» » » ЖҮСІПБЕКТІҢ СЫРЫ МОЛ ХАТЫ

ЖҮСІПБЕКТІҢ СЫРЫ МОЛ ХАТЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Рухани жаңғыру бағдарламасы тұлғатану іліміне даңғыл жол салды. Әсіресе, тұлғалардың қабілет-қарымы мен болмыс-бітімін жастар бойына дарытуда таптырмайтын құралға айналды. Осы ретте, тарихшылар мен әдебиетшілер тарихи тұлғаларды зерттеп, зерделеуде екінші тынысы ашыла түсті. Сондай сабақтастықты тұлғалардың еңбектерінен, әсіресе, боямасыз, шынайы жазылған хаттарынан табуға болады. Жүсіпбек Аймауытов пен Мәшһүр Жүсіптің сыйластығы, араластығын сондай хаттардан білесіз. 
«Мәшһүр аға!» деп аталатын Жүсіпбектің хаты бірінші ме әлде соңғы хаты ма оны білмедік. Жүсіпбек хатты «Хатыңызды алдым», деп бастайды. Хат мазмұны бүгінгі күнмен сараласақ өте құнды. Хат мәтінінен сол күндегі тарихи оқиғалардың жапсарына куә боламыз және Жүсіпбек өзінің баласы «Әмендей бола алмасымда сізге хабарласып, еңбегіңізді, атыңызды ел көзіне түсіргендей ниетім бар», – деген балалық, інілік ілтипатын көреміз.
Ж.Аймауытұлы бірінші кезекте хатта өзінің ақыл кеңестерін қосып, «Адамдардың миы ерте суалмаса керек, ақыл, ой, таланты... ерте тартылмаса керек. Егделенген сайын миы шыныға берсе керек. Соған қарағанда, сіздің де қаламнан қаларлық уақытыңыз бола қойған жоқ па деп шамалаймын. Олай болса, қалған өмірде қаламға сырласып өткен дұрыс», – ақын шығармашылықтан қол үзіп қалама деген уайымымен рухани туыстық көңілін білдіреді.
Екіншіден, көрнекті алаш қайраткері «Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіздің құлашыңыз ұшып, қиялыңыз терең арманыңыз алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлық мінезі сізді жарытпайды, тосыңсытады, күні өткен жат адам қылады», – деп сөзбен ақынның портретін сомдайды.
Үшіншіден, Жүсіпбек сол кезде-ақ ақынды қадірлеп, құрметтеп «Мәшһүртану» ілімін қалыптасуы заңдылығын білдіріп «Күліктен сіздей адам туа бермейді, санамыз болса, сіздің қадіріңізді, бағаңызды білсе керек?!» – дейді.
Иә, қайраткер Жүсіпбек ақынның шығармашылығы тірісінде ел аумағына тарауына ат салысқан көрінеді. Оны хаттан байқаймыз.
«Сіздің бұрынғы шығарған өлеңдеріңіз бар. «Тырна мен қарға» айтысқан болсын», «Бұлбұл мен қаршыға» болсын, «Сарт» әңгімесі болсын соларды жинастырыңыз.Оларға қосып менің айтатыным: Түркістан елдерін кезгенде шыршаққа келгенде жүрген-тұрған жерлеріңізді, елдеріңізді, жазған өлеңдеріңізді жас кезімде жатқа білуші едім. Енді ұмытып кетіппін. Сол да жақсы нәрсе еді. Әр елдің жақсыларын тараулатып, ата – тегін қозғап жазған өлеңіңіз бар еді... Олар да керек.
Жақсы әйел, жаман әйелге шығырған өлеңдеріңіз де болушы еді... Сондай қолжазбаларыңыздың бәрін жіберіңіз шамам келсе, баспаға түсіруге ізденіп көрер едім.
Одан соңғы сіздей көп қазына – қазақтың шежіресі, ең болмаса орта жүзді, Арғынды тараулатқаныңыз керек. Осы күнде әркімдер қазақ тарихын, шежіресін жазып жүр. Мұхамеджан Тынышбайұлы деген Ұлы жүз шежіресін орысша кітап қылып шығарып жүр. Сіз шежіреңізді жіберіңіз, оны да көріп, түзетіп, ең болмаса журналға басып тұтар едік, әрине өз атыңызбен басылады», дей келе, «Сізден Алдабергенұлы Зияш бірталай сөздер алғанға ұқсайды. Ол кісі қыла алмайды деп ойлаймын» – дейді. 
Сондай-ақ Жүсіпбек өр ақын Сұлтанмахмұттың мұраларын жинастырып құраннан қалыңдау кітап шығару үшін баспаға бергенін баяндайды. Және де Жүсіпбек ақын сиясы кеппеген жаңа туындысын хатқа қоса салып, жібергенін «мен өзімнің сырымды, ойымды корсеткендей «Шерниз» деген театр кітабымды сізге арнап почтаға салдым. Былтыр бәйгеге қосқан кітабым еді, бірден соңғы бәйгені алдық. Оқып көріп, пікіріңізді жасарсыз», деп айтады.
Хат соңында хат жазушы «Амандығыңызға тілеулес мұғалім ініңіз Жүсіпбек» – деп аяқтайды.
«...Суретіңіз сақтаулы, балалар сау», – деп хатқа нүкте қояды.
Жалпы, осы хаттан көп нәрсені түйіндеуге, ғылыми жол іздеуге болады. Мысалы, Жүсіпбек қолындағы Мәшекеңнің суреті сақталды ма, әлде репресия заманында бірге жойылды ма? Немесе ақынның құнды мұралары Жүсіпбектің қолына жетті ме? Жетсе Ж. Аймауытұлы оны баспа беттеріне шығарды ма, болмаса жеке кітаптар ретінде дайындалды ма? Міне, бұл сұрақтар болашаққа өзекті етер жеке зерттеу болатын шығар. 
Ал, Жүсіпбектің екінші хаты тіптен қызық. Әрі көптеген тарихи деректерге куә боласыз. 
Хат кешірім сұраудан басталады: «Сізге үлкен ұлтты болдым. Не деп ғафу өтінемін десем де, ол өтінішім түкке тұрмайды. Өйткені екі хатыңызға бірдей жауап қайыра алмағаным кешірмейтін  күнә болды. Ренжіген шығарсыз, тек қарғамасаңыз болды. Боқтауға, ұрсуға, ұруға мойынымды ұсынып тұрмын» – дейді.
Мұнда Мәшһүр-Жүсіптен алдында екі рет хат алған Жүсіпбек Аймауытов оған жауап жазбағанын, сол үшін Мәшекең тарапынан боқталуға, ұрсылуға, ұрылуға бар екенін, тек қарғыс арқалағысы келмейтінін айтады. Демек, Мәшекеңнің мінезін жақсы білетін болғандықтан осылай жазғаны анық. Зиялылықтың шыңына шыққан, ұлт жазушысы, аса білімді және әр сөздің қадірін білетін, ол сөздері өз-өз орындарына қоя білетін Жүсіпбек Аймауытов хатқа да артық сөз жазып, құр босқа шығындалмаса керек. Хат басындағы бұл 2-3 сөйлемнен біз қарапайым адам Мәшһүр-Жүсіптің мінезінің кейбір қырларын танимыз. 
Хат арықарай былай деп жалғасады: «Екі жарым ай болды, үйден түзге шықпағаныма. Не істедің десеңіз, «Қылуатта» жатып бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген «Қартқожадан» үлкендігі екі есе үлкен болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын, досты, жолдасты, құрметті қымбатты ағаны ұмытып кете жаздаппын. Мен күнді қалай өткізеді десеңіз, міне, былай: таңертең сағат сегізде тұрамын да, шай ішіп, қызметке бола оқытуға кетемін. Күніне алты сағат бала оқытамын. Сағат үштен үйге  келемін, тамақ ішемін. Одан кейін ұйықтаймын. Сағат алты-жетілерде оянамын. Шай ішемін. Сүйтем де жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгі сағат екі-үшке дейін отырып қалам. Әбден талғанда барып ұйықтаймын. Міне екі жарым айдай көрген өмірім осы. Бірақ бұл күнде романым бітті. Баспаға жібергелі отырмын. Басылып шықса көріңіз.»  
Міне дәл осы сөйлемдерден біз қазақ әдебиетінің классигі, Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының жазушылық шеберханасына (лабораториясы) жолығамыз. «Қылауатта жатып», жаңадан жазып бітірген «үлкендігі Қартқожадан екі есе үлкен» романы қандай туындысы? 
Расында, қазақ даласының бір шетінде Шымкенттегі педтехникум да ұстаздық қызмет атқарып, бала оқытып жүріп жазған Жүсіпбектің мұғалімдіктен тыс уақытының бір сәтін босқа жібермей, «Бар ойын, ынтасын, рухын сол романға арнап», «тап жынды кісідей болып», «жолдасты, досты, құрметті ағаны ұмытып», сағат  кешкі алты-жетілерде отырғаннан «...сол отырғаннан түнгі сағат екі-үшке дейін отырып», «екі жарым айдың ішінде» жазып бітірген қандай романы екен. 
Бастың ішінде пісіп, жетіліп, әбден ақыл-ойды меңзеген, адамның бүкіл еркін билеген шығарманың сюжеті, оқиғасы, тыныс-талабы жазушыны еркіне қоймай ақ қағазбен қара сияға жіпсіз екі жарым ай бойы байлап отырғызып қойып, бір демде соңыра бүкіл бүтін бір ұлттық әдебиеттің алтын қорына кіріп, оның жауһарларының сантына қосылып, ұрпақтан-ұрпақ санасына жететін асыл сөздің хатқа осылай түсуі әрине, таңқаларлық құбылыс.
Ал, осы үлгіні қалдыру үшін Ж. Аймауытовтың аса екпінді күш-қуатын жұмсаған екі жарым ай уақытының қай жылы, қай ай, қай күндері, қай жерде, қалайша өткізгенін бүгін бәрімізде хат арқылы анық білеміз, түсінеміз.
Жалпы, Айтауытовтанушы ғалымдар бұл «Кенесары хан» тарулы жазылған роман екенін, бүгінде қырғыздық бір ғалымда тұпнұсқасы сақтаулы екенін алға тартады. 1936-1938 жылғы қуғын-сүргін кезіңде роман жарыққа шықпай қалған деседі.
«Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел жинап үлкен кітап қылып, баспаға бергенмін. Одан «басылды» деген хабар алып отырмын, рас болса. Бұл жайындағы бір міндет тәрізді нәрсе еді. Ендігі сіздің атыңызды тарихта қалдыруға қолдан келгенше жәрдем ету. Оны орындай алам ба, жоқ па?! Білмеймін. Өйткені ескі сөздің, бұрынғы ақынның қадірін білетіндер азайып барады» - дейді Жүсекең арықарай.  
Әрине, бұл жерде біз Мұхтар Әуезовтың ақылымен, оның шәкірті Бейсенбай Кенжебаев бастап, дәстүр жалғастығын үзбей келе жатқан (бүгінгі Тұрсын Жұртбай және т.б.) арысы Алаштану, берісі соның бір саласы болған Сұлтанмахмұт тану ілімінің түп негізін кім қалағанын білеміз.
 Хат арықарай: «Сіз айтқан соң «ақылға» жабыстым. ... Бізге ақылдың сілемі түсіп, сізден де сілем жағын («жұғама»  болуы керек. авт.) қайдан білесіз? Онша асыл емес қой» – деп «ақыл» – деген термин арқылы Ж. Аймауытовтың өзіне Мәшекең тарапынан жазған «ақыл» – атты «концепция» меңзеледі. Бәлкім Мәшһүр Жүсіп іліміндегі «ақыл» концепциясы арнайы қарастырылар!...
Хат соңында Аймауытов 70-ке келген Мәшекеңе «Қаламға жармасқаныңызды естіп қатты қуандым. Толстой сексенге келгенше жазған ғой. Әркімнің өз Тостойы өзіне-дағы. Тек өмірі болғай деңіз» – деп ақыл айтып, қамқорлық көрсетеді. 
P.S.: Жүсіпбек Аймауытовтың хатын зерттеу барысында тарихи деректерді көптеп кездестірдік. Демек, тарихи тұлғалардың хаттарын зерттеу арқалы тарихтың шынайы беттерін ашуға болады...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
15 шілде 2018 ж. 1 532 0