№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » “ӘБішпен Әскерде Бірге Болдым”

“ӘБішпен Әскерде Бірге Болдым”

Редакциямызға арнайы бұрылған ел ағасы бұл келісінде өзінің үлкен бір азаматтық парызымен бөлісуді мақсат етіп отырғанын айтты. Алдыңғы толқын ағалар үшін көп жыл атқарған бейнетінің зейнетін көріп, отбасында, немерелер ортасында есен-сау бақуатты ғұмыр кешуден артық бақыт жоқ. Бала-шағасының амандығын тілеуден өзге көңіл алаңы жоқ ағамыздың руханияттан қалыс қалмай, мерзімді басылымды жанына серік етуінің өзі зиялылықтың белгісі. Ол кісіні газет шаңырағына еріксіз жетелеп әкеп отырған да осы ұстанымы сынды.
Өзін кентіміздегі Зұлпыхар Мұсаханов көшесінің тұрғыны Хайбулла Әбжаппарұлымын деп таныстырған бұл ағамыз жақын күндері облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған мемлекет қайраткері Қырымбек Көшербаевтың әріптес әрі замандасы Әбіш Кекілбаев туралы жазылған «Кемеңгер Кекілбаев кеңістігі» деген тақырыптағы мақаласын оқығанын айтты. Тұтас қазақ тарихын, оның өткен өмірін терең білетін сұңғыла Әбіш ағамыздың әдебиетке қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жазушының егеменді елді аяқтан нық қоюда қайраткерлік қажыры мен мемлекетшілдік мінезін тұғыр тұтып, республика Жоғарңы кеңесін басқарғанын, одан соң Мемлекеттік хатшы лауазымын атқарғанын білеміз. Қай қызметте болса да өзінің қаламгерлік ұстанымына сай үлкен жүректілігінен танбаған, ақиқат жолын таңдаған абыздың нағыз бейнесін ашып көрсеткен автордың «Қаламға – қанат, ғаламға – ғаламат, кемге – тілек, елге – тірек, ұлтқа жүрек болған болмыс иесі ұрпақты жебеген бабасы Қорқыт Ата мен пір Бекеттей енді өзі де ұлтына ұран болатыны кәміл» деген түйін сөзіне тебіренгенін жасырмаған оқырманымыз осы жерде өзінің де жанын толқытқан, үйде жайбарақат отыруға жар бермеген мына бір жайды алдымызға ақтарып салды. «Ешкімді бөліп-жармаған, бүтін қазағына қызмет етуді ғана мақсат еткен арда азаматтың қайраткерлік болмысы туралы айтылып та, жазылып та жүр. Ол бұған әбден лайық тұлға. Бір әттеген-айы, ол кісінің әскери қызметі жөнінде еш жерде кездестірмедім. Әскери өмір – кісінің азаматтық болмысын айқындайтын, нағыз шыңдалу мен ширығудың мектебі. Осы жерде Әбішпен тізе түйістіріп бірге жүріп-тұрған жауынгер ретінде үнсіз қалуға арым шыдамады. Көпшіліктің ортақ алаңы – ақпарат құралы арқылы осы ақиқатты оқырманмен бөлісуді жөн көріп келіп отырмын, қарағым» деді ол. – Мұныңыз, өте орынды, аға! Өзіңіз туралы кеңірек айта отырыңыз. Жолыңызды Әбіш ағамен тоғыстырған тағдыр өрімі бізді де ерекше қызықтырып отыр, – дедік. Ол сөзін төмендегіше жалғады: – Орта мектепті бітірген соң Түркістан индустриалдыпедагогикалық техникумына оқуға түстім. 69 жылы әскер қатарына шақырылдық. Сол жылы Орта Азия әскери округі Қазақстанда тұңғыш тұғырын түзді. Алматы қаласында ашылған штабына біздің облыстан 180 бала әкелінді. Осы жерде төрт қабатты салынып жатқан ғимаратқа ПМК және біздің әскери бөлімді жұмылдырды. КСРО-ның кезінде запастағы офицерлерді екі жылға әскери қызметке жіберетін. Осындай бұйрық негізінде рота командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары лауазымына бекітілген Әбіш Кекілбаевтың тікелей қарауында болдық. Шашы бұйра келген, дөңгелек жүзді жігіт офицерлердің ішінде жалғыз қазақ еді. Бірақ беделі зор көрінетін. Өйткені әріптестер арасында шыж-быж мінезін ешқашан көрген емеспін. Қарауындағы жауынгерлермен де биік адами қарым-қатынас орнатты. Ол кезекші болған күні тып-тыныш, төтенше оқиға тіркелген емес. Жауынгерлер арасында тәртіп бұзу да, қашып-пысу да болмайтын. Ешкімге зәбір-жапасы жоқ, әлдеқандай ескертуін жай сөзбен жеткізетін Әбіштің болмысында бір ерекшелік болатын. Сүйегіңнен өткізіп жіберердей сөз сиқырымен өз-өзіңе сертіңді, сеніміңді нығарлап, өз арыңның алдында өзіңді жүгіндіріп қояр жөн сөз, қалтқысыз қамқорлықтың қуаты осындай болса керек. Бұл жетпісінші жылдардың кезі. Екіжылдық әскери қызметтің соңғы сегіз айын бізбен бір қатарда өткізіп жатқан болашақ мемлекет қайраткерінің мінезге бай болмысына тән салиқалылық, салқынқандылық сол кез сабақтарының сыйы, бәлкім. Не десек те, керемет адами қадір-қасиеті көңілімде қалып қойды. Бір күні Әбіш «Қаймен, бері кел» деп мені қасына шақырды. Мен өз бөлімшемнің командирімін. Солдаттар арасында сержант мен ғана едім. Ол маған қасыма сенімді бір адамды алып, Фурманов көшесі бойындағы үйіне баруым керектігін айтты. Берген тапсырмаларын мұқият тыңдап алдым да ауылдың жігіті Бақыт Ертаевты ертіп айтқан микроауданды бетке алдық. Анасы Айсәуле мен келіншегі Клараны сол жолы көрдім. Ол кісінің тапсырмасы бойынша үйдегі бар затты шығарып, бөлменің қабырғаларына кілем ілінді. Еденге ақ текеметтер төселді. Айнала оюлы жасаужабдықпен көмкерілген бөлменің ортасына дөңгелек жозы қойылып, қонақтардың жайланып отыруына жағдай жасалды. Әбіштің қызмет мерзімі бітіп, офицерлерге үйден дәм татқызуды жоспарлаған екен. Осы шараны нағыз қазақы үлгіде атқаруды ойластырып, қонақтардың алдына бас қойып, қымыз бен шұбат сапырылған дастарқанда тек ұлттық тағаммен көмкерілуіне мән беріпті. Екі күннен соң комбат таңертеңгі жиында «Оказывается мы не знали, среднеазиаты в Казахстане, какая нация, как живут, чем дышат они. И какие их обычаи» деп Әбіштің үйінде болғанында көңілге түйгендерінен түгел айтып келіп, сөзінің соңын «Великий казахский народ» деп аяқтауы бәріміздің рухымызды көтеріп тастады. Әбіш ағаның алдағы қызметіне сәттілік тілеп, «капитан» шенімен құттықтады. Басшылықтың атынан сый ретінде жаңа 16-шы мылтықты тарту етті. Одан әрі біз бәріміз ол кісіні құрметпен шығарып салдық» деп естелігін айтты ел ағасы. Бұл кісі кітапты көп оқитынын, мерзімді басылымның да санын құр жібермей қарайтынын айтты. Десе де жас күнінен көңіліне жақын тұлға, жазушы Әбіш туралы өзі куә болған жайларды алдымызға жайып салғаннан кейін мойнындағы міндеті орындалғандай жайдарылана орнынан көтерілді. Ол кісіні шығарып салып тұрып та өз өмірі жайлы азды-кем тілдесіп үлгердік. Еңбек жолының басым бөлігінде аудан орталығындағы өндірістік училищеде, қазір агротехникалық колледж деп аталады мастер, мұғалім болып шәкірт тәрбиелепті. Ұлы сегізіншіні бітіргенде тап осы өзі еңбек ететін СПТУ-ға оқуға ауыстырыпты. Үй-іші, бауырлары онысына түгел қарсы шығыпты. Шамасы жетеді, қолындағы ұлды оқытып, кісі қылмай ма десе керек. Ал өзі оған түк те өкінбейді екен. Елгезек ұлы мамандықты ерте меңгеріп белгілі кәсіптің құлағынан ұстады. Қатарынан ерте есейді, елдің алды болып жағдайын жолға қойды. Жаңақорғанның арғы бетінде де, бергі бетінде де достары көп дегенді айтты. Үлкен кісілермен тілдесе қалсаң осы ғой, болжам емес, құрғақ ақыл емес, тәжірибеден түйген қарапайым қағидасымен-ақ қайран қалдырады. Өмір көрген ата-әженің бауырында өскен немеренің де тәрбиесіне негізінен өздері бас-көз бола білетін қариялардың белгілі қағиданы ұстанып табандап отырып алатыны да заңдылық. Бұл кісі де сөйтіпті. Немересін орысша оқытамыз деген келін мен балаға ырық бермей, балақанды қазақ мектебіне өзі жетелеп әкепті. Өз басы қазақ мектебін оқып бітірсе де орысшаны таза сөйлейтін деңгейде біліп шығуына жар болған мектептегі ұстазы Бегалиева Мавжуда апайы туралы еске алып, білімді болғанға тіл меңгерудің мәселе емес екенін тілге тиек етті. Ағамыз отбасында өзімен он жыл бір класта оқыған сыныптасы Гүлбарам Қожатаева апамызбен бас қосып, жеті перзентті тәрбиелеп жетілдіріпті. Қыздарын құтты ұяға қондырғанын, қазірде ұлы Әубәкірдің қарашаңырақта өсіп-өркендеп жатқанын айтты. Ия, Әбіш Кекілбаевпен әскерде бір қатарда болған Әбжаппарұлы Хайбулла ағамызбен бір сәттік сұхбатта ел ішінде қарапайым еңбек адамдары арасында да руханиятты қадірлейтін, қалам ұстаған жандарды қасиет тұтып, қадірін биік қоя білетін дегдар тұлғалар бар екеніне көзіміз жетіп көңіліміз көтеріліп қалды. Бұл да парасаттылықтың парқын бағалар мәрт мінездің жоғалмағанының белгісі. Баян ҮСЕЙІНОВА
29 қазан 2024 ж. 189 0