№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өнімділікті арттыру мәселелері талқыланды

Өнімділікті арттыру мәселелері талқыланды


ІV Малшылар слеті аясында өткен «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары» атты семинарға Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облысының өкілдері қатысты. Ғалымдар мен селекционерлер, шаруашылық төрағалары мен малшылар қатысқан жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов модераторлық етті.
Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған малшылар слетінің маңыздылығына тоқталған модератор облыста аграрлық секторды дамытудың мүмкіндігі мол екендігін тілге тиек етті.
– Малшылар слетінің негізгі мақсаты – төрт түлікпен шұғылданатын шаруалардың мүмкіндіктерін арттырып, салаға жаңа заманауи озық технологияларды енгізу, майда шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру арқылы ірі өңдеу кәсіпорындарын қалыптастырып, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру. Бүгінде Қазақстанның табиғи өніміне шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Мәселен, өткен жылы біздің облыстан Иран, Біріккен Араб Әмірліктері мен Моңғолияға қозы экспортталды, – деді Серік Салауатұлы.
Одан әрі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Стратегиялық жоспарлау және талдау» департаментінің директоры Ермек Абуов «Мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған» бағдарламасымен таныстырды.
– Біздің елде ет өндіру саласын экспорттаудың әлеуеті кең. Оған кең жайылым алқаптары мен суармалы жерлердің көптігінің септігі мол. Елдегі жайылымдардың жер көлемі 180 млн. гектар. Біз әлем бойынша жайылым жер көлемінен 5-орындамыз. 110 млн. га жайылым алқабы жер асты және жер үсті су көздерімен қамтылған. Ал, 2 млн. гектар жер алқабын суландыруға су көздері бар, – деді Ермек Ерғазыұлы.
Оның айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру жаңа мал өсіруші фермерлер класын құруға мүмкіндік береді. Бағдарлама фермерлік шаруашылықтар санының 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуін, ауыл тұрғындарын 100 мыңнан 600 мыңға дейін жұмыс орнымен қамтамасыз етуді, ірі қара мал санының 7 миллионнан 15 миллионға дейін өсуін, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,1 млн. тоннаға дейін өсіруді, экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд. АҚШ долларына жеткізуді қамтамасыз етеді.
Фермерлік шаруашылықтар осы бағдарламада негізгі өндіріс моделі болып табылады. Олар өткізу, оқыту және ветеринариялық қызмет көрсету бойынша бірге жұмыс атқарады. Жер және несие беру ең жақсы фермерлерді іріктеу негізінде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, асыл тұқымды малдардың генетикасын қолдана отырып, мал тұқымын жақсарту – бағдарламаның негізгі шарты. Азық өндіру, оның ішінде суармалы жерлерге бордақылау алаңдарын шоғырландыру көзделеді.
Бағдарлама аясында фермерлік шаруашылықтарды қаржыландыру, оларға несие беру жолдары мен оны қайтару бағыттары, несиенің қанша жылға берілетіні, бордақылау алаңдарының жұмыс сапасын арттырып, оларды экспорттау үшін жасалатын жағдай баяндалған.
Сондай-ақ, аудан әкімі Ғалым Әміреев Жаңақорғандағы мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқталды. Бүгінде ауданда мүйізді ірі қараны асылдандыратын 7, қой бағытында 10 және асыл тұқымды жылқыны көбейтетін 2 шаруашылық жұмыс жасауда. Яғни, асыл тұқымды мал шаруашылығына басымдық берілді.
Республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы «Асыл түлік» АҚ-ның төрағасы Анас Баққожаев мал шаруашылығының қазіргі жағдайы мен болжамын жасап, бүгінгі Қазақстандағы төрт түліктің өсірілу жағдайын Германияның шаруашылығымен салыстырмалы сабақтады. Оның сөзінше, бізге қарағанда Германияда мал шаруашылығына жұмсалатын шығын екі есе аз, дегенмен, өнімділік жоғары. Мысалы, бізде ірі қара мал басына шамамен 300 мың теңге жұмсалса, Германиядағы бұл көрсеткіш 35 мың теңге.
Кеңесте «Қалмақ тұқымы» республикалық палатасының директоры Думан Нағышбекұлы мүйізді ірі қара малының қалмақ тұқымын өсірудің ерекшеліктері мен осы тұқымның төзімділігіне тоқталса, академик, Халықаралық Қаракөл қойын өсірушілер ассоциациясының президенті Хисметолла Үкібаев қаракөл шаруашылығын Қызылорда облысында дамыту жайын сөз етті. Ал, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Рая Мықтыбаева түйе сүтінен отандық ашытқылар негізінде пробиотикалық өнімдерді өндірудің пайдасын тілге тиек етті.
«Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның жобаларды іске асыру департаментінің директоры Әнуар Абыханов облыста мал шаруашылығын дамытудың кластерлік жобаларын құру туралы баяндап, ауылшаруашылығы саласын өркендету жолында корпорацияның қаржылай демеу беруге дайын екенін айтты.
Айта кететіні, Атырау облысынан арнайы келген жүн өндіретін «Каспий Лана Атырау» ЖШС-нің құрылтайшысы Әлімжан Балжігітов ауданнан үлкен көлемде қой және түйе жүнін қабылдайтынын айтты. Престеліп жиналған қой жүнінің бір келісін 50 теңгеден, ал, түйе жүнінің келісін 400-500 теңгеден өздері келіп алып кететінін жеткізді.
Қорыта айтқанда, семинарға қатысушылар өнімділікті арттыру жолы – ғылымға негізделген жұмыста екеніне тоқталды...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
15 мамыр 2018 ж. 1 143 0