№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ескірмейтін құрметтің егесі

Ескірмейтін құрметтің егесі

Зейнетке шыққанына біраз жыл болса да халықтың сыйлысы, құрметтісі болып келе жатқан Түгіскен ауылында 45 жыл фельдшер, дәрігер қызметін атқарған Әзімхан Досжановтың бұл өңірде шарапаты тимеген адам кемде-кем.


Алғашқы күннен бастап Гиппократ антына адалдық танытып, басы ауырып, балтыры сыздай келген әрбір жанға көмек қолын созудан аянып қалған емес. Бәлкім, содан болар ауылдағы ағайынның бәрі әлі күнге ол кісіні «Біздің дәрігер» деп атайды екен. Қылыштай қылпып түсер жастық жалынжігерімен, ынты-шынтысымен ауыл тұрғындарының дертімен қоса көңілін де емдеу үшін зыр жүгіріп, қызмет еткен ақ халатты абзал жанның еңбегі ұшантеңіз.

Ол 1951 жылы 26 ақпан айында Ташкент облысы, Төменгі Шыршық ауданы, Буденный колхозында өмірге келген. 1953 жылы Қазақстанға көшіп келіп, 10-сыныпты аудандағы №51 орта мектепте 1966 жылы бітіріп шығады. 1967-1970 жылдары Қызылорда қаласындағы медучилищіде оқып, фельдшер мамандығын игеріп шығады. Оқуды бітіріп келгеннен кейін алғашқы еңбек жолын аудандық аурухананың жедел жәрдем бөліміне кезекші фельдшер болып жұмысқа орналасады. Араға көп уақыт салмай яғни санаулы айлардан кейін Түгіскен ауылындағы емхананың меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Осы жылдан бастап, бір орында тапжылмай күрделі де, жауапкершілігі мол мамандығын терең игеріп, ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалап, медициналық көмек көрсеткен ауыл дәрігері 45 жыл жұмыс атқарып, 2014 жылы зейнетке шығады.

Халықтың сұрауымен тағы 1 жылды алға оздырыпты. Осы уақыт аралығында облыстық және аудандық денсаулық сақтау саласы басшылығының мақтау қағазы, алғыс хаттармен марапатталған. Ал, 1999 жылы Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталады.

Иа, ауыл халқы құрмет көрсетіп, зейнет демалысына шығарып салғанымен, есігін қағып, дертіне шипа іздейтіндер әлі күнге дейін толастамаған. «Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандықты ұзақ жылдар бойы жауапкершілікпен атқарып, ел мүддесі жолында жасаған игі істері мен өнегелі ғұмыры өскелең ұрпаққа ұлағат болары анық. Мықты дәрігер мезгіл де, мекен де таңдамайды. Нағыз дәрігер өз қызметін адал атқарады. Ауылда туып, ауылда қызмет атқарып, зейнет жасына шықса да науқасты емдеуді парыз санайтын антына адал дәрігерге ауыл тұрғындары да дән риза. Бұл да болса үлкен абырой, адал еңбектің жемісі десек артық болмас, Бәлкім, ниетіне қарай амалы деген рас болса керек-ті. Ұзақ жылдар бойы адам жанын емдеп, дертіне дауа іздеген жанға көмек көрсетіп, қолынан келгенін аянып қалмайтын дәрігерге ауыл жұртшы ризашылық танытып, құрмет көрсетуді жөн көріпті.

Түгіскен ауылының жастары асарлатып, ел сыйлайтын дәрігерге үй салып беруді қолға алыпты. Әуелі, бұндай игі бастаманы ауыл имамы Тайыр Мақсұм көтеріп, ауыл азаматтарына қолқа салған екен. Түгіскен ауылы халқының ауызбіршілігінің арқасында үлкеннің айтқанын дұрыс көріп, жастар үлкен бастаманы қолға алыпты.

Мектеп бітіруші түлектер, ауылдың белсенді жастары алыс-жақындағы ағайынның басын қосып, дәрігер ағаларына баспана салып беруді қолға алып, іргетасын қалап, қабырғасын өріп жатыр.

Міне, бағалай білгенге ауыл дәрігері Әзімхан сынды ел ағасының тұғыры таймас биік тұлға екенінің бұл бір дәлелі. Адам баласына жарық ғұмыр сыйлауда жалықпай еңбек етіп келе жатқан шипагердің жылы да мейірімді сөзінің өзінен шипа тапқан ауыл жастарының дәрігерге жасаған құрметі осындай. Дертіне дауа тауып жүрген жандардың қамқоршысы, ардагер-дәрігер көптің тілеуімен аман болсын деп тілейік.

Әсел Рзаева

20 маусым 2023 ж. 631 0