№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жүрек түкпіріндегі тілек

Жүрек түкпіріндегі тілек


Облыс әкімінің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алып тұрғанында толқымайын десе де толқыды. Марапатқа қызықпаймын дейтін еді, біреулер құсап оның соңынан қуып әуре де болмады, бірақ одан бұрын өзін сол құрметке лайық көрген таза пейілдің шапағаты шаршаулы көңілге кәдімгідей дем беріп, жүректі толқытты.


Ойланып отырса, он жеті жасынан қаламға телінген құштар тілек одан бір суымапты. Ерте есейтіп елдің алдына шығарыпты.
Оныншыны бітірген жылы дәрігер болуды мақсат тұтты. Жасынан шаруашылықтың ауыр қосын жеккен ата-ананың саушылықтан ерте қалуы қайтсем соларды емдеп жазамын деген тілекке ойысқандықтан болар, бірақ одан жолы болмады. Жүрегіне жақын қаламға деген құштарлық одан да биік құзіретті - қоғамның жанына батқан сыздауықты сылып тастауға мүмкіндік беретін тағдыр талайын тарту етті.
Бойындағы талабын таяныш етіп осы бағытта жоғары білім алуға қол жеткізген қайратты жас бауырларына өзі бас-көз болып, етінің тірілігінен елдік істің шаужайына жармасып, көпті бастар көшелігімен өнеге болған әке жолын әрі қарай жалғады. Алғашқы жылдары жастар ұйымына жетекшілік етіп, шалғайдағы ауылдың сүреңсіз өмірін өміршең мазмұнмен өрнектеудің жолын іздеп басы қатты. Ел әлеуеті мен мәдение­тін көтеруде Тәңір сыйлаған шығармашылық қуат тылсым түйсікті түртіп оятып, жарқын жобаларға тыңнан түрен салып, жұлдыздай аққан тұлпар-талаптың жалына жармастырды. Ұлт, нәсіл, шекараға жіктелмейтін адами жаратылыстың әділеттігі қияндағы қазақ баласының көкірегін көкке тіреп, арманын айға біледі. Қызылдың малға жайлы құтты қонысы елге аты шығар жалын кеуде ерлерден де кенде емес екенін іспен дәлелдеу үшін комсомолдар бригадасын құрып оны өзі басқарды. Қолы сәл қалт еткенде ауылдың қалқанқұлақтарына қақпа қорытып, алаөкпе қып доп қуалатты. Волейбол, баскетбол алаңында алдымен өзі алашапқын алдыға түсіп, қатарына ерген іні-бауырды спортқа баулыды. Ауылдан Әлем чемпионын шығарамын деп әлектенді. Еңбегі еш кетпеді. Әлем чемпионы болмаса да намысты қолдан бермес, өңшең сен тұр мен атайын бөріктілерді тәрбиелеп шығарды. Мейлі ғалым, жазушы немесе кәсіпкер бол, спортқа жаны жақын адамның тірлігі өнімді, кәсібіне жүйрік, денсаулығы мықты, мемлекетке де зор пайда әкеледі емес пе? Адами капитал дегеніміз осы. Баланың бәрі дарынды, соның көзін тауып, өзін танытуына, өсуіне, өнуіне жүрек жылуын аямаған қамқорлықты айтыңыз. Осы орайда қияндағы елдімекен мектебінде білім алып жүрген бозөкпенің ерек талабын аңдап, өнер сайыстарына қатыстырған, бүгінде көпке танымал болған қос саңлақ – Асқар Дүйсенбиев пен Бекарыс Шойбековты тәрбиелеп өнер өріне оздырған ердің еңбегі бір төбе.
Ал өзінің жеке өміріне келсек, бозбала шақтан жүрек түкпіріне орныққан періште тілек қайда барса да, қайда жүрсе де тіршіліктегі қалт еткен құбылысқа қарауыл қып, қылша мойнын талша етіп, жалқы сәт тыным берген емес. Бүгінге дейін қолынан қаламы түспеген оның қоғамдағы жақсыны да, жаманды да көңіл сүзгісінен өткізіп, жақсыға сүйініп, жаманға күйініп, ар таразысын әділ салмақтай білуі осы табиғатына адалдығынан дер едік.

Қолында билігі бар адам төрешілдікке жақын, ауылда көп жылдар директордың орынбасары болып биліктің бір жағында жүрген адамның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, көңіл тоқ, уайым жоқ, қамсыз-мұңсыз бір күнді өткізуге беруге болатын еді ғой. Жоқ, cезімге бай, сертке адал Нұрекең қашанда айналаға жүректің көзімен қарай білген тәрізді. Міне, сол кезде көзі көріп, көңілі иланған құбылыстарды ақ қағазға шебер қиюластыруға келгенде табиға тұма таланты көмекке келді. Өмірдегі ұнамсыз құбылыстар, адамдардың теріс мінез-қылықтары, соның салдарынан қоғамды дендеген дауасыз дертті сылып алуда сатираны қару еткен ол осы жанрдың оң жамбасына келетініне сол кездің өзінде нық сенімде болды. Өйткені әжуа тілмен түйреген сөз сойылының діттеген жеріне дөп тиіп жатуы өзгеден бұрын өз көңілін тоқ етті. Соның дәлелі Оспанхан Әубәкіров ағасы алғашқы қадамынан-ақ жанашыр тілектесі болды. Жас талапты үнемі қолдап, өзі өмірден озғанша әріптестік қарым-қатынасын үзбеді
Тіл тазалығы, әдебиет тағдыры үшін бетің бар, жүзің бар демей туғанына да туралығын айта білер әділқазы, әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаевтың оң пікіріне ілігудің өзі дәтке қуат. Қаламгер өзінің 2011 жылы шыққан кітабында Нұрмахан Елтайдың шығармашылық лабораториясына арнайы тоқталады. Сонда Нұрмахан Елтайдың жан-дүниесінің Бейімбет Майлин­мен өзектесе өріліп жатқаны туралы айтады. «Нұрмахан Елтай халықтық тілмен қарапайым жазуымен әрбір туындысының әлеуметтік қатпары қалың, астары терең, айтары ажарлы, әдеби байлығы базарлы нағыз Бейімбет Майлин бітімдес сатирик» деп жазады ол.
Нұрмахан өзінің төл туындыларымен қоса жүрген жерінде құлақты түрік ұстап ауыл айтқыштарының есті сөз, қаймақты хикаяларын жазып алудан шаршамайтын қалыбымен қазақ әдебиетіне қаншама жауқар дүниелерді қосты. Ол өзінің «Үшінші таим» кітабының «Қақпа алдында» деп аталатын бөлімінде ауыл айтқыштарының сөзін жинақтап беріп, келешек көрерменнің асыл қазынасына айналдыра білді.
Сонау жетпісінші жылдардан бастап Нұрмаханның сатирик ақын ретінде өлеңдері аудандық «Коммунизм жолы», облыстық «Ленин жолы» газетінде шыға бастады. Бірқатар сатиралық топтамалары жинақтарға енді. Асқар Тоқмағанбетовтың көзін көрген, тәрбиесін алған, сатираның сарбазы атанған Оспанхан Әубәкіровтен бата алған оның шығармаларын жұрт іздеп жүріп оқитын болды.
Осы кезеңдері ол «Жаңақорған тынысы» газеті бетінен ашылған «Көк ине» деген арнайы сатиралық беттің шығарушысы болды.
Нұрмаханның шалқар шабытпен жазылған «Қатырамыз», «Ауылдың айтқыштары», «Япырмай, бұл қандай қызық», «Сүйінші дайындаңыздар», «Беті бүлк етті», «Үшінші таим», «Қияға қонған қыран», «Беласар» деген атпен сатиралық өлеңдері, әзіл-қалжың, қызықты әңгімелері, деректі хақаяттары, баспадан шығып оқырманға тарап кетті.
Сондай-ақ «Жәннат жер – жайсаң жандар», «Қияға қонған қыран», «Жаңарған өлкенің жасампаз ұрпағы», «Сұңқарлар биікте самғайды» атты деректі кітаптардың авторы.

Нұрмахан Елтай талантты сатирик қана емес, мықты журналист. Тоқсаныншы жылдардың басынан журналистикаға ден қойған ол ширек ғасырға жуық уақыт «Сыр бойы» газетінің Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы меншікті тілшісі болды. Өтпелі кезеңнің ауыр уақытында облысқа қатынап жұмыс істеу жеңіл болған жоқ. Аудандарда болып жатқан шаралар туралы газеттің сол күнгі санына шығу керек. Қазіргідей интернет жоқ. Нұрекең шараға бастан-аяқ қатысып, оны жол бойы пойызда отырып жазып, редакцияға тапсырып үлгеретін. Ертесіне кезекшілікке газет өндірісіне қатысу үшін жағдай кем, жылуы жоқ мұздай кабинетте қонып, орындықты төсек еткен күндердің нешемесі бастан өтті. Жастығын, денсаулығын алды демесең, көз майын сарқып жазған жауһар дүниелері өңірдің өлмес тарихына, сырлы шежіресіне айналып тасқа басылып қалды. «Өзі бір күндік, сөзі мың күндік» газеттің сарғайған парақтары бетінен оның Қандөздің топырағынан сыр түйген өзгеше өрнекті төлтумаларын көзге сүртіп, көшіріп жазып алып жататын күн де туады әлі. Өйткені әр нәрсе қолдан кеткенде қадірлі ғой өзі. Бастысы, артта қалар ұрпақ аман болсын.

Нұрмахан Елтай 2000 жылдары облыстық газетте «Түрлі-түрлі бастар бар» деген әзіл-сықақ бетіне редакторлық жасау­мен қатар «Спорт» бетінің де оқырман жүрегіне жол табуы­на еңбек етті. Сол жылдары мектеп оқушыларына арналған «Хан алшы» атты үнжарияны шығаруды қолға алды. Ауылда тұрып-ақ Жазушылар Одағына мүше болды. Аудан, облыс сахналарында «Ән мен әнші», «Өмір мен юмор», «Қазақы қалжың» деп аталатын жеке шығармашылық бағдарламалары жұртшылықты күлкіге көмді. Осы бағдарламалары арқылы елімізге танымал әншілердің Сыр сахнасында өнер көрсетуніе жол ашты.
Бұл оның қаламгерлігімен қатар қоғамдағы қайраткерлігінің бір қыры. Ал отбасында… Сүйіп қосылған жары Орынкүл екеуі бес перзентті өсіріп тәрбиеледі.
Жақында жазушының жары Орынкүл Молдағалымқызына арнаған «Аяулы жар» деген естеліктер жинағы жарық көрді. Бұлай еске алып кітап жазам деп ойлап па? Үнемі аттың үстінде, түйенің қомында қаламын қару етіп қоғам тазалығы үшін тіресіп, жағдайы жоқтың мәселесін шешуге, жанары жастының көңілін демдеуге демалмастан жұмыс істеп, құдайдың еңбек демалысында жарытып от басында, ошақ қасында аялдама­ған сертіне берік қаламгер енді бейнеттен бел жазып, жанұя шуағына кенеліп отырамын деген уақытта жансерігінен айрылып қаларын қайдан білсін? Әйтпесе, ең әдемі арнауын асыл жарына көзі тірісінде тарту етіп, көңілін шат еткен болар еді. Тағдыр оған жеткізбеді.
Кітаптың бірінші бөлімі ағайын-туыс, көрші-көлемнің жүрекжарды естеліктерінен тұрады. Бәрінің айтатыны бір ой, бір пікір – Орынкүлдің керемет кеңпейілдігі, қолының ашықтығы, мінезінің жомарттығы, жоқ-жітікке қолындағысын бөліп беруге бар қайырымдылығы, қонақжайлығы. Қаламгер үшін қосағының осы қасиеттерге ие болуынан асқан нығмет бар ма? Бұл мүмкіндік өзінің де жүрегі жаз ағаның екінші тынысын ашқан, оны көптің ортақ қадірлісіне айналдырған тағдырдың айрықша сыйы болды деуімізге болар.
Қайран ағаның қан жылаған көңілін жұбатып, елесінің өзімен жандүниесін тыныштыққа бөлейтін өткен күндер естелігі осынысымен қымбат.

Баян ҮСЕЙІНОВА
09 қараша 2024 ж. 396 0