Ойыншықтарды сатып алуда сақталуы тиіс талаптар
Ойыншықтар - балалардың физикалық, ақыл-ой және шығармашылық дамуына әсер ететін маңызды заттардың бірі. Сондықтан ойыншықтарды сатып алу кезінде олардың сапасына, қауіпсіздігіне және баланың жас ерекшелігіне сәйкестігіне ерекше назар аудару қажет. Ойыншықтарды сатып алудың негізгі мақсаты - баланың денсаулығына зиян келтірмейтін, қауіпсіз әрі сапалы өнімді таңдау.
Ойыншық таңдағанда баланың жасын, даму деңгейін және қызығушылығын ескеру керек. Әр ойыншықтың қаптамасында оның қай жастағы балаларға арналғаны көрсетіледі. Мысалы, үш жасқа дейінгі балаларға ұсақ бөлшектері бар ойыншықтарды сатып алу қауіпті, себебі бала оларды аузына салып, жұтып қоюы немесе тұншығуы мүмкін. Ойыншықтар адам денсаулығына зиян келтірмейтін материалдардан жасалуы тиіс. Олардың құрамында қауіпті мөлшерде улы химиялық заттар болмауы керек. Сатып алу кезінде ойыншықтың өткір химиялық иісіне, бояуының оңай кетуіне және материалының сапасына назар аудару қажет. Жұмсақ ойыншықтардың тігістері берік, ал ішіндегі толтырғышы сыртқа шықпайтын болуы керек. Ойыншықтың бетінде өткір жиектер, үшкір бөлшектер, жарықтар немесе баланы жарақаттауы мүмкін элементтер болмауы қажет. Оның көздері, түймелері, дөңгелектері және басқа да ұсақ бөлшектері оңай ажырап кетпеуі тиіс. Электр қуатымен жұмыс істейтін ойыншықтардың сымдары, батарея бөліктері және басқа элементтері қауіпсіз болуы керек.
Қазақстанда ойыншықтар Еуразиялық экономикалық одақтың ТР ТС 008/2011«Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келуі тиіс. Сатып алушы ойыншықтың қаптамасындағы ақпаратты тексеруі керек. Онда өнімнің атауы, өндірушісі, шыққан елі, баланың жасына қатысты шектеулер және пайдалану жөніндегі нұсқаулық сияқты мәліметтер
беріледі. EAC сәйкестік белгісі өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті талап-тарына сәйкестігін білдіреді. Дегенмен белгіге ғана сүйенбей, өнімнің таңбалануын және сатушы ұсынатын құжаттарын да тексерген дұрыс. Ойыншық таза, шаңнан және ластанудан қорғалған болуы керек. Әсіресе кішкентай балалар жиі аузына салатын ойыншықтардың тазалығына ерекше көңіл бөлінеді. Сатып алар алдында өнімнің қаптамасы бүтін екеніне, ал ойыншықтың өзінде кір немесе зақым жоқтығына көз жеткізу қажет. Сонымен қатар ойыншықты тазалау және жуу тәсілі оның материалына сәйкес болуы керек. Ойыншықтарды сенімді дүкендерден немесе ресми интернет-дүкендерден сатып алған дұрыс. Сатушы өнім туралы толық ақпарат беруге және қажет болған жағдайда сәйкестікті растайтын құжаттарды көрсетуге дайын болуы керек. Интернет арқылы сатып алғанда сатушының сенімділігін, тұтынушылардың пікірлерін, тауардың сипаттамасын және қайтару шарттарын тексеру қажет. Сатып алғаннан кейін чекті немесе электрондық түбіртекті сақтау ұсынылады. Бұл тауар сапасыз немесе ақаулы болған жағдайда сатып алушының өз құқықтарын қорғауына көмектеседі.
Мынадай белгілері бар ойыншықтарды сатып алу дан бас тартқан жөн: өткір иісі бар немесе бояуы оңай кететін ойыншықтар, сынған, жарылған немесе өткір қырлары бар өнімдер, ұсақ бөлшектері оңай ажырайтын ойыншықтар, өндірушісі мен қажетті ақпараттары көрсетілмеген тауарлар, қаптамасы зақымдалған немесе қауіпсіздігіне күмән тудыратын өнімдер, баланың жасына сәйкес келмейтін ойыншықтар.
Ойыншықтарды сатып алу кезінде баланың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Сапалы ойыншық баланың денсаулығына зиян келтірмей, оның ойла қабілетін, қиялын, қозғалыс дағдыларын және шығармашылығын дамытуға көмектеседі. Сондықтан ата-аналар мен сатып алушылар ойыншықтың жас ерекшелігіне сәйкестігін, материалын, сыртқы сапасын, таңбалануын және қа-уіпсіздігін мұқият тексеруі қажет. Ойыншықты дұрыс таңдау - баланың денсаулығын қорғаудың маңызды бөлігі.
Аудандық СЭББ
бас маманы Мамбетова Гульбану Нагызхановна




