Бала саулығының бапкері

Қазір балалар денсаулығы жалпы медицина саласында ең өзекті тақырып немесе бәрінен биік тұратын міндеттілік десек қателеспейміз. Өлім мен өмірдің арасындағы майданда жүретін ақ халатты жандардың еңбектері ересен. Болашағымыз – балалардың бүгіні мен ертеңі үшін бар білім-білігін, маңдай терін төгіп жүрген дәрігерлердің еңбегі бір төбе. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, аудандық аурухананың балалар бөлімі медбикесі – Лаура Мұхамбетиярқызы аудан әкімінің арнайы алғысына ие болды.
Негізі дәрігерлік мамандыққа бала кезден қызығып, арман еткен жандар ғана оның қиындығына төзеді.
Лаура 2002-2005 жылдар аралығында Қызылорда «Өркениет» медицина колледжінің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша диплом алып шығады. Еңбек жолын 2006 жылы Жаңақорған аудандық емханасының «Салауатты өмір салты» кабинетінде фельдшер болып бастайды. Осы қызметті 2011 жылға дейін абыройлы атқарып шығады. Одан кейін фельдшерлік қызметін «Тодини конструкшн sta» компаниясында жалғастырып, 2011 жылдан 2014 жылға дейін еңбек етеді. Түркістан қаласындағы «Көпсалалы жоғарғы медицина колледжінің» «мейірбике ісі» бакалавры мамандығын бітіреді. 2015-2026 жылдары Жаңақорған ауданаралық көп бейінді ауруханасының Балалар бөліміне ауысады.
– Алғашында бас дәрігеріміз Ханзада Ахметжанқызының тәжірбиесінен өтіп, жақсы нәтиже көрсеттім. Ол кісінің саладағы тәжірибесін ғана емес, жалпы өмірдегі ұстанымы мен ізденімпаздығын бойымызға сіңіруге тырыстық. Одан кейін Ақсауле Молдахметқызының жетекшілігімен біліктілігімізді одан сайын арттырдық. Шүкір, қазір еңбегіміздің жемісін көріп келеміз, – дейді ақ халатты жан.
Барлық медицина қызметкері секілді, балалар дәрігері де адам анатомиясы мен физиологиясын жақсы білуі керек. Балалар дәрігерінің бойында балаға деген сүйіспеншілік басым болуы шарт. Бұл мамандықта жұмысына жауапкершілікпен қарай алатын жандардың маңдайы жанады. Сонымен қатар, көпшілдік, сабырлылық қажет. «Бұл жұмыстың қиын тұстары – балалардың қай жері, қалай ауырып тұрғаны туралы дұрыс түсіндіре алмауы. Мұндай жағдайда дәрігерге өте зерек болу керек. Көптеген кішкентай балалардың ауруханаға барғысы келмейтіні түсінікті. Сол себепті де, қобалжып тұрған балаларды тыныштандырып, дұрыс жол таба білу балалар дәрігері үшін маңызды – дейді ол.
Күнделікті әртүрлі жастағы және түрлі мінез-құлықты балалармен жұмыс жасау үшін балалар дәрігерінен шыдамдылық пен эмоциональды салмақтылықты талап етіледі. Жыл мезгілдеріне байланысты сырқаттың түрлі өршу кезеңінде физикалық шыдамдылық та керек. Лаура ханымның бұл саланы таңдауы отбасын алаңдатыпты.
– Бірінші әкем қарсы болды, өйткені, бұл мамандықтың ауыртпалығын білді. Адам басына түспей көп істің қадірін біле бермейді. Кешегі «Ковид-19»-дың кезінде менің осы саланы таңдағаныма отбасым шын мәнінде риза болды. Мамандықты қателеспей таңдағанымды түсінді. Бұл да ата-ана үмітінің ақталғанының көрінісі. Негізінен отбасымда дәрігерлікті таңдаған өзім ғанамын, – дейді ол.
Қазірде Лаура балалар бөлімінде кезекші мейірбике, бос уақытында балалар массажын жасайды. Өмірлік серігі Бауыржан Сүлейменов жеке кәсіпкер. Екеуі отбасында 3 ұл, 3 қыз өсіріп отыр.
Отбасында адал жар, аяулы ана, қызметінде білікті маман болған кейіпкеріміздің бар тілегі балалардың амандығы.
Әли ТЕМІРБЕК




