ӨНЕРГЕ ҒАШЫҚ ЖАННЫҢ ӨРНЕКТІ ЖОЛЫ

Қазақ халқы ежелден өнерді ұлттың жаны, руханияттың өзегі деп таныған. Домбыраның күмбірі мен әннің әуені үзілмеген елдің еңсесі де биік болмақ. Осындай ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, ауыл мәдениетінің гүлденуіне өз үлесін қосып жүрген жандардың бірі – Ақшуақ Әсетқызы Дайрабаева.
Екпінді ауылында дүниеге келіп, туған жердің топырағынан нәр алып өскен ол бала кезінен өнерге жақын болып, ауыл мәдениетінің ортасында тәрбиеленді. Оның бойындағы шығармашылыққа деген құштарлық уақыт өте келе үлкен өмірлік жолына айналды.
1994 жылы Екпінді ауылындағы №166 орта мектептің табалдырығын аттап, 2005 жылы мектепті тәмамдады. Жас күнінен еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңірген Ақшуақ Әсетқызы алғашқы мамандығын экономика саласымен байланыстырып, 2006-2009 жылдары Қызылорда қаласындағы И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық колледжде білім алып, экономист-бухгалтер мамандығын игеріп шықты.
Еңбек жолын түрлі салаларда жалғастырып, өмірдің әр белесінде мол тәжірибе жинақтады. 2014 жылы Қызылорда қаласындағы «Энергосервис» ЖШС мекемесінде кассир қызметін атқарса, 2016 жылы «АсылайСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде есепші-бухгалтер болып еңбек етті. Ал 2018 жылы аудандық қазынашылық басқармасында басшының уақытша хатшысы қызметін атқарды. Бұл қызметтердің барлығы оның іскерлік қабілетін шыңдап, ұйымдастырушылық қасиетін қалыптастырды.
Алайда оның жүрегіндегі өнерге деген махаббат ешқашан өшкен емес. Сол арман жетегінде жүріп, 2018-2021 жылдары «Орталық Азия Инновациялық» университетінде музыкалық білім мамандығы бойынша білім алып шықты. Бұл — оның өнерге деген адалдығы мен үлкен ізденісінің айқын дәлелі еді.
2022 жылдың 8 сәуірінен бастап Ақшуақ Әсетқызы Екпінді ауылдық клубы КМҚК-да сүйемелдеуші қызметін атқарып келеді. Содан бері ауыл мәдениетінің жандануына ерекше серпін беріп, көптеген мәдени-көпшілік шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүр. Оның ұйымдастыруымен өткен әрбір кеш, әрбір концерт көрермен көңілінен шығып, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленуде.
Өнер жолындағы ізденімпаз жан тек орындаушы ғана емес, талантты шәкірт тәрбиелеп жүрген білікті жетекші ретінде де танылып келеді. Ол жетекшілік ететін “Әсем әуен” ән үйірмесі мен “Іңкәр” би үйірмесі бүгінде ауыл жастарының шығармашылық ордасына айналды. Үйірмеге қатысатын балалар аудандық, облыстық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленуде. Бұл — жетекшінің тынымсыз еңбегі мен шәкірт жүрегіне жол таба білген шеберлігінің нәтижесі.
Сонымен қатар, оның бастамасымен құрылған “Ақ келіндер” ансамблі ауыл мәдениетінің көркіне айналды. Ұлттық өнерді дәріптеп, халық әндерін насихаттап жүрген ансамбль түрлі мәдени шараларда көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді. Бұл — қазақы болмысты сақтап, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру жолындағы маңызды еңбек.
Ақшуақ Әсетқызының мәдениет саласындағы елеулі еңбегі мен шығармашылық табыстары түрлі марапаттармен бағаланып келеді. 2022 жылы Қазалы ауданында өткен «Замана Заңғары — Ғани» атты облыстық қолөнер шеберлерінің фестивалінде «Тұмарлы өнер» номинациясын иеленді. Сол жылы Жаңақорған ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, «Жас Жұлдыз» өнер байқауында «Үздік ұстаз» дипломын иеленіп, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, Екпінді ауылдық клубының арнайы Алғыс хаттарына ие болды.
2023 жыл да өнер иесі үшін толайым табыстарға толы болды. Қызылорда қаласында өткен халықаралық «Биле Талант» көпжанрлық өнер байқауында «Лауреат II» дипломын иеленсе, Түркістан қаласында өткен халықаралық «Талант» байқауында «Лауреат I» дәрежесін жеңіп алды. Сонымен қатар, аудандық әншілер байқауларында, патриоттық ән фестивальдерінде және облыстық онлайн байқауларда шәкірттерімен бірге жоғары деңгейде өнер көрсетіп, бірқатар Алғыс хаттар мен дипломдарға қол жеткізді.
Мәдениет саласында еңбек ету — үлкен жауапкершілік. Себебі өнер адамы тек ән айтып, сахнаға шығумен шектелмейді. Ол — халықтың рухани жан дүниесін байытатын, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен сұлулықты дарытатын тұлға. Осы тұрғыдан келгенде Ақшуақ Әсетқызы — өнерді өмірінің мәніне айналдырған жан.
Отбасында аяулы жар, ардақты ана ретінде де ол көпке үлгі. Жолдасы Түлкібаев Сағыныш Мұхамбетәліұлымен бірге өнегелі отбасы құрып, екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлдары Мұхамбетәлі Елдос пен Мұхамбетәлі Ернар мектепте білім алса, кенже қызы Іңкәр — отбасының еркесі. Ана мейірімін өнермен ұштастыра білген ол отбасы мен қызметті қатар алып жүрген іскер жан.
Әсел РЗАЕВА




