№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстаздық еткен жалықпас

Ұстаздық еткен жалықпас

Келешек ұрпақтың өмір жолында баспалдақ болатын тұлға – ұстаз. Егер біздер қандай да бір ерен еңбектің бастауында жүрсек, ол да білікті мұғалімнің төккен терінің арқасы. Алдындағы шәкіртіне білім мен тәрбие беріп, ұстаз деген ұлы есімді арқалап жүрген осындай жанның бірі, саналы ғұмырының 37 жылын елдің ағарту саласына арнаған ардагер ұстаз – Гүлзира Беркімбаева. Ұстаздық етуді ұлы іс санаған кейіпкеріміз білім саласында аянбай еңбек етіп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты ана. Гүлзира апайдың шеберлігі мен сауаттылығын шәкірттері мен әріптестері әлі күнге әңгімеге арқау етіп, әдемі естеліктермен бөлісіп отырады.

– Жауапкершілігі мол, тынымсыз еңбекті талап ететін мұғалімдікті жүрек қалауым­мен таңдадым. 1975 жылы Жаңақорған ауданында орналасқан №169 орыс мекте­бін тәмамдап, арман қуып Қызылорда қала­сына келіп, Н.В.Гоголь атындағы институт­қа орыс тілі және әдебиеті маманды­ғы бойынша оқуға түстім. 1981 жылы ин­ститутты үздік тәмамдап, сол жылдың қыркүйек айында №3 мектеп интернатқа өз мамандығыммен жұмысқа орналастым. Ұжымдағы әріптестердің бір-бірімен ын­тымақтастығы мен ата-аналармен қоян-қолтық қарым-қатынасы оң нәтиже беріп, білім саласында жоғарғы көрсеткіштерді көрсете бастады. Қызмет еткен ұжымыма да, тәлім берген шәкірттеріме де алғысым шексіз, – деді ұстаз.
Өмірінің 37 жылдан астамын мұғалімдікке арнаған кейіпкерімізді әріптестері білікті, білімді, тәжірибелі ұстаз ретінде де жақсы біледі. «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демей ме халық даналығы. Дәл осы қанатты сөз еңбегінің арқасында өрге шығып, абыройы асқақтап жүрген ардақты ұстазға арналғандай. Ол мектеп партасына келіп отырған талай баланың арманына қанат бітірді. Келешегі үшін керек білім нәрімен сусындатты. Соның дәлелі болар, қазіргі күні оның шәкірттері Қазақстанның түрлі аймағында еңбек етіп, ұстазы жақсының ұстамы жақсы екенін дәлелдеп келеді.
– Баланың өз әлемі болады. Сол әлемге баламен бірге ене білу керек. Ең бастысы, алдыңда отырған баланы өз балаңдай жақсы көре білу қажет. Бүгінгі жастар үшін қатты қуанамын. Бүкіл кітап қолжетімді. Қайда білім алғың келсе де мүмкіндік бар. Ерінбей еңбектенсең болғаны, – деп ерекше ықыласын жеткізді.
Иә, жүрегі ұрпақ деп соққан ұлағатты ұстаз ұзақ жылдар бойы сол интернатта өзінің тәжірибесімен біліктілігін, білімін оқушы бойына дарытып, өмірін балаға білім беру жолына арнап, бес жыл комсомол ұйымын басқарған. 2016 жылы 31 тамыз­да абыроймен зейнетке шыққан. Қазіргі таңда ауданымызда орналасқан "Озат" оқу орталығында орыс тілі пәнінен сабақ беріп, 37 жылдық тәжірибесімен бөлісіп, оқушыларға сапалы білім ұсынуда. Гүлзи­ра Жұманазарқызының еңбек жолында қаншама шәкірттері аудандық облыстық бірнеше олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Осы ретте, “Озат” оқу орталығының директоры Айдана Нұртаеваның ойы орамды.
– Біз ұлағатты ұстаз Гүлзира Жұмана­зар­қызына қолқа салып, балаларға өз тәжірбиесімен бөлісіп білім беруін өтіндік. Орталықта қаншама бала апайдан бі­лім алып, білім көкжиегін кеңейтуде. Қан­шама шәкірттері үлкен додаларда топ жарып, ауданның намысын қорғап, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Біз осындай ұстазымызбен мақтанамыз, – дейді.
Оқушыларының жеткен жетістігі мен бағындырған белесін қазынасына балап, олардың өмірден өз орнын тапқанына жас баладай қуанатын ардагердің білім саласында жеткен жетістіктері бір төбе. Ұстаздың қырық жылға жуық ағарту саласында атқарған тынымсыз еңбегі мен үздіксіз ізденісі ескеріліп, облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ комитетінің, аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталған.

P.S.: «Жақсымен өткізген жарты са­ғат, жаманның жүріп өткен ғұмырындай» демекші, ауылдың алғысына бөленіп отырған ардагер ұстазбен әңгімелесіп отырып, уақыттың қалай өткенін аңғар­май да қалыппын. Самайына ақ кіргенше ұстаздық етуден жалықпаған абыройлы ұстазға көкірегіңізді қайғы-мұң шалмай, ұзағынан өмір сүріңіз деген ақжарма тілегімізді білдіріп, қош айтыстық.

Әсел РЗАЕВА
15 сәуір 2024 ж. 369 0