Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Батагөй ана


Қазақ арман-тілегін жақсы тілекке жалғап, жарқын мазмұнға сиыстырып, жақсы сөзден қуат алатын халық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп не нәрсені де жақсылыққа жоруға құштар.

«Жаңақорған тынысының» қарашаңырағы – қара сөзді кие тұтқан, қоғамнан өзін тыс сезіне алмайтын, тағдыр талайын бұқарамен тығыз байланыстырған жас-кәрінің ашық пікірталас алаңы, жариялылықтың көзі, жаңашылдықтың өзі. Оның тынысын ашатын, тамырына қан жүгіртіп, тағылымға бастайтын біздің сүйікті оқырмандарымыз да сан қырымен ерекшеленеді. Солардың бірі –зейнеткер ұстаз Беркімбаева Гүлзира Жұманазарқызымен еркін сұхбаттаса отырып, жаңа бір әлемнің кілтін ашқандай, жаны дархан қазақ әйелінің ғажайып қадір-қасиетіне қанықтық деуімізге болады.
Ұстаз Гүлзира Жұманазарқызының аудан орталығындағы №3 мектеп-интернатында ұзақ жылдар орыс тілі, әдебиетінен сабақ беріп, құрметті демалысқа шыққанына біраз жыл болды. Бұл кісі туралы мектепте еңбек етіп жүрген кезінен-ақ «батасы қабыл» деген түйсік туындап, жасы да, жасамысы да ол кісіден жақсы лебіз естуге құштар және айтқаны айнымай келеді, ал өзі мүмкіндігінше жан баласына ренжімеуге, нала болып, өкпе артпауға тырысып бағатыны таңқаларлық-ақ жайт.
Гүлзира апай өмірде шыншыл, әділеттің жақтаушысы, тура мінезді тұлға болып қалыптасуында әке тағылымының орны бөлекше дейді. Әкесі Жұманазар мектепті өте жақсыға бітіріп, ғылым жолын қуған кісі еді. Еңбек жолын ДГМСИ-да оқытушылықтан бастап, ғылыми диссертациясын қорғады. Кейін облыстық партия комитетіне қызметке шақырылды. Одан әрі Қармақшы ауданы ауылшаруашылығында, 71-жылдан бастап туған жер экономикасы мен әлеуетін көтеруде кәсіби біліктілігін сарп етті. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білім алды.
Біздің кейіпкеріміз – Гүлзира Жұманазарқызы әкесінің жұмыс бабына қарай Жамбыл қаласындағы №47 Луначарский атындағы орта мектебінде білім алды. Одан әрі аудан орталығындағы №169 орта мектебінде оқыды.
Өмір жолы тақтайдай теп-тегіс болмайды. Сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы пединституттың орыс тілі, әдебиеті факультетіне құжат тапсырған. Жазбаша емтихан-диктанттан 5/2 алып оқуға түсе алмай қалады. Сондағысы, үтірден көп қате жіберіпті. Бұл Гүлзираның жанына қатты батты. Қолы іске бармай, жатады да қояды. Жастығын су қылып, жылап алады.
Негізі, музыкада, ән мен жырда, сайып келгенде талант табиғатынан туған тылсым өрнекте өміршең құдырет болады. Ол өзгенің де жүрегіне барып қонақтап, қиялын тербейді, үміт ұшқынын тастап, жан-дүниесін шалқар шабытқа кенелдіреді. Ол осындай күйді шынайы бастан кешті. Ол кезде ауыл-ауылдарға теледидардың толық келмеген кезі. Радиодан концерт беріліп жатыр екен. Ән тексті құтты өзіне арналғандай: «Не плачь, девчонка, пройдут дожди, Не плачь девчонка, ты только жди»...
Белді бекем буынып, білімін дәлелдеуге тырысты. Бір жыл ата-анасына көмектесіп, жалақысы бар жұмысқа орналасты. Келер жылы өзі аңсаған оқу орнына түсіп, сабақты өте жақсы оқыды. Институтта студсоветті басқарды.
Білікті ұстаздың еңбегі шәкірттерінен танылып тұрады. Оқушылардың орыс тілін ана тілімен қатар игеріп, жоғары деңгейде қарулануына ол бар күш-жігерін, қажыр-қайратын сарп етті.
Ұстаз – шәкірт жүрегінен жол таба білуі тиіс. Сонда ғана оның дәрісі көңілге қонымды, жанға жақын, санада мәңгі ұмытылмастай жатталып қалады. Гүлзира апайдың бір ерекшелігі, шәкірттерін туған баласындай жақсы көретіндігінде. Сабақ беру тәсілі де өзінің көңіл-күйіне қарай сан құбылып, шығармашылдық жағынан өзін шыңдап отырудан жалыққан емес.
Гүлзира апайдың тағы бір қыры – ақындығы. Қадыр Мырзалиев ағамыздың айтқаны бар емес пе:
«Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды шоқ боп маздаған
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған».
Гүлзира апайдың жан дүниесін енді түсінуге болады. Нені болсын жүрегіне жақын алып, жабыққанда қолына қаламы мен қағазын өңгеріп, көңілдегінің бәрін соған төгіп-төгіп алса кәдімгідей жеңілдеп қалатыны бар.
Осы бір дағдысы бүгінгідей зейнеттік демалыста отырған арқа-жарқа кезеңінде әдемі серік болды. Үлкен әулеттің келіні болғандықтан той, жиын-шараларда туған-туысқа, қайын жұртқа жүректен шыққан сұлу жырдан шашу шашып, ақ тілекті әдемі өлеңмен кестелейтіні бар. Осылайша, әке мен бала, ене мен келін, құда мен жегжаттың арасын жарқын тілекпен жалғап жүрген жаны жайсаң ұстаз – ананы ағайынның арасындағы алтын көпір десек те жарасар.
Ері Наурызбай екеуі үлгілі ұл-қыз өсіріп отырған бақытты жанұя. Егемендік тұсында өмірге келген ұлына «Нұрсұлтан» деп Елбасының есімін еншілетіпті. Лайым, ниеттері оңғарылсын. Әманда айналасына ақ тілекте жүретін пендесін жаратқан өзі жарылқайды деген бар емес пе?
Біз нағыз қазақ қызы деуге тұрарлық тұлғамен әңгімелесіп отырғанымызда кабинетімізге әжесі жетелеген жас балғын келіп кірді. Алматыда өткен байқаудан жас қанат жүлделі оралыпты. Апамыз әлгі балақанға тілегей-теңіз батасын бере жөнелді. «Жүйелі сөз жүйесін табар» дегендей, алпыс екі тамырды идіріп, жан-жүйемізді босатқан баталы тілекке көңіліміз еріп, құс болып ұшқан ақ қанат тілектер мына балақанның маңдайын ашарына шын пейілімізбен сендік.
Анамыз сұхбат соңында туған жердің төл басылымына тілектестігін білдірді. Газетті сүйіп оқитынын айтты. Өзінің табиғи дағдысымен сөзін баталы тілекпен тәмамдады: «Ұл-қыздарымыз аман болсын. Жүректері иманға толы ізгі ұрпақтар өсіп келеді. Тәуелсіз Қазақстанның ертеңін жалғайтын осылар. Болашағымыз баянды болсын».
Неге екенін, ақ батасын төгілдірген ананың жанарына жас қонақтады. Бұл имани кемелділіктің белгісі. Ұстаз – ана шариғаттың талаптарын шынайы өмір салтына айналдырыпты. Намазын қаза етпей, оразасын ұстап, енді қажылық сапарға ниеттеніп жүр екен.
Қазақ пен орыстың классиктерін тел оқып, көңіліне тоқыған зиялы азамат дінді тұнып тұрған философия деп санайтынын жасырмады. Яғни онымен амал еткен адам ешқашан ұтылмайды. Ұлттық мұраттарымызға да қол жеткіземіз, – дейді ол сеніммен.
Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ.
17 шілде 2018 ж. 814 0