Сығанақ сыры, һәм һисамиддин Сығнақи
Баба рухына тағзым жасау, өткенді өшірмей тарихты қайта тірілтіп, ұрпаққа аманат етіп қалдыру – қасиетті міндет. Осындай үндестікті жаңғыртқан Жаңақорған халқы туған жерімізде мәңгі тыныстаған һисамиддин Сығнақи баба басында тарихты тірілтуге арналған тағылымды шара өткізді.
Қалашықтағы ежелгі қорған төбешіктері көрген көзге ой салып бір сәтке болса да 5-6 ғасыр бұрынғы заман тынысын сезіндіреді. Ақ Орда мемлекеті мен Қазақ хандығының астанасы болған, Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан ортағасырлық Сығанақ қалашығы қойнына қаншама сырды бүгіп жатыр. 2000 жылдық тарихы бар мәдениет пен руханияттың, білім мен ілімнің, өркениет пен өнердің және діннің орталығына айналған киелі шаһар сұлбасы санада жаңғырып, тәбәріктен сақталған төбешіктер өткен мен бүгінгі байланыстырып, тарихты қаттап жазып жатқандай көрінеді. Билік пен байлық, ел мен жер үшін талай соғыс алауы тұтанған киелі шаңырақтың шырғаын сөндірмеу қазақ баласының басты міндеті.
Рухани шараға жиналғандар алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұрдинов:
– Тағылымды кешке елдің әр өңірінен арнайы қонақтар қатысып, тарихи оқиғалардың бір сәттік көрінісіне куә болуда. Бұл қаланың тарихы тым тереңде жатыр, әлі де ашылмаған құпиялары аз емес. Бұл шаһар ұлттың ұлы істері мен ислам дінінің таралуына себепкер болған киелі шаңырақ. Сондай-ақ, асыл дініміздің өркен жаюы жолында еңбек еткен Һисамиддин Сығнақи бабамыздың кіндік қаны тамған бұл мекеннен қаншама ғұламалар, ұстаздар шықты. Бүгінгі шараның өтуіне ықпал жасап, демеу болып жүрген азаматтарға алғыс айтамыз. Тарихты тірілтіп, өткеннен өнеге алуды парыз санаған қазақ елінің болашағы баянды болғай, – деп ізгі тілегін білдірді.
Одан әрі көп жылдан бері баба туралы зерттеп, Орда-Сығанақ қалашығының тарихын кейінгі буынға насихаттауда көптеген бастамалардың ұйытқысы болып жүрген «Сығанақ тарихы» музейінің негізін қалаушы, мәдениет саласының үздігі Рысбек Асқарұлына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Алғыс хатын» табыстады. Шараға қатысушылар келесі кезекте «Мирас» антеприза театрының «Сығанақ сыры» аспан астындағы театрландырылған қойылымын тамашалады.
Ежелгі Сығанақ шаһарындағы тыныс-тіршілік бейнеленген көріністе азаттық үшін күрестің ақ туын көтерген һиссамидин бабамыздың үстемтап өкілдерінің, бай-бағландардың басынуына иманикемелділік арқылы тосқауыл болуын көрдік. Жас ұрпақты азат етіп, ел ішіндегі жауыздықты жоюдағы ілім жолы насихатталды. Бір көріністе базардағы қыж-қыж қайнаған тіршілікті көрдік. Сауда-саттықтан нәпақа тапқан адал бұқараның қоғамдағы өзгерістерге өгейленіп қарауы да бейнеленді.
Жалпы қазақ тарихында хорезм-қыпшақ қақтығысы, жылдарға созылған соғыс туралы дерек аз емес. Қадыр бөке хан мен Текеш патшаның арасындағы ұлы майдан тарих бетінде қаттаулы тұр. Текеш сұлтанның ислам дінін сылтауратып бір тудың астына бірігіп, шексіз билік құруына қарсы шығуға қауқар танытқан қазақтың қайсарлығы да тарихта таңбаланды. Осы қақтығысты тоқтату, ислам дінін ел арасында өркендеуіне Һисамиддин Сығнақи бабамыздың еңбегі ұшан-теңіз. Хақ жолына бастап, елді ислам ілімімен нұрландырған һисамиддин бабаны ұстаз деп танып, жарлық шығарған Қадыр бөке хан бейнесімен де сахнада жүздестік.
Сығанақ қаласының тарихи маңыздылығын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында өтіп жатқан шараға Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, басқа да өңірлерден келген қатысушылар режиссер Дінмұхаммед Әбжаппаров дайындаған қойылымға риза болып, алғысын жеткізді.
Сығнақи баба туралы ғұламалар: «Даңқты ғалым, имам, мұсылман фиқһының білгірі, араб грамматикасын жақсы білген, зеректігімен ерекшеленген», – деп сипаттаған. Ал ибн Тағриберди: «Ірі дін ғалымы, тәпсірші, ғылымды жүйелеуші, «әл Һидаяның» түсіндірушісі», – деп жазады. Айта берсек, ол кісі туралы айтылар құнды дректер жетерлік. Һисаммидин Сығнақи – ұлан-ғайыр қазақ даласында ислам дінінің кең таралуы жолында еңбек еткен ұлы ғұламалардың көшінде тұрған ғалым.
Жалпы Сыр өңірі қашанда өркениеттің ордасы. Осынау киелі өлкенің топырағында қаншама тағдырлар, елдің ғасырлар бойғы тарихы тұнып тұр. Алаштың анасы атанған өлке төрі төрт бірдей астанаға қоныс болды. Солардың бірі – оғыздарға отан болып, Қазақ хандығының алғашқы астанасы саналған Сығанақ қаласы. Ортағасырлық Сығанақ қалашығының тарихымен таныстыру (экскурсия) жалғасып, баба рухына Құран бағышталды. Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаевтың рухына арналып ас берілді. Бауыры Дастан ағамыз бен Есенжол Алияров атамыз арнайы ақ дастархан жайып, алыс-жақыннан келген меймандарға төрін ұсынды.
Ас кезінде елдің құрметті ардагерлері, ел ағалары мен баба ұрпақтары және Сұлтан Сартаевтың көзін көрген жандар, шәкірттері мен әріптестері өнегесін өрбітті. Тәуелсіз ел болғанда ауданның алғашқы әкімі болған Ибрагим Абибуллаев ағамыз бастап, Жаңақорғанның жайсаңдары жылы лебізіндерін білдірді. 20 жылға жалғасын ас беру дәстүріне көпшілік риза болып, ниеттерінің қабыл болуына қол жайды. Ата-ананы, аға буынды сыйлап, өмірден өткенге шапағатшыл болуға жайылған ақ дастарханға ниеттесі бауыр-туыстар тілекші екендерін жеткізді.
Түстен кейін «Сығанақ тарихы» музейін тамашалау үшін «Орда Сығанақ» шипажайына жол жүрдік. Музейдің тарихы туралы кітап тарқатылып, музей жөнінде келушілер мен ем алушыларға таныстырылды. Ал, кешқұрым аудандық мәдниет үйінде ҚР мәдениет қайраткері, жазушы, драматург Сая Қасымбектің «Нұрнама» драмасы қойылды.
Міне, бір күндік рухани кеш осылай түйінделді. Тарихтан сыр шертілді, баба басына тағзым етіліп, ел азаматтарына Құран бағышталып, ас берілді. Бұл дәстүр жалғасын табатынын жеткізді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ