Қарттарын қадірлеген ел ардақты!
Қазақта «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» деген нақыл бар. Екі ғасырдың да өтпелі кезеңін бастан өткеріп, тар жол, тайғақ кешудің талайына куә болған ғасыр жасаған әжелеріміздің арамызда бары көңіл қуантады. Көктемнің жайма шуақ күнінде мағанда сондай әжелермен жолығып, олардың ғұмырлық тарихынан сыр шерту бұйырыпты. Тілге тиек еткелі отырған осындай әжелеріміздің бірі Келінтөбе ауылдық округінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген тыл ардагері Мустафаева Орынкул әже. Бүгінгі мерейлі мерекеде әжемізбен жолығып, ақ батасын алып қайтудың сәті туды. Апамыз 95 жасына дейін зыр-жүгіріп, сиырын сауып, майын шайқап, қатығын жасап, нанын жауып жүргенін, денсаулығының сыр бергеніне екі жылдай болғанын айтады. Кездесу барысында ғасыр жасаған әжейдің бүгінде немерелерінен шөбере, шөбереден шөпшек сүйіп, ұл, қыздарына ақылшы болып отырғандығының куəсі болдым.
Бүгінгі бейбіт күндерімізді орнатуға үлес қосқан қазыналы қарттарымыз ауырмай аман есен болып, бұдан бұлайда өмірдің қуанышымен қызығына бөлене беруіне тілектеспін.