Кемел келбет
Төменарық өңірінде шәкірт тәрбиесіне ғұмырын арнаған ұстаздар аз емес. Солардың қатарында Балқия Байділдаеваның орны бөлек. Ол – білім берумен ғана шектелмей, тұтас бір буынның қалыптасуына ықпал еткен тәжірибелі педагог.

№223 мектепте бірге қызмет атқарған қысқа уақыттың өзінде оның кәсіби шеберлігі мен адами болмысы айқын аңғардым. Сабаққа бақылаушы ретінде қатыса жүріп, оқушылармен қарым-қатынастағы мәдениетке айрықша көңіл бөлетін. Бірде шәкіртпен сөйлесудің әдебі мен маңызын арнайы түсіндіріп, ұстаздық ұстанымының мәнін нақты ісімен дәлелдегені есте қалды.
Оның басты ерекшелігі – ұстаздыққа жан-тәнімен беріліп, бар әлеуеті мен күш-қуатын шәкірт тәрбиесіне арнауында еді. Яғни өз ісіне берілген адам болды. Қазір мұндай мамандар тым сирек.
Балқия Байділдаеваның бұл жолды таңдауы – бала күнгі арманның жалғасы. №53 мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ ұстаз болуды мақсат еткен ол өзіне үлгі болған мұғалімдерден тәлім алып өсті. Алғашқы еңбек жолын пионер-вожатый қызметінен бастап, Әбіләзім Қарымбаевтың тәжірибе мектебінде шыңдалды. Кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «биология-география» мамандығы бойынша білім алып, кәсіби тұрғыдан қалыптасты.
Содан кейін Байкенже ауылындағы мектептепте ұстаздық жолын бастап, №223 мектепте жалғастырды. Осы жылдар ішінде білім мен тәрбиені қатар алып жүрген білікті ұстаз ретінде танылды.
– Балаға ең алдымен еңбекті үйрету керек. Еңбекпен шыңдалған ұрпақ қана білімін өмірде дұрыс қолдана алады. Білім мен еңбектің ұштасуы – табыстың кілті, – дейді ол.
Бұл ұстаным оның ісінен анық көрінеді. Соңғы 15 жылда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп, 8 «Алтын белгі» иегері мен 20-ға жуық «Үздік аттестат» иесін тәрбиелеуге ықпал етті. Бүгінде бұл түлектер еліміздің әр өңірінде білім алып, түрлі салада еңбек етуде.
Әріптестері оның талапшылдығын, әділдігін және ұйымдастырушылық қабілетін ерекше бағалайды. Ұжым ішінде ол – бастамашыл, жаңашыл идеяларға ашық, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер. Оның еңбегі тек оқу процесімен шектелмей, мектептің ішкі рухын қалыптастыруға да әсер етті.
Ұстаздық туралы ой қозғағанда Балқия апай шәкіртті түсіну мәселесіне ерекше мән береді. Оның пікірінше, әр бала – жеке тұлға, ал ұстаздың міндеті – сол тұлғаның дамуына жол ашу.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ». Осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған ұстаздың еңбегі – бүгінгі білім беру ісінің нақты көрінісі.
Балқия Байділдаеваның өмір жолы – қарапайым еңбек пен үлкен жауапкершіліктің үлгісі. Ол – тек ұстаз емес, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға.




