Жүрегі кең, емі шипалы дәрігер

Ақ халатты абзал жан деген ардақты атау әйел-аналарға әдемі жарасады. Тұрғындар саулығының сақшысына айналып, азаматтардың денсаулығын жақсарту жолында табанды тер төгіп жүрген дәрігердің бірі – Гүлжазира Суханова.
Дәрігерлік – жауапкершілік пен адалдықты талап ететін мамандық. Бүгінгі кейіпкеріміз өзінің қызметінде тек кәсіби шеберлігімен ғана емес, мейірбан мінезімен де ерекшеленеді. Науқастардың денсаулығын жақсарту үшін күн-түнмен санаспай еңбек етіп келеді. Кейде ауа райының қолайсыздығына қарамастан үй-үйді аралап медициналық көмек беріп, күйзелісті жағдайдағы емделушілерге психологиялық қолдау көрсетуге де уақыт табады. Осыдан-ақ, нәзік жандылардың медицина саласында да бекемдік пен төзімділіктің үлгісін таныта алар қалтқысыз қызметтерін пайымдауға болады.
Гүлжазира Төменарық ауылының тумасы. Орта мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей Медицина университетінде білім алған. Алғашқы еңбек жолын Кейден ауылдық округінде отбасылық аймақтық дәрігер болып бастаған. Осы елдімекенде 5 жылға жуық қызмет етіп, ауыл тұрғындарының саулығын күзетіп, кәсіптің қазанында әбден шыңдалды. Кейін аудандық емханаға отбасылық аймақтық дәрігері болып ауысып, бүгінде осы қызметті абыроймен арқалап жүр. Отбасында ері екеуі төрт ұл-қызды тәрбиелеп отырған жас отбасы. Үй мен түздің қызметін қатар алып жүруде қаншалықты қажыса да, талса да жүрек қалауымен таңдаған мамандығы күш-қуат беріп келеді.
– Әйел дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалау – олардың әлеуметтік және кәсіби өмірінің көрінісі ғана емес, жалпы қоғамның дамуы үшін де маңызды деп ойлаймын. Біздің жұмысымыз отбасы мен жұмысты теңгерімді сақтауды талап етеді. Уақытымыздың көп бөлігі емхана мен ауруханада өтетіндіктен кей жағдайда отбасына көңілді аз бөлетініміз жасырын емес. Кейде үйде отырып та науқастың жағдайына алаңдап отырамыз. Әрине, мұндайда ең бірінші өмірлік жарың көмекке келеді. Жолдасың жұмысыңның жауапкершілігін түсінгенде отбасы мен жұмысты үйлестіру жеңілдейді, – дейді Гүлжазира Талғатқызы.
Иә, дәрігер – науқастың ең жақын жанашыры, қолдау-көмегін көрсететін қамқоршысы іспеттес. Гүлжазира Суханова сынды дәрігерлер медицина саласында тек үздік маман болумен шектелмей, ауыр жағдайларда пациенттерге моральдық тұрғыдан да қолдау көрсетеді. Бұл қасиеттер, әсіресе балалар мен қарттар арасында аса маңызды. Өйткені, жылы шырайлы дәрігерлер жүректерге жылу сыйлап, үміт отын жағады. Осы тұста, дәрігердің қызметіне ризашылығын білдірген кент тұрғыны Тұрсынай Әлайдарова былай дейді:
– Бір күні аяқастынан мазам кетіп, дәрігер көмегіне жүгінуіме тура келді. Аудандық емханаға барып қабылдауға жазылдым. Мені Гүлжазира қызым қабылдады. Өзі қарапайым, жылы жүзді қыз екен. Ә дегеннен жағдайымды сұрап, қан қысымымды өлшеп, «уайымдамаңыз, жазыласыз» деп ілтипатын аямады. Шыны керек, дәрігердің жылы сөзінен-ақ қуат алып, жазылып кеттім. Осындай жандар көп болсын, – дейді ол.
Рас, дәрігер еңбегі олардың кәсіби жетістіктерімен ғана емес, жан жүрегімен атқаратын қамқорлығымен де бағаланып жатады. Ел саулығы жолында тынымсыз тер төгіп, антына адалдық танытып жүрген Гүлжазира сынды дәрігерлердің табандылығы мен еңбекқорлығына алғыс айтып, құрмет көрсету артық болмайды.
Айсұлу Алданазар