітабыңыздың ішінде 1905 жылғы төңкеріс, реакция дәуірі болсын, билердің, ауылнайлардың жемқорлығы жақсы айтылған. Қысқасы сіздің сарыныңыз – ой айтылған – өмірге толған көрінеді». Бұл сілтемені кеңейтіп, қосымша талдаудың артық болары белгілі.
Әлкей Марғұлан хаттары таза қазақ тілінде жазылған және қазақ тілінің барлық заңдылығы (синтаксистік, морфологиялық) толық сақталған. Хаттарда қолданған сөздер мен фразеологизмдер толығымен қазақтікі және көзге түсетін бір құбылыс – орыс сөздерінің де аз-аздан кездесе бастауында. Бұл хаттарда қоғамдық ой-пікірлермен қатар сол кездегі қазақша хат жазысу мәнерін (стилін) аңғарамыз. Екіншіден, ауызекі сөйлеу тілімен жазба тілдің өзара тоғысу құбылысын байқаймыз.
Сөйлем құрастыру жағынан Әлкей Марғұлан хаттарында қазақ тілінің синтаксистік заңдылығы нақты сақталады, бірен-саран сәттерде ғана құрмалас сөйлем компоненттерінің орын алмасуы кездеседі. Мәселен, «...Ол мағлұмат қазірде басылмағанымен, түбінде басылады – оның ішінде қымбаттылары».
Хаттарда ай аттары тек қана орысша аталуынша беріледі. «25.02. 1928 ж; 13 апрель 1929 жыл. Ленинград; 30 декабрь 1928 жыл. 18 май Мәскеу; уегдардың аяқ кезінде... июнің 15-не шейін...». Бұған қарағанда ХХ ғасыр басында қазақ жазба тілінде ай аттарының көне қазақша немесе арабша атауларын орыс күнтізбесі (календар) ығыстырғаны байқалады. Бұл, сірә, орыс тілі мен мәдениетінің қазақ даласына аса қарқынмен әсер ете бастағанының бір куәсі тәрізді.
Арықарай бағамдасақ «Ленинградтан шығарда.., Қырым; Қара теңіз жағасында.., Қызылордаға барғанымда.., Радловпен Қазанда басылған.., хаттың маркасы, стакан, журнал, Керекуде.., Түркістан жағына.., Шымкентте өткізіп, Алматы, Семейді басып, Мәскеу.., Атбасар, Қараөткел төңірегіндегі, посылка, шот кәмпит, почта...» қатарлы қазақ даласында сирек қолданылатын сөздер заманауи, реңкде жиі қолданысқа жиі кіре бастағанын көреміз.
Сонымен қатар, хаттарды тасымалдау ісі қазақ даласындағы мекенжайлар да тек орыс тілінде қызмет етіп тұрғаны мойындалады. «Әбдештің адресі мынау: п/о Федоровское, Петропаловского округа, до востребование. Иманбекову Абдишу». «Ардесілі: г. Чимкент, Сыр-Даринского округа, Окроно, Маргулану А.».
Әлекең хатты өте сыпайы және аса ардақ тұтқан, құрметті сөздермен бастайды: «Молдеке! Қадірлі Молдеке! Ардақты Мәшһүр ағайға!» т.с.с.
Сондай-ақ, бұл эпистолярлық жазбаларда етістіктердің сыпай түрі көп кездеседі. Әлкей Мәшһүр-Жүсіпті аса құрметтеп, сыпай түрде «сөйлеседі». «Сізге жіберген посылка.., алсаңыз, білдіріңіз». «Және Сізден сұрайтын өтінішім мына төменде аталған кісілердің мән-жайын, ата-тегін, қашан туып, қашан өлгенін білесіз бе?». «Осылардың хал-жайын білсеңіз, тезірек жазып жібере көріңіз». «Қолыңыз тиіп, бос уақытыңыз болса, ол әңгімелерді ретке түсіріп, баптай беріңіз». «Маған хат жазсаңыз, Шымкентке жазыңыз». «...есіңізде қалған әңгіме болса, тез күнде жіберуге тырысыңыз». «...Осыларды июнің 15-іне дейін алатын ғып жіберуіңізді өтінемін».
Сонымен қатар, Әлекең Мәшһүр-Жүсіп жинаған халықтың рухани мол қазынасын «ерте күннің әдемі сөзі» деген екі-ақ ауыз сөзге сыйғызып түйіндейді. «Сізде ерте күннің әдемі сөзі көп екенімен әуелден білем».
Ал Мәшекеңнің жинаған «Қозы Көрпеш»-ің Шәкәрім мен Мұхтар, Радловтар жинақтаған басқа нұсқаларға салыстыра келіп «...онда сурет жағы күшті, сіздікінің дәлелдері көп» – деп қорытындылай келе «...Сіздің жіберген мағлұматтарыңыздан «Қозы Көрпеш – Баянды» басуға уағда беріп отыр. Айтқандарындай істесе, «Қозыке» аз күндерде дүние беттеріне шығуы керек» – деп «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»-ды «Қозыке»; кітап болып басылып шығу немесе жарыққа шығу деген сөзді «дүние бетіне шығу» - деп анықтайды.
Бұл эпистолярлық мұрадан ғалым Әлекей Марғұланның бүгінде біздің «дерек, дәйек, сілтеме, қолжазба, жазба, көшірме» т.б. әртүрлі нұсқаларда қолданып жүрген көптеген синоним сөздерді «мағлұмат» деген бір ауыз сөзбен түйіндеп қолданғанын бұл кісінің сөз қолданысының өз ерекшеліктерінің бірі деп түсінуге болады.
«Сіздің жіберген мағлұматыңызды...», «ол мағлұматты алып қалды», «ол мағлұмат қазірде басылмаған мен», «Соған осы сияқты мағлұмат аса керек еді».
Әлекең хатынан бүгінде ауызекі тілде көп кездеспейтін, бірақ, кезінде сөйлеспелі сөзде көп қолданылған байырғы сөздер мен тіркестерді де кездеріміз. «Ленинград қаласында шай, май деген нәрселер кемтарлау болып тұр. ...Ленинградта кемтар болғанда, елде жоқ болуына тиіс» .
«Кемтар: 2. Кедей, тапшы, жетімсіз.
2.    Ауыспалы. Кем, кемшін=Кемтар соқты – мұқтаж болды, жетіспеді.
Кемтарлық 2. Жоқшылық, кедейлік.= кемтарлық көрді – мұқтаж болды, жетіспеді».
Бүгінде «кемтар» сөзі тек «жарымжан, мүгедек» деген мағынада ғана қолданылды.
Сонымен қатар, Әлкей Марғұлан хатындағы «алдыңдық» деген сөзді талдап көрелік. «Мынау хат менің адресіме қате жіберілген басқа біреуге жазған хатыңыз көрінеді: Адрес жазған кісі алдыңдық қылса керек». Сөйлем түсінікті. Мәшекеңнің басқа біреуге жазған хатының адресі ауысып алыстағы Ленинградтағы Әлекеңнің қолына тиген. Сондықтан адресін жазған кісі алаңғасарланып, ұшқалақтық жасады деп отыр. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Алдың-дүлдің: арсы-күрсі, келер-кетерін білмейтін (адам)»,  – деп көрсетілсе, «алдық дүлдің» адам «алдыңдық» қылды деп етістікке айналдыру әрине Әлкейдей дегдардың ісі болмақ. «Сізге шай, қант сияқты нәрсе жіберу керек еді. Үш ай болды: қадақтап сатуды қойып, мысқалға түсті.  «Қадақ: жарты килограммға жуық (тең) салмақ өлшемі, фунт». «Мысқал 1. Жиырма бес грамға тең салмақ өлшемі. 2. Ауыспалы. Болар – болмас, шамалы».
Бүгінде біз «килолап, грамдап» – деп сырттан енген сөзге әбден төселгенбіз.
Әлекең хатынан келтірілген осы соңғы үзіндіден оның қиыр шалғайда данагөй қартты қаншалықты ардақ тұтып, құрметтейтін інілік ілтипатында танытады.
Әлкей Марғұланның 5-6 хатының әрбір сөзін толық талдап, әр сөйлемдерінің тарихи негіздері, тілдік өлшемдерін сарапқа салар болсақ біршама көсілеріміз хақ. «...Омбыда бір ай бөгеліп, Кенесарының жорықтарын ақтармақпын. Кенесарының архиві бұл күнге шейін Омбыда сақтаулы...». «...Мүмкін болса, Кенесары жорығы жайынан есіңізде қалған әңгіме болса, тез күнде жіберуге тырысыңыз. Кенесарының әсіресе Атбасар, Қараөткел төңірегіндегі аттаныстары, оған Қуандық, Сүйіндік қалай қарады? Шорман, Уәли, Қоңырқұлжа – Кенені қалай көрді?
Сейтен Тайжан әңгімесінің қызықты түрлері болса.... жіберуіңізді өтінемін. Кенесары жайында бірнәрсе жазбақшы едім. Соған осы сияқты мағлұмат аса керек еді. Не қылса да есіңізде болсын». Әлкей Марғұланның бұл өтініштерін әрине, Мәшекең жерге тастамайтыны белгілі. Ал Е. Бекмахановтың атақты зерттеуіне Әлкей Марғұланның да көп көмегі тиген. Демек бұл жерде, Мәшекең берген бағалы мағлұмат тиісті міндеттерін атқарғанын көреміз.
Тағы бір қызықты жай, Әлкей Марғұлан Мәшһүр-Жүсіптен бүгінде қарапайым оқырмандар мен мамандар түгілі әдебиет танушылардың өзінің назарынан тыс қалған біршама халық ақын, жырауларына іздеу – сұрау салады. Бұл іздеу-сұрау осы сұрақ белгісі күйі қалып қоймаған болуы керек. Мәшһүр-Жүсіп олар жайлы өз естіген білгенін Әлкей Марғұланға қалайда толығымен хабарлады деп топшалаймыз. Өйткені артына қыруар мұра қалдырған Мәшекең үшін олар туралы мағлұмат теріп жазу қиналатын шаруа емес. Тек қана Әлкейге жазған хатының көшірмесінің бір данасын өз қоржынында қалдырмаған, яғни, жауап хатының тарихи маңызын сезіну, хаттау жағына салғырт далалық мінез бен бүгінгідей ксерокопия да дайын тұрмағаны белгілі. Аталмыш хаттың үзіндісін ұсынсақ: «... Және сізден сұрайтын өтінішім -  мына төменде аталған кісілердің мән-жайын, ата-тегін, қашан туып, қашан өлгенін білесіз бе? Бұлар да – сіздің замандас ақындарыңыз. Білсеңіз, келесі хатта солардың толық жайын жазып жіберуіңізді өтінемін. Ол кісілер:
1. Мақаш Қалтаев
2. Сардырғалиұлы
3. Садуақасов Хамидолла
4. Алмасов Өткірбай («Бұлбұл құс» - деген өлең жазған)
5. Кашафалдин Шаһмарданов
6. Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков
7. Ақылбек Сабал
8. Сабыр ақын
Осылардың хал-жайын білсеңіз, тезірек жазып жібере көріңіз. Бұлардан басқа Абылайдан бері шыққан ақындардың аты болса, оны да жазыңыз. Және қандай өлең жазып қалдырған, кімдермен айтысқан? Менің сұрайтыным – осы».
Бұл сұрақтар жауабы мүмкін, Әлкей Марғұлан мұрағатынан табылар. Онда Мәшекеңнің  «ерте күннің әдемі сөздерінің» (Ә. Марғұлан) тағы бір жауһарлары халық санасынан жол табары хақ.
Қазақ тілінде жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттары ХІХ ғасырдың 30-жылдарымен бастап табылғаны, оның өте санаулы ғана екендігі, ондай хат үлгілеріне Махамбет Өтемісұлының, Әлім, Шамен руларының бірнеше беделді адамдарына жазған хаты, Ш.Уәлихановтың әкесі Шыңғысқа, інісі Жақыпқа жазған хаты, Шоқанға әкесінің жазған хаты, Садуақал Мұсаұлының ерлі-зайыпты Потаниндерге, Құнанбайдың баласы Халиоллаға, Абайдың Халиоллаға, Ыбырай Алтынсариннің Н.Ильминскийге жазған хаттарын шолу жасаған Р.Сыздықтың зерттеуінде бұл хаттардың бас аяғы тұрақты стандартқа бағынған, хаттарға түркі, араб мәнеріндегі әдеби дәстүр көп араласқан, тіптен орыс тілі элементтерінің қатысуы қазақ тілінің қай-қай стилінен де мол екендігі жайлы айтылады.
Қорыта айтқанда. Біздің зерттеуіміз бойынша Әлкей Марғұланның Мәшһүр-Жүсіпке жазған хаттарының эпистолярлық мәнері (стилі) одан бір ғасыр бұрынғы қазақ тілінде жеке тұлғалардың бір-біріне жазысқан хаттарынан мүлде өзгеше, бүгінгі күнгі таза әдеби тілінде жазылған және ХІХ ғасырдағы хаттар нұсқаларындай хаттың стандарттық стилінен ада, түркі немесе араб жазба элементтерінен тазарған, тілдің лексикалық және граматикалық негізгі бүгінгі ең көркем де таза қазақ тілінен жазылғанын тараптардың сауаты, білімімен қатар қазіргі қазақ әдеби тілінің ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастау алған даму үрдісін танимыз. Бір сөзбен айтқанда, тарихи хаттарда көп мән бар.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
07 тамыз 2018 ж. 1 134 0