Тұлғаны тәрбиеші тәрбиелейді

Баланың тұлға болып қалыптасуында балабақшаның алатын орны ерекше. Өйткені, баланың балабақша тәлім-тәрбие алып, қоршаған ортаға деген қызығушылығы артатын қасиеттті орыны. Ал осында қызмет атқаратын тәрбиешілер баланың бойындағы қабілетін ашып, жан-жақты дамыта отырып, мектеп қабырғасына бейімдейді. Сондықтан тәрбиеші алғашқы күннен бастап баланы өз қамқорлығына алып, қолына алғаш қалам ұстатып, бала жанының бағбаны болатыны белгілі. Сондай жанның бірі, Жаңарық ауылындағы «Бәйтерек» бөбекжай бақшасында 10 жылдан бері психолог маман болып қызмет етiп келе жатқан Несібелi Арынғазиева.
Расында, тәрбиеші мойнына ешнәрседен хабары жоқ бүлдіршіндердің бойына тәрбие дәнін сеуіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктеледі. Әсіресе, бүгіннің күннің балалары өзгерек. Неге десеңіз, бірі үйдің кенжесі, бірі тұла бойы тұңғышы, барлығы да ата-аналарының еркесі мен серкелері. Осындай балаларды бірыңғай тәртіпке баулитын орта – тағы да балабақша мен тәрбиеші ұстаздар.
– Бір қарағанда тәрбиеші, оның iшiнде психолог маманы оңай мамандық болып көрінеді. Бірақ, осы салада қызмет еткен әрбір маман оның жауапкершілігін жақсы түседі. Тәй-тәй басып, тілі былдырлап шығып жүрген баланы әкеліп, қолымызға тапсырады. Ол бір емес, бірнеше бала. Оның әрқайсымен жұмыс істеп, оның ішкі әлемін, мінез-құлқын зерттеуің керек. Десе де, осы салада жүргеніме еш өкінбеймін. Әр үйдің ерке баласын тәрбиелеп, ата-ана сенімінен шығудың өзі оңай жұмыс емес. Ұдайы өзге балабақшалармен тәжірибе алмасып, түрлі тренинг сабақтарға қатысамын. Егер тәрбиеленушілеріміз жетістікке жетіп жатса, соның өзі біз үшін үлкен жетістік. Бүгінгі заманның талабына сай өнерлі, білімді, жан-жақты дамыған, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ қалыптастыру жолында жұмыс істеп келеміз. Кез келген ата-ана балаларын балабақшаға берместен бұрын «ол жерде балам не үйреніп шығады, тәрбиеші қандай болады екен?» деген ойдың мазалайтыны анық. Оны ата-аналар күнделікті өзімізден де сұрап отырады, – дейді Несiбелi Сайлауқызы.
Кейіпкеріміздің сөзінше балаларды жалықтырмау үшін сабақты ойын әдісімен өткенді құп көреді. Ойын – балалар үшін күрделі әрекет, ол білімді, ақылды ұйымдастыруды қажет етеді. Ал білімді бала қайдан алады? Оған бала ойын арқылы өзі үйренеді, үлкендер де үйретуге тиіс. Ойынның өз мақсаты, жоспары, арнайы заттары, тағы басқа көптеген ерекшеліктері болады. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады, яғни ойын арқылы бала білім алады. Бала зейіні қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар оның ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез-құлқын, ерік-жігерін қалыптастыратынын алға тартты.
– Психолог мамандығы шығармашылық пен ізденіске толы мамандық. Қазіргі таңда психолог болып жұмыс істеу үшін университет немесе институт білімі аз болады. Қосымша жұмысыңнан бөлек, үнемі жаңа өзгерістерге сәйкес білім алып отыру керек, – дейді кейiпкерiмiз.
Несiбелi Сайлауқызымен сөйлесе отырып, тәрбиеші болу жай ғана мамандық емес екенін ұқтық. Ол адам болып қалыптасудың баспалдағын қалыптастырушы, келешек ұрпақтың қоғамнан өз орнын тауып, айтар ойын еркін жеткізуге бағыт-бағдар беруші.
P.S. Иә, балғындардың салиқалы ұрпақ болып жетіліп, олардың өмірден өз орнын адаспай табуына, тұлға болып қалыптасуына ата-анадан кейінгі тікелей жауапты тұлға – тәрбиеші ұстаз. Бүгінгі кейіпкеріміздің бір күндік жұмыс барысымен танысып, оның өз ортасында беделді екенін аңғардық. Бүлдіршіннің саналы ұрпақ болып қалыптасуы үшін сапалы біліммен қатар денінің саулығын да бірінші кезекке қоятын ол балдардың уақытылы ас ішіп, көңіл-күйлерінiн көтеріңкі әрі дене жаттығуымен айналысуына да бар назар аударатынына көзіміз жетті.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ