Өнер мектебіндегі өнегелі еңбек

Өнер – ұлттың жаны, халықтың рухани болмысының айнасы. Өнер – қай кезеңде де елдің еңсесін биік ұстап, санасын серпілткен құдіретті күш. Осы жолды таңдап, оны өмірлік мұратқа айналдырған жандар қатарында ауданымыздағы Әлшекей атындағы өнер мектебінде ұстаздық ететін Абылай Сұлтан туралы айрықша тоқталуымыздың жөні жоқ емес.
Музыкаға бала кезінен құмартқан ол осы өнер мектебінің «баян және вокал» сыныбында білім алды. Ұстаздарының берген тәлімі, сахнаға шығарған алғашқы қадамдары болашақ маманның өмірлік бағытын айқындап берді.
Балалық шақтағы өнерге деген құштарлық уақыт өте келе саналы таңдау мен кәсіби мақсатқа ұласты. Музыка оның өмірінің ажырамас бөлшегіне айналып, әрбір әуен тербелісі жан дүниесінің үніндей жүрегіне орнықты. Талай дарынды өнерпазды түлеткен киелі шаңырақ – Қазанғап атындағы өнер колледжінде «хорда дирижерлау» бөлімінде білім ала жүріп, ол музыка теориясын терең меңгеріп, орындаушылық мәдениетін шыңдай түсті.
Студенттік жылдар Абылайдың шығармашылық тұрғыда қалыптасқан кезеңі болды. Оркестрмен, хор ұжымдарымен жұмыс істеу, түрлі сахналық тәжірибелерден өту болашақ ұстаздың жан-жақты маман болып қалыптасуына жол ашты. Әрбір концерт, әрбір дайындық оның өнерге деген жауапкершілігін арттырып, тәртіп пен талапты бірінші орынға қоюға үйретті.
Білімін толықтырып, тәжірибе жинаған жас маман өзі білім алған қарашаңыраққа қайта оралды. Бұл қадам кездейсоқтық емес, саналы таңдау еді. Өйткені ол өзі сусындаған өнер бұлағына енді шәкірт мейірін қандыруды мақсат етті.
– 2017 жылдан бері Әлшекей атындағы өнер мектебінің «фортепиано» және «концертмейстер» сыныбында сабақ беріп келемін. Ұстаз үшін бұл жай ғана қызмет емес, бұл – миссия. Әр баланың бойындағы қабілетті көріп, соны дамытуға барынша тер төгіп келемін, – дейді Абылай Абайұлы.
Абылай Сұлтанның ұстаздық болмысы – сабыр мен талаптың үйлесімі. Ол шәкірттеріне қатаң талап қоя отырып, ішкі еркіндігін, шығармашылық ойлауын шектемейді. Әр баланың табиғаты әртүрлі екенін жақсы түсінетін ұстаз оқыту әдісін де соған қарай бейімдейді.
– Фортепиано сыныбындағы сабақтарда шәкірттерімнің техникалық машыққа бейімделуі бір бөлек, музыкалық образды түсінуге, шығарманың мазмұнын сезінуге ұмтылысы қуантады. Концертмейстер ретінде ансамбльдік мәдениетке, кәсіби музыкант үшін аса қажет басқа да қасиеттерге баулуға тырысамын, – дейді ол.
Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі
Ұстаз еңбегінің шынайы бағасы – шәкірт жетістігі. Бүгінде Абылай Абайұлының шәкірттері түрлі байқауларда өнер көрсетіп, топ жарып жүр. Ұстаз оқушыларының көбі болашақ мамандығын осы бағытта жалғауды мұрат тұтқанын да айтты.
– Осы он жылға жуық уақыт ішінде шәкірттерім түрлі сайыстарға қатысып, бағын сынап келеді. Олардың әрбірі сахнаға шыққанда бірге толқимын. Өйткені өзім тәрбиелеп келе жатқан талапкердің жүріс-тұрысы, сахнада өзін ұстауы, сахна мәдениетін меңгеруі – барлығы мен үшін өте маңызды. Шәкірттің орын алып, жұлдызы жанғаны – ұстаздың да мерейі.
Желтоқсан айында Түркістан қаласында өткен «Жеті өнер-2025» республикалық өнер байқауына барып, жүлделі орындармен жылды қорыттық. Фортепиано сыныбында оқитын оқушыларым Әділ Қоқан бас жүлдені қанжығаласа, Раяна Мейірбек 1 орынды, Нұрсұлтан Әмреқұл 2 орынды иемденді,– дейді ұстаз.
Оның айтуынша, баланың сахнаға сенімді шығып, өз өнерін еркін көрсетуі – көп жылғы еңбектің жемісі. Сол сәтте ұстаздың да еңбегі ақталады.
Бүгінде Әлшекей атындағы өнер мектебі – ауданның мәдени-рухани өміріндегі маңызды ошақтардың бірі. Мұнда түрлі музыкалық аспаптардан, вокал мен хореографиядан білім беріліп, жас таланттардың қанаты қатаяды. Осындай ортада еңбек ету – ұстаз үшін үлкен мәртебе. Абылай Абайұлы әріптестерімен бірге мектептің шығармашылық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Концерттерге қатысу, есептік кештер ұйымдастыру, түрлі мәдени шараларға атсалысу – оның күнделікті жұмысындағы маңызды бағыттар.
Ұстаздың өмірлік ұстанымы – өнерге адал қызмет ету. Ол үшін атақ-даңқ емес, шәкірттің шынайы ықыласы мен жетістігі маңызды. Музыканы тәрбие құралы деп түсінетін ол жас ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастыруды басты мақсат санайды.
Расымен, өнер – төзімділікті, еңбекқорлықты, жауапкершілікті талап етеді. Осы қасиеттерді шәкірт бойына сіңіру – ұстаздың басты міндеті. Абылай Абайұлы осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан жандардың қатарында.
Өмірін өнермен өрнектеп, келер ұрпаққа аманат етіп келе жатқан білікті ұстаздың бала күнгі арманы мен бүгінгі еңбегі өзара үндесіп, бір арнада тоғысқан. Ол үшін өзі білім алған қарашаңырақта шәкірт тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе. Осындай жанашыр ұстаздардың арқасында ұлттық өнеріміздің іргесі берік, болашағы жарқын болары сөзсіз. Өнерге адал қызмет еткен әрбір ұстаз – ел руханиятының шынайы тірегі.
Айсұлу АЛДАНАЗАР




