№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Әпке


Мәнтай. Менің анамның әпкем – Майсагүлге, яғни қайын ағасының кенже қызына қойған аты. Өйткені есі бар келін қайын сіңілілерінің атын тура атамайды.
Мәнтай. Қандай мейірімді едің сен. Сенің мейірімділігің емес пе, үлкен шаңырақта тұратын әке-шешеміз қызмет бабымен шет ауылға қоныс аударғанда өзің жақсы көретін жеңгеңнің етегінен қатып айырылмай, жүк тиелген машинаға отырып алғаның. Сол кезде өздері әлі отызға да жетпеген, соның өзінде үш-төрт балалы болып үлгерген менің ата-анама қолқанат болуды ұйғарып, көшіп келген жеріміздегі мектепке «жаңада келген оқушы» боп бардың. Біз сені ол уақытта кәдімгідей ес тұтатын ек. Қазір ойласам ол кезде сен бар болғаны он-ақ жаста екенсің. Бірі бесікте, бірі енді еңбектеген, бірі тәй-тәй басып жүрген біздерді бір шыбықпен жатқызып-тұрғызатын пып-пысық бейнең көз алдымда қалып қойыпты. Бір әдеті, үй ішін тап-тұйнақтай тазалап, қылау жуытпайтын. Бірақ ол да бала, кейде жалығатын шығар, бізбен бірге ойынның қызығына беріліп кететін. Ондайда үйге бұрылған көліктің даусы естілгеннен: «Ойбай, ағам, шүберек», – деп жандалбаса шаң сүртуге кіріскен әпкемнің кейпін көрсеңіз ғой. Сонда деймін-ау, сол тірлікті орындамадың деп оған ұрсатындай кімнің қандай хақы бар? Тіпті пәлен деген күнде кітап-қағазын арқалап әке-шешесіне тартып отырса титтей қыздың қай құлағын кесіп аласың? Осыны ойлағанда құртақандай қыздың аға-жеңгесіне соншалықты беріліп кеткен адалдығына тәнті боламын. Ал бүгіндері ше? Біреудің баласын тірлігіме көмектессінші деп түс жарымға сұрап көр, жіберер ме екен? «Өзім жұмсаймын, өзіме керек, өзім..өзім...өзім...» Нақ бір «Өз күніңді өзің көр» деген нарық заңдылығы адамдар санасына осыны сіңдіріп қойғандай. Өзімшілміз. Үлкен-кіші демей тіпті екі туып бір қалғаның болса да сынықтан сылтау тауып көрісуге емес, тебісуге құмар. Жарты сөзге келмей жат боп шыға келетіндер көп. Әлде ол кездің адамдарының бәрі өзгеше мейірімді, ерекше бауырмал болған ба?
Жаздың бір күндері болатын. Мәнтай әдеттегідей үйді мұнтаздай тазалап, бәрімізді далаға қуып шықты да есікке дәу қара құлыпты салып қойды. Жіпке байланған кілтін көзімізді қызықтырып мойнына тағып алды. Бізбен бірге ойын қызығына кірісті, резина жіпті айналдырып секірген сайын мойнындағы кілті кеудесін сарт-сарт ұрады. Осы мезет аулаға екі жігіт келіп кірді. – Әй, апаларың қайда? Жұмыстан қашан келеді? Не танымадыңдар ма? Нағашыларыңызбыз ғой. Үйге кіргізбейсіңдер ме?– деп жатыр есіктегі құлыпты байқап.
– Жоқ, – деп шорт кесті әпкем –, Жеңгемнің сендер сияқты інісі жоқ.
– Сен орыссың, – деді онымен қоймай шикіл сарысына қарап. Аналар алдымен күлді. Содан қайтадан жалынуға көшті. Әпкем де пысық. Ұстайтын жерін біледі.
– Онда паспорттарыңды көрсетіңдер, – деді. Сары өңдісі амалсыз қалтасын қарманды.
– Енді осы қаршадай қызға паспортымызды көрсетіп тұрамыз ба, – деді жанындағысы. Бірақ өзге амал қалған жоқ еді. Бірден қызыл кітапшаның екінші бетіндегі «Шешесі» деген тұсына көз жүгірткен әпкем «Дұрыс екен» деді өз-өзіне күбірлеп. Кідірмей есікті ашып берді. Тіпті парасатының жоқ еместігі, әлгі қылығын жуып-шайып, зыр жүгіріп шайдың қамына кірісті. Ал нағашыларымыз болса осы оқиғаны көпке дейін күлісіп айтып жүрді.
Сөйткен әпкем де лезде бой жетіп, тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болды. Несін айтасыз, барған жері қаталдау болды.
– Ештеңе етпейді, – деп жұбататын әпкеммен сырласып отырғанда анам, – Алтындай-алтындай ұлың бар, қызың бар, әлі-ақ теңелесің.
Қашан теңелетінін, қалай теңелгенін қайдам, әйтеуір оның көрікті келген, кеудесін де өзгелерден көтеріңкілеу ұстайтын күйеуі мұның үстінен тағы бір әйелді ашықтан-ашық алып алды. Алып алғаны сол, бөлек үй етіп қойды. Жаратылысынан өркөкіректеу анасы да ұлына мұның не демеді. Қайта іштей қостайтындай.
Ұл-қызы ер жеткендегі теңелгені осы ма деп ойладым мен бір күні әпкемнің үйіне барып отырып. Анам екен-ау деп сыйлап жатқан ұл-қызды көрмедім. Бәрі адуынды кемпірдің айбарын аңдап, өз аналарына асқақтық танытатын тәрізді. Шешелеріне сәт сайын бұйрық беріп, ысқырынған ене екпіні немерелерге де дем беретіндей, шетінен мәтіби, момын келіннің қолынан бейнетін алу ойларында жоқ. Түңілгендей болып қайттым. Екі-үш жылдан соң түкпірдегі ауылда тұратын әпкемнің үйіне тағы жол түсті. Осыдан жарты жыл бұрын қатты ауырып қалаға алып кеткен оны келді деп естіп барғанмын: Сөйтсем әлі келмеген екен. Тағы да екі аптадай қимылсыз күтім қажет болғандықтан жібермепті. Өйткені операциясы анау-мынау емес, жүрекке жасалған. Өмір бойы іштен тынған, өзін-өзі мүжіп қинала берген жан күйзелісі жүрекке салмақ салса керек. Мен барған күні әпкемнің өзі «Әкесіне ұқсаған көрікті» деп әл қыла алмай отыратын үлкен ұлы алты айдан бері тілсіз жатқан анасымен алғаш рет телефон арқылы сөйлесті. Сөйлесті деймін-ау, сөйлесе алмады. Тұтқанын ар жағынан анасының әлсіз даусын естіген ол: «Мама» деген жалғыз ауыз сөзді айтуға ғана шамасы келіп өкіріп жылап жіберді. Жігіт боп қалған жастың тарғылданған даусынан қорғансыздықтың үні құлағыма кеп, жан-дүнием қалтырады. Осы жерде көзімнің анық жеткені, өзгелер жуас көріп өздерінше қомсына қарайтын аналарының көз алдарында қарайып тірі жүргенінің өзі бұларға үлкен бел екен ғой, әшейіндегі шолжаң еркеліктердің бәрі анасының барында екен. Ананың орнын алмастырар ешкім жоқ екен бұл дүниеде...
Тамағыма кептелген ащы өксікті әрең тежеп, үйден шыға жөнелдім. Санамды сансыз сауалдар жаулап алды: «Перзент үшін анадан қымбат ешкім жоқ. Ешкім. Ендеше соларды дүниеге келтірген жанды өмірлік қосағың ретінде бағаламай-ақ қой, перзенттеріңнің анасы ретінде неге қадірлемейсіңдер, ей, ер азаматтар? Кезінде қолдарыңа қондырған бақ құстарыңның басын қор еткендерің жөн емес қой. Неге ғана ақ құстарыңды алақанға сап аяламайсыңдар? Әбден көңіліне қаяу түсіріп, жанына жара сап, денсаулығынан айырылғанда барып ақылың кіріп қадірін түсінгеннің не қажеті бар? Білесіздер ме, әйел адам ерінен артық еш нәрсе де талап етпейді. Тіпті адал жар, аяулы ана өз перзенттері үшін көрген бейнетіне де мойымайды. Оларды бақытты ететін бір-ақ нәрсе: жарының өзіне деген адал махаббаты. Артық байлық, сән-салтанат, жылтырақ дүниең де адалдық деп аталар ұлы сезімнің қасында түк емес. Әйел үшін арқадан қаққан қамқор алақан мен көңілге қанат бітірер жылы сөзге тең келер ешнәрсе жоқ қой».
Өз-өзіммен сырласқан осынау ойлармен жан сарайым астаң-кестең болып, үйіме жақындап қалсам да көз жасымды тыя алмадым. Келе сала түскі асқа жуаны көп қосатын тамақ әзірлеуге кіріскенім қандай жақсы болған, жүзіме таңдана жалтақ-жалтақ қараған жарыма да, балаларыма да: «Туу, мына пияздың ащысын-ай», – деп қойып, көзімнің жасын жеңіммен сүрткіштей бердім...

Баян ҮСЕЙІНОВА.
29 мамыр 2018 ж. 1 289 0