№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА


Отанын жаудан қорғауда қолына қару алып майданға аттанған жаңақорғандықтардың қатарында небір сын қатерді бастан өткеріп аман келген, сол бастан кешкен шындықты қанын сорғалатқан күйі қағазға түсіріп «Қазақ тұтқыны» атты кітап жазып кеткен Сүлеймен Бекенов ағамызды не үшін еске алып отырмыз?
Адамды заман шыңдайды. Ал адами мүмкіндіктің таза тұрқы «тар жол, тайғақ кешудерде» сынға түседі. Сол жолда кісінің әзиз басын әулекіліктің сан түрінен арашалап, әділеттің жолына бастайтын ең басты күш – білімде.

Әрине, кітап бір күнде жазылмаса керек. Осыдан отыз жылдай бұрын соғыс ардагері майдан күнделігінің бір үзігін газет редакциясына әкеліп тапсырғанында редакторымыздың жас демей менің қолыма ұстатқаны есімде. Оқып шығып, бір жеріне де қаламұшын тигізуге дәтіміз бармады. Ойдан шығарған детальдан ада, тек шынайы фактілерге сүйенген естеліктен көркемдікті талап ету орынсыз. Жауынгердің өзі бастан кешкен оқиғасын жалпақ тілмен тап-тұйнақтай баяндап шығуының өзі тарих. Тақырыбы қойылмаған жазбаны оқып бола бере «Шындық шынжырлауға көнбейді» деген иректер әріпке айналып көз алдыма келді. Мұндай да болады екен.Тақырыбын тап солай етіп қойып қолжазбаны машинкаға түгелдей өзім теріп шықтым да дайын мақаланы газетке ұсындым.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашистік Германияға тұтқынға түскен, кейін партизандық соғысқа араласып елге келгеннен кейін де тағдыр тәлкегіне түсіп, сталиндік қуғын-сүргін азабын көрген қазақ жауынгерінің бастан өткерген қиямет қихаялары 2007 жылы «Қазақ тұтқыны» деген атпен «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясынан ҚР Ұлттық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт­бай Аяғанның редакторлығымен басылып шыққан. Қарт жауынгердің қалтасы көтерер шамада ғана шыққан кітапты табу қиын. Жас ұрпақты жауынгерлік рухта тәрбиелеуден бөлек, өзіміз мектепте оқығандай, жеңіске ғана лайық «жасампаз» компартияның шынайы бет-бейнесін ашып беретін құндылығымен қымбат дүниені тауып алып, тағы бір парақтап шықтық.
Бекенов Сүлеймен ағамыздың қысқаша өмір жолына тоқсалсақ, ол Қаратаудың етегіндегі Қосүйеңкі ауылында туып, жағдайдың қиыншылығынан он екі жасында бірінші класқа бір-ақ барған екен. Тас жарған талабымен төрт жылдық біліммен-ақ қалаға келіп педтехникумға оқуға түседі.
Оқуды бітірген соң белсенді комсомолдар қатарында канал қазу жұмысына алынған екен. Одан әрі қолына қару алып майданға аттанады. Ол бұл туралы кітабында былай деп жазады: «1942 жылдың 3 қаңтарында Жаңақорған ауданы бойынша 1920,1921,1922 жылғылар әскери комиссариатқа шақырылдық. Қосүйеңкіден мен және менің туысым әрі досым Мінтай екеуміз бармыз. Жаңақорғаннан 120 жігіт екі вагонға жайғастық. Екі күндей жүріп Самарханд шаһарынан түсіріліп казармаға орналастық. Ноқталанған бұзаудай болдық. Дайындықтан өтіп болған соң алғы шепке аттанатын болдық. Бесарық ауылынан Иманбердиев Молдақожа мен Жұмабеков Тұрсынхан, Мінтай, мен бір батальонда болсақ деп армандадық. Бөлінбеу үшін не істеу керек? Кімге айту керек? Командирлердің бәрі орыс. Бір тәуірі, менің орыс тілінен сабақ берген мұғалімім орысшаға ағып тұрған кәріс жігітімен достасып, тіл сындырғаным оңды болды. Майорға барып ауылдас үшеумізді бірге бөлуін сұрадым. «Қасыңдағылар орысша біле ме?» деп еді, «Лучше чем я» деп соғып жібердім. Сөйтіп, үшеуміз де 6 армияның 103-дивизиясы, 393 полк құрамында қалдық».
Жауынгер-жазушының кітабының «Майданда» бөлімінде дайындықтан өткен солдаттардың вагонға тиеліп батысты бетке алған бірінші күннен бастап бастан өткендері егжей-тегжейлі баяндалады. «Состав есекаяңмен жүріп келеді. Жолшыбай көп тоқтап, жиі-жиі бомбаланып әбігерлендік. Соғысқа жетпей, жауға қарсы бір оқ шығармай өліп кетсек өкінішті-ақ. Сонда елге қандай хабар барады?»
«…Мінтай екеуміз бір пулеметтеміз. Таң алдында жау артиллериясы екі сағаттай атқылады, астаң-кестеңіміз шықты, қатты қорықтық. Артта біздің зениткаларымыз да дамылсыз атумен болды. Воздушный бой болмады. Өйткені бізде самолет жоқ болыпты. Зениткалардың оғынан біраз немістің бомбардировщиктері жанды. Оны көргенде орыстар «молодец» деп қояды. Бөлімде 4 қазақ соғыстың әдепкі күнін ауырладық, қорықтық, мең-зең, молодец деуді де еске алмадық. Самолеттерден соң құмырсқадай қаптаған неміс танкілері келеді. Бізден шығын баршылық. Гранат дайындауға, ПТР-ға команда болды. Танкілерге қарсы ең басты қару 45-тік зеңбірек бізде жоқ. Есімізден тануға айналдық. Взвод командирі Шурыгин, рота командирі Кузьменко, взвод командирі көмекшісі Истомин жиі-жиі аралап, тапсырмалар беріп жүр. Бұлар неткен батырлар. Олардың аралауы бізге қуат, жігер беріп кетеді. Сонша қаптап келе жатқан алып күштің бетін қайтаруда біздің де де үрей сейіле бастаған сияқты. Ауылда жүргенде Мінтай, Тұрсынхан мығым батырлар сияқты еді. Ал Молдақожа бізден әлдеқайда ұстамды болатын. Мына бәлелерді көргенде үн-түнсіз қалды. Сонымен ПТР-ға, граната связкаларға кезек берілді. Әттең 45-тік деп армандаймыз. Орыстардың көрсеткен батырлығында шек жоқ деуге болады. Танктердің оборонды бұзып өте алмағанына қарамастан артында каптап келе жатқан неміс олдаттары шабуылға бірнеше рет ұмтылды. Кеңес солдаттары ойсырап қырылсақ та үлкен қарсылық көрсеттік. Бір тәуірі, майда қару гранат, патрондар мол болды. Жаяуларға қарсы, әсіресе, пулеметтер үлкен күш көрсетіп, бетін қайтарды.
Түнге қарай бізге қосымша күш келді. Рота командирі Кузьменко «Енді шабуылға шықпаймыз. Біздің мақсатымыз оборонды қорғау» деді. Менің, Мінтайдың, Молдақожаның арқамыздан қақты. Рахмет айтты. Командирдің соғысқа кіргенге дейінгі бізге деген селсоқ көзқарасының беті өзгерген. Ол бізді інілеріндей көретін болды. Бізде бәрін ұмытып аға көрдік.
Қарапайым жауынгердің де өз ойы, пікірі бар. Жау жағы бар техникамен бізді қиратып, қанға бөктіріп жатқанда біз жақ неге ойланбайды дейміз. Тек гранаттармен, ПТР-мен танктердің бетін қайтарды дегенге кім сенеді? Комротаның айтуынша, мұндай тәсіл тарихта болмаған дейді.
Екі тәулік неміс шабуылдан соң бір түн тыныш болды. Таң ата көзім ілініп кетті ме, орасан зор дыбыс жер-дүниені көшіріп келеді. Көзімді зорға ашып, қарсы алдымнан неміс танкісі жақындап қалғанын байқадым. Окоптан шыға артқа қашып барамын. “Назад” деген бұйрықты естіп. жалт бұрылып тез окопқа секірдім. “Готов гранаты!”, «Бросай гранату!” деген бұйрық болды. Бұйрықты дәл мағынасында орындап үлгердім. Танк шыр айналып тұрып қалды. Бұйрықты берген Кузьменко болды. Әйтпегенде тура келіп қалған ажалдан естен танып қашқан күйі оққа ұшарым анық еді. Бір қолайсызы, елден ерек жалғыз өзім қашқаным ұят болды. Комротаның бұйрығы болмағанда мені танк пулеметчигі ұзаққа жібермес еді» деп жазады ол.
«…Бір күні соғыссыз, артық қарсылықсыз, немістер позициясын тастап шегіне бастады. «Немістер шегінді. Біз жеңдік» дейміз. Неге екенін, үшінші күні біздің полк кері шегіне бастадық. Жеңістің буына еліріп алғанбыз, қаншама реніш, сөгу, «предательство» дейміз. Орыстар не айтса біз де соны айтамыз. Әңгіме көп, бәрі білгіш, бәрі стратег. Біз, санаулы майда ұлттар ешнәрсе түсінбейміз. Жатқан жұмбақ. Лауазымдылар болмаса біздей көз алдағысынан арыны көре алмайтын қара жаяуға түсіну қиын. Сонымен бірден-бірге жеткен мағлұматтан білгеніміз, немістер өтірік жеңіліп, шегініп, бізді қуысқа қапқа кіргізіп алып, арттан екі флангадан қысып, тұтас қоршауға алмақ. Содан соң соғыс жабдығынан, тамақтан тарықтырып тұтқындауды жоспарлаған. Мұны кешірек сезіп қалған шенділеріміз алды-артымызға қаратпай шегіндіріп, бізді қаптан құтқарып алды.
Командир Кузьменко мені танкті гранатамен тоқтатқаным үшін наградаға ұсыныпты. Соғыста солдат награда үшін емес, ерлік көрсетіп отанын қорғау төл міндеті. Әсілінде, бұл жерде мен емес, Кузьменко наградаға лайық, бірақ командирлер өзін-өзі наградаға ұсына алмайды.
Соғыста кейде қолма-қол айқасқа тап келген сәттер болды. Ә дегенде сескендім. Кейін ол үрей ұмытылды. Мұнда екінің бірі өледі. Сол үшін жанталасып әрекеттену керек. Менің туыстарым Молдақожа, Мінтай, Тұрсынхан мығым жігіттер еді, оның үстіне Самархандта айқастың осы түрінен күніге бір-екі сағаттан үйретуде әбден зәразап болған едік. Енді оның пайдасы тиді. Соғыстың бұл түрі өте ауыр. Әсіресе әлжуаздаулар үшін обал. Алты ай үргін-сүргінде біздің бөлімше 6 рет осындай бетпе-бет ұрыста болғанында жоғарыдағы үшеуі денесіне дақ салдырмады. Тек мен ғана байқаусызда оң жақ білегіме аз ғана белгі салдырғанымды кейін жайбарақатта сездім.
Көп ұзамай біздің полктен 25-30 жас арасындағыларды жинап, бізге таныс емес политрук лейтенат бір жаққа алып кетті. Политрук өзі де жас, қарапайым, ақ көңіл жігіт екен. Соны пайдаланып жолшыбай «қайда апарасыз?» деп сұрадық. «Сендерден генерал дайындаймыз, бір ай оқисыңдар» деді. Ауылда Қызылорда педтехникумында бірге оқыған, армияға бірге алынған, бірақ басқа полктан Беркінбаев Балтабай да осы оқуға ілініпті. Сонымен айға жуық оқыдық. Соғысты басқару өнері, компасты пайдалану, карта жасай білу, саяси дәрістер өтті. Оқу атүсті бітті. Оқу бітіргендер бәрі взводтарға командир болған сияқты. Мені штабқа шақырып алды. Айрықша отрядқа алатынын айтты. Әскерде уәждесіп жағдай айту жоқ, «есть» деп құтыласың. Сол күні 13 жауынгер бірден партия қатарына алындық. Бұл он үшіміз «группа смельчаков» деген топ атандық. Ауыр әрі жауапты, қиын операцияға, керек кезінде неміс тылына өтіп ауыр тапсырмаларды орындауға, тіл әкелуге тура келеді. Отрядта өңкей жастар, сақадай сай жігіттер» деп жазады.
Кітаптың келесі бөлімі полк барлаушысының әрбір тапсырманы орындау кезіндегі қауіп пен қатерге толы оқиғаларды баяндауға жалғасады.
«Жан-жақты әлсіреген Одақ жауынгерлеріне қорғаныс шебін ұстап тұру оңайға түспеді. Мұны толық сезінген неміс армиясы дамылсыз қарсы шабуылды жиілетті. Одақ жауынгерлері жан-жақты әлсірегендеріне қарамастан адамзат мүмкіндігінде бұрын-соңды кездеспеген ерліктер көрсетіп, оборонды ұстап тұрды. Жау жағы заманына сай техникасының арқасында 9 – армияның шебін бұзып, осы бағыттағы үш армияны толығымен қоршауға алды. Қоршауды сырттан бұзып, көмек көрсетуді Одақ көсемі керек етпеді. Қоршау қусырыла берді. Бірақ сонда да жауынгерлер немістерге бірнеше ай қарсылық етіп беріспеді. Әрекеттері­нің нәтижесіздігін сезген Одақ басшысы Сталин маршал Тимошенко мен әскери кеңесші Н.Хрушевті түнделетіп самолетпен қоршаудан алып шығуды жөн көрді. Қатары әбден сиреген үш армия жұрнағы қоршауда басқарусыз қала берді. Байланыс жүйесі мүлдем тынды. Әркім неміске өзінше қарсыласты. Есепсіз қырылды. Ретсіздік орын алды. Сонымен 5 айға созылған қоршаудағы соғыс аяқталды. Қоршаудағы 240 мың жауынгердің 220 мыңнан астамы теңсіз соғыста қаза тапты, ал қалғаны қарусыз қолға түсті.
Оның ішінде мен де тұтқындалдым».
Кітаптың бұдан кейінгі «Неміс тұтқынында» тарауында «Басқарусыз шашыраңқы соғысқан жауынгерлердің басын біріктірмей тұтқындаған немістер толық қарусыздандырып бір жерге топтастырып, айдауға алды. Аштықтан әлсірегендер, ауыр жаралылар колоннаның артында сәл ілесе алмай қалса неміс солдаттары оларды атып, немесе штыкпен шаншып өлтіріп тастап отырды. Кейде ауыр машинамен колоннаға кіріп 20-30 тұтқынды бірден жаншып өлтіріп тобымызды азайтуға тырысты. Кейде жете­гіндегі овчарка иттеріне талатып тамашалады. Осылай айға жуық айдады».
Жауынгер жазбасында «Тұт­қыннан қашқанда», «КГБ құрсау­ында», «Кеңес тұтқынында», «Ай­дауда» деген тарауларында баяндалатын адам төзгісіз азаптың түрлері аза бойды қаза етіп, осынша қан қасаптан аман қалған қазақ жігітінің рухының мықтылығына қайран қалдырады.
Неміс қоластында ауыр жұмысқа жегіліп жүріп те қолдан келгенше жаудың күшін әлсірету талабы бір сәт естен кетпегенін айтады. Оны сезіп қалса күнім бітті дей бер. «Алты адам вагонмен келген снарядты жинап жаттық. Жалғыз бақылаушының қалғанын пайдаланып, снарядты орта белінен ағашқа ұрып оғын шығарып гильзаның түбіндегі дәріні төгіп, оғын қайта орныны тығып жинай бердік. Сол күні 30-40 шамасындай снарядты жарамсыз еттік. Түнде рота басқарушысы өзбек жігіті оңаша келіп, жазаның ауыр болатынын ескертіп, қашамыз десеңдер өздерің біліңдер деді» деп жазады.
Жауынгер неміс жерінде өлімге бұйырылған тұста суішкілігі таусылмай аман қалғаны жөнінде былай деп жазады.: «Тұтқындар ротасын қатарға тұрғызып қойып алтауымызды шығарып өзімізге шұңқыр қаздырды. Шұқыр қаза бастағаннан елімді, анамды, інімді, намысшыл жеңгем Әсемкүлді, ағам Бабайды, қыз апам Айнагулді түгелдей көз алдымнан өткердім. Мен туралы не дерек барады екен? «Отанын сатты. Неміске қол көтеріп өтіп кеткен» деп құрастыратындар табылар. Артта қалған ел үшін көкіректі отқа тостық, мәжбүрліктен қолға түсіп, жапа шегіп, ит өлім құшып жатырмыз. Бұған кім кінәлі?» деген өкініш жанды жеді. Шұңқыр дайын болған соң түсіп жатуға бұйырды. Не де болса атқанын көрмейін деп төмен қарап жаттым. Атпады, көме бастады. Демім тарылып өкпем қысылды. Қолымды қырымен қойып саңылау жасамаққа, аз да болса өмір сүрмекке әрекет етіп жатырмын. Бір кезде қайтадан жарық дүниеге қарманып шұңқырдан шығарылғанымды білдім. Есімді тез жиып, жан-жағыма қараймын, жазаны көздерімен көрсін деп сапқа қойған тұтқын ротасы сол қалпында тұр. Кейін білгеніміздей, бізді көміп жатқанде немістің полковнигі (оверест) келіп қалып «адамдарды хайуандық жолмен өлтіруге болмайды» деп ашқызып алған екен»
Сүлеймен Бекеновтың естелік кітабы 1931-33 жылдардағы ашаршылықтан басталады. Оның барлығы өзінің балалықты білмеген бейнетімен қоса өріліп сол кездегі ел жағдайынан толық хабар береді. Одан әрі соғыс басталғаннан кейін майданға аттанғандардың қандай жағдайға ұшырағанын, ұрыс кезіндегі солдаттың жанталасын, аштықты, кеңес әскеріндегі біз білмейтін бей-берекетсіздікті өз көзімен көріп, бастан кешкенді ғана тізіп жазған жауынгердің тозақтың отына күйсе де мұқалмаған жігерін ата-бабадан келе жатқан алатау рухтың құдіретіне телідік. Абай атамыз айтқан: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, қайратың мен ақылың екі жақтап» деген өсиеттің даналығы әсіресе осындай қарақан басы қорғансыз қалғанға атасының өзіндей араша түседі екен. Тағдырдың сойқан талқысында мұның соған анық көз жетті. Ақиқаттың, әділін айтқанның, жұдырықтай жүректегі намыстың алауы тіпті алқымына пышақ тақап тұрса да бойды қыздырып, мысы басым түсерін дәлелдеп, тіпті қас жауының алдында жаннан қорқып жалғанды мойындамай қойған төзімділігі кейін өзін де қайран қалдырған.
Неміс тергеуінің азабы өз алдына, кеңес тергеушілері «тарих» үшін мынадай протоколды алдын-ала дайындап қол қоюға мәжбүрледі. «Неміске өз еркіммен тұтқындалдым. Одаққа қарсы соғыста болдым. Одақ идеясына қарсымын.Тергелуші тек «оқыдым, таныстым, мойындаймын» деп қол қойса бітті, еліне қайтарылады деп түсіндірді. Соған сенген болу керек көп тұтқын «кінәлі» болып шықты. Есінен танғаншы таяқ жеп, нешеме қорлықты көрсе де ол бұл протоколға қол қоймады. Бұлай деп мойындаса, өліп кеткен күнде де артта қалған ата-ана, ұрпаққа таңба емес пе? Соңғы кеп жауап алған тергеушінің қазақтардың соғыста көрсеткен ерліктерін көргенін, өзіне сенім білдіретінін айтып, адамша тілдескенін көріп, «тікен алақанмен» маңдайдан сипаған жағдайды түсініп тұрса да оған бар шынын айтты. «Егер маған жанашырлық жасағыңыз келсе, мені заңсыыздыққа үгіттемеңіз, мен неге қол қойып отырғанымды білуім керек”. Ол протоколды қолына берді. Онда былай деп жазылған екен: «Отанын сатқан. Неміске өз ықтиярымен түскен. Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионында болған. Одаққа қарсы соғыста ротаны басқарған». Ол тергеушіге: «Менің елім, Отаным деп аңсап келгенде көріп отырғаным ылғи зорлық, зомбылық, тергеудің барысы да одақ заңына сәйкес келмейді. Біз Германияда тұтқында болған екі жылдың ішінде одақта орасан заңсыздықтарға жол берілгенге ұқсайды, кешіріңіз, майор, қол қоя алмаймын» деп жауап берді. Сонымен өз қолымен жағдайын толық жазып берді.
Кейін білгеніндей, ақталасыңдар деп жалған протоколға қол қойдырып алғандар Колымаға 25 жыл жаза арқалап кете барыпты.
Соғыс аяқталғаннан кейін Сүлеймен Бекеновті Қиыр Шығысқа Коми АССР-і Ухта қаласына 6 жылға жазасын өтеуге кескен.
Сүлеймен ағамыз осында айдауда жүргенінде Сайма есімді татар қызына үйленіпті. Қыздың әкесі сынықшы, ал анасы Ғайникамал да емшіліктен құралақан емес көрінеді. Өзі бұл туралы «Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын», «Татар бар жерде қатер бар» деп мақалдап отыратындарды жиі естігем. Біз соғыста батырлықты, соғысу тәсілін, тағы басқа көп нәрсені орыстан үйрендік. Менен бес-алты жас үлкен татар жігітімен соғыста дос болғаным бар еді. Ол үлкен діни ғұламаның немересі еді. Өте адал жігіт болатын. Мен орыстың арасында он екі жыл жүріп жүйелі тәрбие алдым. Армияда офицерлікке оқытты. Немесе мендей орыс баласы табылмады ма? Орыстың әділдігін көп көрдім, ісіңе қарай бағасын да бере алады» дегенді өз тәжірибесінен түйгені бойынша жазып отырса керек.
Сүлеймен ағамыз бен Сайма жеңгеміздің тұңғыш перзенттері Венера осы жақта дүниеге келіпті. 1953 жылы Сталин өлген соң қаншама жазықсыз жапа шегіп жатқан бауырларымыз бостандыққа шықты.
Сүлеймен ағамыз елге оралған соң айдауда жүргенде оқып, маманданған кен бұрғылаушы кәсібімен жұмысын жалғастыра алмады. Зейнетке шыққанша Жаңақорған ши­пажайында еңбек етіп алдыңғы қатарлы жұмысымен көзге түсті. Бұл жерде де өзімен тағдырлас соғыс жауынгерлерінің құқын қорғап, Мәскеудегі Подольск архивінен нақты соғысқан жерлердің дерегін таптырып, құжаттың реттелуіне қажырлы тер төкті.
Қазір соғыс жауынгерінен қалған көз – қыздары Венера мен Гүлнары ауданымыздағы Ысқақавтар мен Мамбетовтардың бау-шарбағын кеңге жайып өсіп-өніп отыр. Венера апай көп жылдар аудандық денсаулық сақтау күзетінде еңбек етті. Өзінің халықтық ем жасайтын қабілетімен әлі де қыз-келіншектерді емдеп, бала сүю бақытына себепші болып келеді. Жасы жетпістің бесеуіне тақап қалса да әлі тың, ширақ. Тоқсанға таянғанда кітап жазып кеткен әке қайратын, ерік-жігерін, жалғандыққа қас, жақсылық үшін ғана жаратылған мінез-қалыбын осы екі қыздың да бойынан табуға болады. Ал немерелері… Халық қызметінің барлық саласында шама-шарқынша еңбек етіп жүр.

Баян ҮСЕЙІНОВА
03 желтоқсан 2024 ж. 62 0