Құнды қолжазба құпиясы

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл. Мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылып отырған ақынның мерейтойы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде оның өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында көптеген ауқымды мәдени, ғылыми іс-шаралар өтуде. Әрине, бұл заңды үдеріс саналады, өйткені артында қалдырған рухани мұрасы тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ ұлы тұлға – хакім Абайды дәріптеу әрбір парасатты адамның борышы деп білеміз.
Сөз жоқ, ақынның шығармаларын – ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік, қайталанбас дара туындыларын ғасырлар бойы маңызын жоймайтын, тәлімі мен тағылымы мол сарқылмас бай қазына ретінде игілікке жаратудан ұтарымыз мол. Міне, сондықтан Абай мұрасын сақтау, насихаттау, зерттеу жұмыстары Мемлекеттік орталық музейінде назардан тыс қалған жоқ. Музей қорындағы сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар коллекциясы қорында Абайдың жеке өмірі, шығармашылығы және қоғамдық-саяси қайраткерлігі туралы бірсыпыра жазба ескерткіштер сақталған.
Ақынның мерейтойына байланысты Мемлекеттік орталық музей ғалымдары араб және латын қаріптерімен жазылған оның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы 5 түпнұсқа қолжазбаны ғылыми-инвентарлық каталогтар ретінде жарыққа шығарды. Ғылыми зерделеуден өткен бес қолжазба екі кітаптан тұратын құнды жәдігерді өз ауданымыздағы «Руханият» орталығында орналасқан кітапхана сөресінен таптық. Құнды қолжазба туралы кітапханашы Замира Садықова тарқатты:
– Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар атты ғылыми-инвентарлық каталогтың 1-кітабына Абайдың араб әрпімен (қадымша) қазақ тілінде қара қарындашпен жазылған жазбасы, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» ой-пікірі, Тұрағұл Ибраһимұлының (1875-1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» деп аталатын еңбегі және Мүрсейіт Бікіұлының (1860-1917) қолжазбасы енгізілген. Аталған қолжазбалардың факсимилесі мен кирилше нұсқалары қатар беріліп отыр. Бұл құнды қолжазбалар қалың оқырманға ерекше қызығушылық тудырумен қатар салмақты ой салып отыр, – деді.
«Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар» атты ғылыми-инвентарлық каталогтың 2-кітабына Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984) «Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша» атты латын әріптерімен қазақ тілінде жазылған еңбегі енгізілді. Аталған қолжазбалардың факсимилесі мен кирилше нұсқалары қатар беріліп отыр.
Абай шығармашылығына қатысты ғылыми-инвентарлық каталогтарды құрастыру барысында аталған түпнұсқа қолжазбалар мен олардың кирилше нұсқаларындағы өлеңдер мен қара сөздердің барлығы жолма-жол нөмірленіп, яғни екеуі бір-бірімен сәйкестендіріліп берілген. Қолжазбалардың түпнұсқаларының факсимилелері тиісті кирилше нұсқаларымен бірге тұңғыш рет жариялануы бұл жинақтардың басқа басылымдардан ерекшелігін көрсетіп қана қоймай, оның танымдық тағылымын айрықша арттыра түседі. Сонымен қатар түпнұсқа қолжазбалардағы сөздер қалай дыбысталып, жазылса, кирилше нұсқаларында да дәл солай берілді. Каталогтарда материалдардың осындай тəсілмен берілуі абайтану саласындағы болашақтағы текстологиялық зерттеулерге айрықша жеңілдік туғызары сөзсіз. Бұл ақын шығармаларының одан əрі дамыту үрдісіне соны серпін береді.
Құнды жәдігермен танысып, ақынның түпнұсқа өлеңдерін оқып, қазіргі кітаптардағы жазбаларынан біраз алшақтық барын аңғардық. «Қаны қара бір жанмын, жаны жара, Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла, Соқтықбалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» деп келетін жолдарының бірнеше қатары уақыт өте келе алынып тасталғаны белгілі болды. Бірінші томында айтылған тарихи деректер жайында жан-жақты ізденіп жүрген ғалым, аудан орталығындағы №3 мектептің мұғалімі Асқар Бекбергеновтің көзқарасын білдік.
– Абай ескі заманның берекелі тұрмыс-тіршілігін, ата-бабалардан қалған турашыл, адал адамдардың кісілікті мінездерін қулығы көп өз заманынан артық көрген. Бұл туралы қара сөздерінде көрініс тапқан. «Ескілік киімі» және басқа да шығармаларында ескі замандардан жеткен, түркі-моңғол хандықтары заманынан қалған этнографиялық, танымдық мұраларды, замандастарына үлгі көрсетеді. Қазақтың бірі ұғып, бірі ұқпаған, ұмытыла бастаған ұлттық жәдігерлерін – халық шеберлері жасаған, көненің көзіндей асыл жауһарларды ақын Семейде жасақталған өлкетану музейіне тапсыру ісімен де шұғылданды, – деп әңгімелеп берді.
Тарихи туындыда түркі заманының бейбіт-берекесінен айрылуын жаугершіліктің күшеюімен байланыстырады. Майқы би бастаған он екі би Шыңғыс ханға барып, билігін мойындап, оны Шыңғыстауда «ақ киізге отырғызып хан көтергендігін» ел аузындағы аңызбен байланыстыра жазады. Қазақта да, башқұртта да бар бұл аңыздың тарихи негізі – Шыңғыс хан әскері келгенде Арқадағы дала халқының көбі соғыспай мойынсұнғанын ұрпақтары есте сақтаған.
Әкесі Құнанбайдың 1846 жылы А.Янушкевичке Шыңғыс ханның шыққан тегі қалмақ екенін, моңғолтілді жұрттан шығып, Шыңғыстаудан ұлы жорыққа аттанғанын айтады.
Сонымен қатар Абай қазақ халқының арғы тегі мәселесіне қатысты өз көзқарасын білдіреді. Қазақ ішінде дін иелерінің қатысуымен жазылған кей шежіре әңгімелерге сүйеніп, ел ішіндегі «қазақ арабтан шықты» деген түсініктің қате екенін ескертіп, оның себебі «бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен» деп ғылыми тұжырым жасайды. Сонымен бірге, Абай «қазақ» атауына келгенде этнонимді арабтың өздеріндегі көшпелі «хұзағи» деген халыққа «ұқсатып айтқан екен» деген бүгінгі ғылым қостамайтын жорамалын да айтады.
Биылдан бастап ғылыми айналымға түскен бұл кітаптың ғалымдар, ізденушілер мен қалың оқырман қауымға арналып отырғаны сөзсіз. «Мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың өмірі, оның өшпес мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі болып қала бермек.
Мақпал МАРҚАБАЙ




