№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАЛ ӨСІРСЕҢ – ҚОЙ ӨСІР, ӨНІМІ ОНЫҢ КӨЛ-КӨСІР

МАЛ ӨСІРСЕҢ – ҚОЙ ӨСІР, ӨНІМІ ОНЫҢ КӨЛ-КӨСІР

МАЛ ӨСІРСЕҢ –
ҚОЙ ӨСІР,
ӨНІМІ ОНЫҢ
КӨЛ-КӨСІР
Коронавирус басталғалы қарым-қатынастар шектеліп, экспорт және импортталатын еттің балансы бұзылғандай. Бұл – етті бағасын шарықтатты. Міне, осы тұста кәсіптің күрмеуін шешіп, халыққа да, өзіне де тиімді іспен шұғылданып, мал бордақылауға бет бұрғандар да бар. Соның қатарында Дәулет Тұрсынбаев өзге мал сатушыларға қарағанда арзан бағада қозы, бағлан және қазақы қойды нарыққа шығаруда.
– Сауда сөрелеріндегі ет көлемі қысқарып, халықтың ет өнімдеріне зәрулігі артқанын көріп, «неге өз ауданымызда қой өсіріп, оны бордақылап сатпасқа» деген ниетпен қаражатыма келгенінше қозы сатып алып, осы кәсіпті бастап кеттім, – деді кәсіпкер.
Дәулет Тұрсынбаев сауданы әлеуметтік желі арқылы жарнамалауда. Күніне сансыз қоңырау шалып, құрбандық малын алушылар көбейген. Бір апта ішінде 30 бас қой сатып, орнына қайтадан қозы алып, қорасын кеңейте түсіпті. Дәулет Тұрсынбаев алдағы уақытта кент тұрғындарын етпен қамтамасыз ету үшін кәсібін кеңейтуге ниетті.
– Алдағы жылы мемлекеттен қолдау көретін болсам, арнайы мал сою пунктін іске қосамын. Бұл бір жағынан кент тұрғындарын етпен қамтамасыз ететін болса, бір жағынан 10 адамға жұмыс көзі болар еді, – деді ол.
Айта кетерлігі, Дәулеттің қорасындағы шағын кәсіп бағасы жағынан кенттегі ең арзан. Ерте көктемде туылған қозыларды 25 000 теңгеге бағаланса, дәл осындай марқалар өзге мал бордақылаушыларда 35 000 теңге үстінде саудалануда. Сауда бар жерде – сапа бар. Дәулетке келушілердің көбі дертке ем іздеушілер. Жағдайын айтып, сауданы біршама түсіріп, арзандатып алушыларға да кеңпейілділік танытуын адамгершілікке баладық.
Бір жаздың өзінде 50-ге тарта уақ малды қоңды етіп, халыққа қолайлы бағада ұсынып, істің көзін тапқан оған көпшілік риза.
– Оның facebook-тегі аккаунтынан хабарландыруды оқып, мекенжайына бардым. Марқа қозының саудасы 25 мың теңгеге келді. Таза еті 18 келі шықты, – деді кент тұрғыны Фатима Айымбетова.
Жаңақорған ауданы мал шаруашылығы, оның ішінде, қой өсіру бойынша облыста көш бастайды. Дегенмен уақ мал өнімін өңдеп, ұқсату ісі жөнге қойылған деуге әлі ертерек. Біздің мал шаруашылығына қатысты баға Түркістанның мал
нарығына тәуелді екені тағы бар.Яғни Яссыдағы мал базарындағы саудаға байланысты біздің ауданның ет өнімдері құбылатынын ел жақсы біледі.
Атакәсіптен нәсібесін тапқан Дәулет тұтынушыларына қолжетімді бағада қызмет етіп, кәсібін кеңейтуді ойластырып отыр. Енді белін бекем буған азаматты жергілікті билік қайтарымсыз грантпен қолдап, несие алуына қол ұшын берсе, ет өнімдерін өндеуге жол ашылар ма еді?
– «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөздің тәлімін ұғынсақ, қой шаруашылығы – табысты бизнес түрі. Бізде қойдың етін бөлшектеп, оны пакеттеп сату жағы әлі кемшің. Істі кеңейтіп, қойдың етін бөлшектеп сататын цех ашуды ойлап жүрмін. Біле білген адамға, қойдың жүні мен етінен бөлек, тұяғынан да өнім өндіруге болады, – дейді кейіпкеріміз.
Біз не дейміз? Әрине, мұратына жетуге тілектеспіз!
Мақпал МАРҚАБАЙ
08 шілде 2020 ж. 700 0