№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Ақ жүгері

Сенбі күні Жаңақорған жұртшылығы болып перзенттерін аудандық мәдениет үйі сахнасында «Ақ жүгері» драмасын тамашаладық. «Мирас» антреприза театры сахналаған жаңа туындының авторлары да драма жанрына бірінші рет түрен салып отырған жан.
Білім саласының ардагері Үмбет Әбибуллаев «Ақ жүгері» қойылымына оқиғаны алыстан іздемеген. Пьесаның өн бойында әке тағдыры арқау етіліп, соның айналасында бір ұрпақ маңдайына бұйырған қоғам, оның саясаты, қитұрқысы мен қиыншылығы қоса өріліп, көрерменді үлкен ойға жетелейді.
Әкесі Абибулла кешегі қанды қырғында қолына қару алып, майданға аттанған. Сол кеткеннен жасы қырыққа жақындағанда елге бір-ақ оралған.
Жауынгер Сталинград пен Ленинградтың ортасында «Волхов бағытындағы майданға қатысқан. Бұл екінші дүниежүзілік соғыс тарихында кеңес әскері алты ай қыспақта қалған, оқ қарша бораған өмір мен өткелін¬де өткелінде сан арманды жермен-жексен еткен оқиға екендігін кейінгі ұрпақ тарихи деректерден де оқып біліп жатырмыз. Нақ осы тамұқтың өзінен аман қалған қайран әкенің көрер жарығы бар екен, елге аман келді. Бірақ сол қоршауда еріксіз жау қолына түскен, әйтсе де амалын тауып, қашып шығып, партизандарға қосылып қолына қайта қару алған, дұшпан тозағынан құтылса да өз өкіметінің жаласына ұшырап жаза арқалаған майдангер тағдыры неткен азапты, неткен қасіретті еді. Қайсар ер соның барлығына төзіпті. Батырдың ұрпағына тән табандылық қасиеті оны небір тауқыметтен тарықтырмай тірі алып қалыпты.
Өзі намысты ердің сойынан еді, тамыр-тамырды қуалаған қызуқанды сол қаһар-мандықтың түйіршігі бойды қыздырып, қуат пен қайратын жанымасына кім кепіл? Әкесі Асанбек Бесарық өңіріне белгілі дәулетті кісілердің бірі болған. Ізінен ерген ұрпағы жасынан сауатты болсын деп мұғалім жалдап, оқытып-тоқытуға күш салды. Соның пайдасын сын сәттерде көрді. Көзі ашық болғанының арқасында небір соғыс тактикасын да жетік меңгеріп, орден-медальды былай қойыңыз, «Кеңес Одағы батыры атағына» лайық көрген командирдің ұсынысы кешегі қоршауда шайқас даласында окопқа көмілгенін біледі. Жай көмген жоқ, пулеметтің резиналарын жұлып, суланбасын деп гильзаға салып, мұқияттап орап көміп кеткен жерін өзім барсам тауып та алар едім деп кейін көп талаптанды. Бірақ қайтып ол жаққа жол түскен жоқ.
Батыр атанбай-ақ қойсын, тұтқынға түскені үшін кінәлап, күдікке ілінгендер қатарында тартқан қасіреті қанша. Міне, жауынгердің осы шеккен қиянатын кіндігінен өрген перзенті хатқа түсіріп қана қоймай, оны драма жанрына келітіріп сахна тілінде сөйлетуге тырысып жатса бұл қуаныш емес пе?
Елге аман-есен оралған соң Сырым батырдың тұқымы Хадиша анамызбен бас қосып, отыз үш жыл бірге ғұмыр кешіп Орынбасар, Әбжан, Үмбет, Дәулет, Алтынбек атты бес перзентін өсіріп-жетілдірді. Мына пьесаны дүниеге келтірген үшінші ұлы Үмбеттің өзі қазір ел ағасы жасында.
Үмбет аға бұрын-соңды көркем дүние жазып жүрген кісі емес, негізгі мамандығына келсек, КазПИ-дің көркемсурет графикасын оқып бітірген, көп жылдар білім саласында басшылық қызметтер атқарды. Бірақ төл кәсібін тәрк еткен жан емес. Талантты дизайнер. Руханият жанашыры. Мүмкін сондықтан ба не нәрсеге де үлкен талғаммен қарайтын жаны таза азамат. Ол кісінің жай айтқан әңгімелерінің өзінен сұлу мақам, салған суретінен терең сыр, болмысынан биік зияткерлік танылып тұратындықтан шығармашылық әлеуетін де күнделікті әдет-дағдыға айналуға тиісті заңдылық деп қабылдағанымыз рас.
Тағы бір ерекшелік, ол кісі бұл тұңғыш пьесасын жазуда ойдан оқиға өріп әуреленбеген. Бәрі де өмірде болған шындықтан кестеленді.
Пьесада бейнеленген соғыс даласындағы майдан, жау қоршауына түскен тұтқынның қашып шығуы, партизандарға қосылғандағы күмәнға тұтылған жан азабы, бірақ бәрібір адалдығын, ақтығын ерлік қимылдармен дәлелдей алған жаужүректікті көркем тілмен жазып шығу бір басқа, осының барлығын жұп-жұмыр сахна қимылымен жеткізе алуда шынайы ақиқатыңның өзі хас талантқа тәуелді. Бұл ретте пьесаны сахналаған талантты режиссер Дінмұхамед Әбжапаровтың автор ойымен терең астасқан сезімталдығы бір бөлек, өзі басты кейіпкердің ролін сомдаған актер ретінде де шеберлігіне көпшіілікті тәнті еткенін айтуға тиіспіз. Пьесада бала Әбибулланы 11 сынып оқушысы Мирас Әсілхан, майдангер Әбибулланы – Дінмұхаммед, Миколаны – Нұрислам Мұхамеджанов, партизан командирі Васильевичті – Балмұхаммед Әбжаппаров, Мартаны – Гүлсан Серікбай, неміс солдатын Айдарбек Молдабеков сахналады.
Ал енді пьеса атауы неге «Ақ жүгері» деп аталғанға келейік.
Қария жасындағы соғыс ардагері Әбибул¬ланың үйіне Жандарбек деген кісі келеді, қолындағы жарты қап жүгеріні алдына қояды. Істің мәнісі былай екен. Кешегі таршылық жылдары бозым жігіт ағайыны Асанбектің үйіне келіп, жеңгесінен қоярда-қоймай жарты қап астықты алып кеткен екен. Асанбек үйге оралған соң бұл тұқымдыққа сақтап қойған дәнді таппай қалып дал болған жағдайына ол кезде ешкім көмектесе алмағанын кейін жеңгесінен естіп қатты қысылады. Сол жағдай көкірегіне шемен боп ұялаған екен. Міне, қартайған шағында сол рұқсатсыз алып кеткен жарты қап астықты мойныма қарыз болмасын деп Асанбектің өзі өмірде жоқ болса да оның көзі – ұлына тапсырып, қарыздан құтылуға ниет еткен адал адамның әрекетін көреміз. Оқиға желісіне ой жеткізген әркім бұдан үлкен тағылым алса керек. Жарты қап дән емес, жарты әлемді меншіктеп алса да өзін жан баласы түгіл жаратқан иесіне де қарыздар сезінбейтін пенделік пыйғыл үстемдік құрған қоғамда бұл тұжырым, бұл тақырып қандай өзекті, қандай өнегелі!
Әшейінде мәдени шараларда мекемелерге шығып, көрерменді тапсырмамен жинап әлекке түсетін әдет болушы еді, бұл жолы мәдениет сарайына жүрек қалауымен жиналғандардың қарасы көптігімен таң қалдырды. Көбі Асан¬бек атамыздың атамекені – Бесарық ауылы¬ның тұрғындары. Үмбет ағамыздың ағайын-туысының өзі едәуір бас қосыпты.
Шара шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы өнер адамына өз атынан шынайы лебізін жеткізді. Ұрпақты патриоттыққа, отансүйгіштікке, жауынгерлік рухқа тәрбиелейтін қойылымды жазған, сах¬налаған шығармашылдық өкілдерінің ұжымдық сәтті еңбегіне табыс тіледі. Авторларға аудан әкімі атынан Алғыс хат тапсырып, сый-сияпат тарту етті. Сондай-ақ, Үмбет ағаның сыныптас, курстас жолдастары және шәкірттері атынан Халықаралық Тұран Академиясының академигі, журналист, бірнеше кітаптардың авто¬ры Асан Тұрабаев, «Әлшекей» атындағы қор президенті, өнертанушы Оңғар Дәнебековтер сөз алып, шын ілтипатты тілектестіктерін жеткізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
02 маусым 2024 ж. 1 874 0